ҚР Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлағандай, Италияның Терамо қаласында гандболдан өткен беделді Interamnia World Cup 2026 халықаралық турнирі мәресіне жетіп, Қазақстан ерлер құрамасы бас жүлдені жеңіп алды. Отандастарымыз жарыс барысында тамаша ойын өрнегін көрсетіп, қарсылас шақ келтірмеді.

Фото: kazsports.kz
Турнирдің топтық кезеңінде қазақстандық гандболшылар бес кездесу өткізіп, барлығында айқын басымдықпен жеңіске жетті. Мергендеріміз Польшаны 29:14, Бельгияны 28:21, Оңтүстік Африка Республикасын 27:11, Италияны 24:11 және Ливияны 20:17 есебімен тізе бүктірді. Жартылай финалда жерлестеріміз алаң қожайындары италиялықтармен қайта кездесіп, бұл жолы да 23:13 есебімен сенімді жеңіске жетті. Ал шешуші финалдық бәсекеде Ливия командасынан 28:23 есебімен үстем түсіп, турнирдің чемпионы атанды.