19.09.2024, 17:15
Оқылды: 135

«Қауiпсiздiк – басты мәселе»: БҚО-да жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 52 адам көз жұмған

Әлемде көлік құралдарының өндірісі жыл сайын артып келеді. Көлікті техникалық байқаудан өткізу қажеттілігі жол қозғалысы қауіпсіздігімен және қоршаған ортаға шығаратын көмірқышқыл газының реттелуімен байланысты. Техникалық байқауды адал әрі барлық талапқа сай өткізу қажет. Ал ақаулы көліктер жолға шықпауы тиіс.

B2C0C31F-76A7-4B48-AB28-07A4950CE22D

Сурет: freepik.com

Мәселен, Кореяда «Көлік құралдарын басқару туралы» заңға сәйкес көлік құралдарын техникалық тексеруді аккредиттелген техникалық байқау компаниялары жүргізеді (Authorized Test Facilities). Кореяның Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі өз қаулысына сәйкес техникалық тексеру стансаларының қызметін реттейді.

Техникалық қызмет көрсету (ТҚК) стансасы көлік құралына тексеру жүргізбей жалған тексеру парағын жасаған. Кейін тексерудің тіркелген нәтижесі алаяқтық жолмен тіркелгені анықталған. ТҚК заңға сәйкес көрсетілген ТҚК стансаларының объектілерінен басқа жерде өткізілген, стансаның заң ережелерінде көрсетілген объектілерді, жабдықтарды және т.б. белгілеу стандарттарына сәйкес келмеген жағдайда заң ережесінде көзделгендей, тексеру кезінде жүргізушінің біліктілігі сәйкес келмесе реттеуші рұқсат беру құжатын кері қайтарып алуға құқылы.

Ал Францияда жол қозғалысы қағидаларына сәйкес көлік құралдарын техникалық байқауды арнайы рұқсаты бар орталықтар жүзеге асырады. Орталықтар тиісті сертификаттау рәсімінен өткеннен кейін рұқсат алады. Ол елде техникалық құжат бергісі келген орталықтар міндетті түрде қажетті құралдармен және осы тексерулерге қатысты деректерді жинауға және осы деректерді белгіленген мерзім ішінде беруге мүмкіндік беретін техникамен қамтамасыз етілуі керек. Автокөліктерді немесе мотоциклдерді қызметкер қаражатына жөндеуге, сондай-ақ сатуға тыйым салынады.

Жоғарыда аталған талаптар бұзылған жағдайда 1 500 еуроға дейін айыппұл салынады. Егер заңды қайта бұзса, айыппұл көлемі екі есе өседі. Уәкілетті ұйымдар жыл сайынғы сапа тексерулері мен техникалық аудиттерді және әкімшілік пен техникалық бақылау желілері тарапынан тұрақты қадағалау жүргізеді (Dekra, Securitest, Auto Securite, Autovision и Autosur).

Ал Испанияда техникалық қызмет көрсету орталықтарының қызметін реттейтін Король Жарлығына (бұдан әрі – Корольдік Жарлық) сәйкес ТҚК аутомобильдерін тиісті аккредитация алған орталықтар (ITV стансалары) жүргізеді. ITV стансаларына құзіретті орган лицензия беруі керек. Лицензия алу үшін ITV стансалары Корольдік Жарлықта белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді. Техникалық байқау стансасының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, лицензия қайтарып алынуы мүмкін.

Ал біздің елде ше? Биыл еліміздегі жол қауіпсіздігі мәселесі қаралған Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов қажет болған жағдайда жүргізушілерді даярлау және жүргізуші куәліктерін алу тәсілдерін қайта қарау, көліктердің техникалық жағдайын тексеретін орталықтарды бақылау керек екеніне тоқталды.

– Автокөліктің техникалық жай-күйі жол қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Жыл сайын еліміздегі автопарк өсіп келеді. Ал аутокөліктерді техникалық тексеру сапасыз жүргізіледі. Техникалық қызмет көрсету орталықтары бас пайдасын ғана ойлап жұмыс істейді. Жол үстіндегі қауіпсіздік және адамдардың өмірін сақтау мәселесі жеке тұлғалардың мүддесінен биік тұруға тиіс. ҚР Көлік министрлігіне көлік құралдарына техникалық тексеру жүргізу сапасын тиімді бақылау тетігін әзірлеуді тапсырамын, – деді премьер-министр.

Енді биылдан бастап 2016 жылы зауыттан шыққан көліктер техникалық байқаудан өтуге міндетті. Ал ескі аутокөліктерді жыл сайын тексеру қажет. Такси қызметінде жүрген немесе адам тасымалымен айналысатындар 6 айда 1 рет көлігін тексеріп тұруы керек. Техникалық байқаудан өту құжаты полиция қызметкеріне көрсету үшін ғана емес, ең әуелі жүргізуші мен жолаушы қауіпсіздігі үшін қажет.

Егер техникалық байқаудан өткен соң көлікте ақауы бары анықталса, оны реттеуге 10 күн уақыт беріледі. Осы уақыт аралығында көлік иесі ақауды жөндеп, қайта тексертуге тиіс. Осыдан кейін ғана көлікке жолға шығуға болады деген рұқсат қағазы беріледі. Жалпы байқауға келген көлік 60-тан астам пункт бойынша тексеріледі.

Сонымен қатар көліктің қауіпсіздік талаптарына да сәйкестігі туралы куәліктерді тексеру және газ баллонды жабдыққа мерзімді сынақтар, міндетті техникалық байқау жүргізу кезінде диагностикалық картаға аутомобильге орнатылған газ баллонының сериялық нөмірін енгізу қамтылған.

Көлікті техникалық тексерістен өткізген кезде ең алдымен техбекеттер қай бөлшекке назар аударады? Қалай тексереді? Соны білмек оймен Орал қаласындағы техникалық қадағалау орталығына бардық. Көлігімді көрген Виталий есімді жігіт: «Аға, көлігіңе тексеріс қажет емес қой», – деді.

Виталийдің айтуынша, техникалық тексеру кезінде ең алдымен тежегіш пен рөл және алдыңғы, артқы терезелер мұқият қаралады екен.

– Шамдардың да жұмыс істеуін қадағалаймыз. Дөңгелектер мен шиналардың сапасына мұқият назар аударамыз. Қауіпсіздік белдіктері, спидометр, алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған қобдиша, өрт сөндіргіш және басқа да қажетті заттар тексеріледі, – деді Виталий.

Көлікті техникалық байқаудан өткізуге қажетті жоғарыда көрсетілген өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Десе де елімізде техникалық паспортсыз жүрген және арнайы тексерістен өткізілмеген көліктің көбейгені туралы ақпарат тарады. Ондай фактілердің жиілеп кетуін көлік құралдарының, жалпы аутопарктің ескіруімен де түсіндіруге болады.

Оның үстіне Ресейден келген 2018-2019 және одан кейінгі жылдары шыққан көліктер заң бойынша техникалық тексерістен өтуге тиісті емес. Бірақ олардың жағдайы алаңдатады. Қалай болғанда да, елдің қауіпсіздігі үшін көліктердің техникалық байқауын уақтылы өткізіп тұрған абзал. Біздің облыста жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзғандар бар ма? Өңір шопырлары көлігінің техникалық жағдайына қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын білмек оймен облыстық полиция департаменті, әкімшілік полиция басқармасы және жергілікті полиция қызметі басқармасына арнайы сұрау салдық.

Сауалымызға жауап берген полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Болатбек Ақшауовтың айтуынша, облыс аумағында техникалық паспорттары бар 182 766 көлік құралы тіркелген. Арнайы жүргізілген рейдтер кезінде көлік жүргізушілеріне қатысты 500-ден астам әкімшілік хаттама толтырылып, соның ішінде көлігін техникалық байқаудан өткізбегені үшін 172 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылған.

Болатбек Ысқақұлы көлік құралын жалған құжаттармен басқарғандарды ҚР ҚК 385-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделгенін атап өтті. Сондай-ақ елімізге алыс-жақын көрші елдерден әкелінген ескі көліктердің техникалық жағдайын тексеру үшін арнайы рейдтік іс-шараларды БҚО ПД патрульдік полициясы саптық бөлімшелерінің жеке құрамы үнемі жүргізетінін жеткізді.

– Техникалық паспортсыз көлік құралын басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілік көзделген. Соңғы 6 айда шет мемлекеттерде тіркелген көлік құралдарын тізгіндеген 1718 жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды, – деді Болатбек Ақшауов.

Елімізде жол-көлік оқиғалары азаймай тұр. Көбіне апат жүргізушілердің қауіпсіздік ережелерін сақтамауы салдарынан не болмаса қарсы бетке шығып кетуінен орын алып жататынын ақпарат көздерінен көріп, біліп жүрміз. Десе де кейбір апаттың көлікті уақтылы тексермеу салдарынан да болатыны жасырын емес.

Жыл басынан күні бүгінге дейін облыс аумағында 587 ЖКО тіркеліп, соның кесірінен 52 адам көз жұмса, 576 адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Жол-көлік оқиғаларының қанша пайызы көлік құралының техникалық ақаулығы себебінен болғаны туралы ақпарат полицияда болмады. Алайда көліктің ақаусыз болғаны да қауіп бұлтын сейілтетінін ұмытпайық!

– Апаттық жағдайды төмендету мақсатында жыл басынан «Қауіпсіз жол», «Құқықтық тәртіп», «Тасымалдаушы», «Автобус», «Жаяу жүргінші», «Мас жүргізуші-қылмыскер» атты бірқатар жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілді. Мұндай профилактикалық шаралар жалғаса береді, – деді Болатбек Ақшауов.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале