Өңірде балалардың қауіпсіз әрісапалы жазғы демалысын қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыс жүргізілуде. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Мирболат Нұржанов, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудепартаменті басшысының орынбасары Гүлдана Кереева мен облыстықполиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Әлішер Өтегенов брифингте айтты.

Биыл балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 402,9 млн теңге қарастырылды. Жаз мезгілінде өңірдегі 1-10-сыныптарда білім алатын 114 мыңнан астам оқушыны қамту жоспарланып отыр. Бұл – балалардың жалпы санының 96 пайызы.
– Облыста барлығы 532 лагерь жұмысын бастайды. Оның ішінде қала сыртындағы 16, мектеп жанындағы 509 және жеті шатырлы лагерь бар. Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында сауықтыру және бос уақыт орталықтары да жұмысын жалғастырады. Облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы 10 маусым мен 18 тамыз аралығында «Еуразия» туристік кешені мен «Самал» туристік лагерінде жазғы демалыс аясында іс-шара ұйымдастырады. Бағдарламада алты профильдік ауысым бар. Балаларға туристік машықтарды үйрету бағытында жаяу жорықтар, танымдық экскурсиялар, зияткерлік және спорттық жарыстар, сондай-ақ жүзу сабақтары мен мәдени ойын-сауық кештері өткізілмек. Демалушылар бес мезгіл тамақпен қамтылып, медициналық және психологиялық бақылаудан өтеді. Бұдан бөлек, мектептен тыс жұмыс орталықтары мен олардың филиалдары да түрлі үйірме мен спорттық секциялар ұйымдастырып, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасайды, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Мирболат Нұржанов.
Қазіргі таңда өңірде аудандық және қалалық штабтар бекітіліп, барлық жазғы демалыс нысанының санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға, өрт қауіпсіздігі мен терроризмге қарсы қорғаныс нормаларына сәйкес жабдықталуын қамтамасыз ету бағытында іс-шаралар атқарылуда. Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Кереева баяндады.
– Негізгі мақсат – балалардың қауіпсіз әрі сапалы демалысын ұйымдастыру, жұқпалы аурулар мен тамақтан уланудың алдын алу және санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету. Сауықтыру маусымы басталарда балалар демалысын ұйымдастыратын барлық заңды және жеке тұлға санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуы тиіс. Тиісті қорытындысыз лагерьлердің қызметіне рұқсат берілмейді. Ауыз су сапасы, бассейндер мен жағажайлардағы су, топырақ пен құм арнайы зертханалық тексеруден өткізіледі. Бұл зерттеулер тек аккредиттелген зертханаларда жүргізіледі.
Балалардың денсаулығын бақылау мақсатында әр лагерьде медициналық қызмет ұйымдастырылады. Ал лагерь қызметкерлері міндетті түрде медициналық тексеруден өтіп, арнайы гигиеналық оқудан өтуі тиіс. Жазғы маусымға орай балаларды дұрыс тамақтандыру мақсатында арнайы екі үлгілік ас мәзірі әзірленген. Лагерьлерде тамақ өнімдерінің сапасы, сақтау мерзімі мен ас блоктарының санитариялық жағдайы тұрақты бақылауда болады, – деді Гүлдана Қайыржанқызы.
Жазғы демалыста кәмелетке толмағандар көшелерде, көпшілік демалыс орында, су айдындары маңында көбірек уақыт өткізеді. Осыған байланысты полиция департаменті құқықбұзушылықтың, жазатайым оқиғалардың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін профилактикалық және ұйымдастыру іс-шараларын жүргізуде, – деді спикер өз сөзінде.
– Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында лагерьлерде жұмыс істейтін 517 қызметкердің соттылығы міндетті түрде тексерілген. Сонымен қатар барлық демалыс орнында қоғамдық тәртіпті сақтау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету іс-шаралары күшейтіледі. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, түлектер жиналатын орындарда патрульдік бақылауды күшейтеміз. Сондай-ақ жол-көлік оқиғалары мен өзге де төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар қабылданады, – деді аға инспектор, полиция майоры Әлішер Өтегенов.
Гүлфия Қолғанатова,
«Орал өңірі»