13.12.2022, 16:00
Оқылды: 63

Қазақ балетінің аңызы Болат Аюханов дүниеден өтті

Қазақ балетінің аңызы, Қазақстанның халық артисі, балетмейстер, педагог Болат Аюханов 84 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

4

Қаралы хабарды мемлекеттік академиялық би театрының баспасөз қызметі ақпаратты растады.Болат Ғазизұлы Аюханов 1938 жылы Семейде дүниеге келді. Соғыстан кейінгі жылдары отбасы Алматыға көшіп келді де, 1955 жылы Аюханов Алматы хореография училищесін бітірді. Одан кейін екі жыл Ленинград хореография училищесінде тәжірибеден өтті.
Ол еңбек жолын 1957 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балет артисі болып бастады. Ал 1959-1964 жылдары А.В. Луначарский атындағы Мәскеу мемлекеттік театр өнер институтының хореография бөлімінде білім алды.
Алматыға қайтып келісімен 26 жасында Алматы хореография мектебін басқарады. Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында хореограф болып жұмыс істеп жүріп, ол жетекші балерина Инесса Манскаямен бірге өздері ұйымдастырған «Екі актер театрында» өнер көрсетті.
Балетмейстер 1965 жылдан 2010 жылға дейін Қазақстан композиторларының музыкасына 30-дан астам театр қойылымын қойған. Оның қойылымдарын Еуропа, Азия, Солтүстік Америка жұрты да тамашалады.
Артистің «Қыз Жібек», «Гамлет», «Кармен-сюита», «Шыңғысхан», «Болеро», «Қазақ сувенирі», «Батырлар» және басқа да қойылымдары — қазақ балетінің алтын қорына енген спектакльдер.
Болат Аюханов Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстанның «Платиналы Тарлан» тәуелсіз отбасылық клубының марапатының, «Фомгед» Халықаралық би фестивалінің (Түркия) алтын медалінің, сонымен қатар мәдениет және өнер саласындағы халықаралық Сократ сыйлығының иегері.
Болат Аюхановпен қоштасу рәсімі 15 желтоқсанда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтеді.

Фото: wikipedia.org

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале