4.11.2026, 12:30
Оқылды: 9

Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап қалды: еліміздің үш жетекші университеті Азияның үздік 100 жоғары оқу орнының қатарына енді

QS Quacquarelli Symonds халықаралық талдау агенттігі Азияның үздік университеттерінің QS Asia University Rankings 2027 рейтингін жариялады. Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көшбасшылық орнын сақтап, үш университеті рейтингтің алғашқы жүздігіне енген өңірдегі жалғыз мемлекет атанды. Биылғы рейтингке еліміздің 51 жоғары оқу орны енгізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жеті университетке артық. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жазды. 

ad59397af2f4de9f10a8997ac53462b0c4e79addfc366932c3b8563fe5173cea_1280x720

Сурет: gov.kz

QS Asia University Rankings 2027 рейтингіне Азияның 26 елі мен аумағынан 1722 университет енді. Рейтингке енгізілген жоғары оқу орындарының саны бойынша Қазақстан Азияда 10-орынға тұрақтады. Соңғы үш жылда рейтингке қатысқан қазақстандық университеттердің саны 34-тен 51-ге дейін артты. Оның ішінде жеті жоғары оқу орны рейтингке алғаш рет енді.

Азияның үздік 100 университетінің қатарына Қазақстанның үш жоғары оқу орны кірді:

✔ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – 46-орын;

✔ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – 62-орын;

✔ Satbayev University – 89-орын.

Қазақстандық жоғары оқу орындары арасында рейтингтегі орнын айтарлықтай жақсартқан университеттердің бірі – NU. Университет 62 сатыға көтеріліп, 139-орынға ие болды. Осылайша, рейтингке екінші жыл қатарынан қатысып отырған оқу орны Азияның үздік 200 университетінің қатарына енді. Сондай-ақ Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті өз көрсеткішін 64 сатыға жақсартып, 618-орынға көтерілді.

Қазақстандық университеттер білім беру ортасының сапасы, академиялық ұтқырлық және халықаралық ынтымақтастық көрсеткіштері бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Рейтингтің 11 индикаторының жетеуі бойынша отандық жоғары оқу орындарының орташа көрсеткіштері Азия университеттерінің орташа деңгейінен жоғары болды.

Атап айтқанда, академиялық алмасу бағдарламалары аясында шетелге шығатын студенттердің үлесі бойынша Қазақстанның орташа көрсеткіші 58,8 балды құрады. Ал Азия бойынша бұл көрсеткіш 22,6 балға тең. Оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы бойынша отандық университеттер орта есеппен 52 балл жинаса, Азиядағы орташа көрсеткіш 34,6 балды құрады. Жұмыс берушілер арасындағы бедел көрсеткіші бойынша қазақстандық жоғары оқу орындары 38,8 балға қол жеткізіп, Азиядағы орташа деңгейден (24,9 балл) жоғары нәтиже көрсетті.

Еліміздің жетекші университеттері жекелеген индикаторлар бойынша да жоғары орындарға ие болды. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы және академиялық алмасу бағдарламалары бойынша шетелге шығатын студенттердің үлесі жөнінен Азияда 12-орынға тұрақтады. Ал академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті соңғы көрсеткіш бойынша 29-орыннан 18-орынға көтерілді.

Өз кезегінде NU халықаралық ғылыми ынтымақтастық индексі бойынша 24-орынға, ал шетелдік оқытушылардың үлесі бойынша 26-орынға ие болды. Шетелдік оқытушылардың үлесі жөнінен Satbayev University 34-орынға тұрақтаса, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 52-орыннан 40-орынға көтерілді.

Қазақстандық университеттердің басқа да маңызды жетістіктері:

✔ 10 жоғары оқу орны оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы бойынша Азияның үздік 100 университетінің қатарына енді;

✔ 6 университет академиялық алмасу бағдарламалары бойынша шетелге шығатын студенттердің үлесі жөнінен алғашқы жүздікке кірді;

✔ 7 жоғары оқу орны шетелдік оқытушылардың үлесі бойынша үздік 100 университеттің қатарынан орын алды;

✔ Қазақстандық университеттердің 48%-ы шетелдік оқытушылардың үлесі бойынша көрсеткіштерін жақсартты;

✔ Жоғары оқу орындарының 39%-ы оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы бойынша нәтижелерін арттырды.

Халықаралық академиялық ынтымақтастықтың кеңеюі, соның ішінде Қазақстанда шетелдік университеттердің 30-дан астам филиалының ашылуы білім беру бағдарламаларын дамытуға, академиялық ұтқырлықты арттыруға және отандық жоғары оқу орындарының халықаралық байланыстарын нығайтуға қосымша мүмкіндіктер туғызуда.

Рейтинг нәтижелеріне пікір білдірген QS Quacquarelli Symonds агенттігінің аға вице-президенті Бен Саутер Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші орнын сақтап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, NU университетінің Азиядағы үздік 200 жоғары оқу орнының қатарына енуі ғылыми зерттеулерді қолдау мен жоғары білім беруді интернационалдандырудың маңызын көрсетеді. Сонымен бірге ғылымды қаржыландыру көлемін ұлғайтумен қатар, ғылыми зерттеулердің халықаралық ықпалын арттыру негізгі міндеттердің бірі болып қала береді.

QS Quacquarelli Symonds агенттігінің өңірлік директоры Сергей Христолюбов та Қазақстанның халықаралық рейтингтегі өкілдігі кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, QS Asia University Rankings 2027 рейтингіне еліміздің 19 қаласынан 51 университет енген. Бұл нәтиже Алматы мен Астананың әлемдегі үздік студенттік қалалардың QS Best Student Cities 2027 рейтингіндегі орындарының жақсаруымен қатар, Қазақстанның өңірлік білім беру орталығы ретіндегі халықаралық танымалдығының артып келе жатқанын көрсетеді.

QS Asia University Rankings – QS Quacquarelli Symonds агенттігі әзірлейтін Азия университеттерінің халықаралық рейтингі. Жоғары оқу орындары академиялық беделі, түлектерінің жұмыс берушілер арасындағы сұранысы, білім беру ортасының сапасы, ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелілігі, халықаралық ынтымақтастық және академиялық ұтқырлық деңгейін қамтитын 11 индикатор бойынша бағаланады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале