19.11.2026, 16:45
Оқылды: 5

Қазақстанда 41 мың шақырымнан астам жол туралы дерек бірыңғай цифрлық платформаға енгізілді

Қазақстанда автомобиль жолдарының жай-күйі мен сапасына қатысты мәліметтерді бір жүйеге біріктіретін E-Joldar бірыңғай цифрлық платформасы әзірленіп жатыр.

Site-10-1.jpg

Қазіргі уақытта жүйеге республикалық маңызы бар 41 мың шақырымнан астам автомобиль жолы туралы деректер енгізілген.

Жоба жол инфрақұрылымы жөніндегі ақпараттың бірыңғай базасын қалыптастыруға, құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауға, сондай-ақ саладағы деректердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
E-Joldar платформасының негізгі ерекшеліктерінің бірі – әр жолдың және оның жекелеген учаскелерінің цифрлық тарихын қалыптастыру. Жүйеде жолдардың негізгі сипаттамалары, жүргізілген құрылыс және жөндеу жұмыстары, мердігер ұйымдар, пайдаланылған материалдар, зертханалық сынақтардың нәтижелері мен азаматтардың өтініштері туралы мәліметтер жинақталады.
Бұл белгілі бір учаскеде қандай жұмыстар жүргізілгенін, құрылыс кезінде қандай материалдар пайдаланылғанын және олардың сапасы зертханалық сынақтар арқылы қаншалықты расталғанын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар орындалған жұмыстар барысында анықталған кемшіліктер туралы ақпаратты да жүйелі түрде қадағалауға жағдай жасайды.
Бірыңғай ақпараттық базаны қалыптастыру үшін платформа жол саласында қолданылатын бірқатар цифрлық шешімдермен интеграцияланады.

Атап айтқанда, KazRoadLab зертханалық сынақтар мен материалдардың сапасына қатысты ақпаратты қамтыса, RoadIQ жолдардың жағдайын талдау және жөндеуді қажет ететін учаскелерді анықтау бағытында қолданылады. Ал жол бойындағы сервистік нысандар туралы мәліметтерді ұсынады.

Жоба аясында барлығы 12 ақпараттық жүйемен интеграциялау көзделген. Бұл жол саласына қатысты әртүрлі деректерді бір ортаға біріктіріп, оларды өзара салыстыруға және кешенді талдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар E-Joldar платформасын азаматтардың өтініштерін қабылдау мен қараудың e-Otinish жүйесімен интеграциялау жоспарланған. Мұндай мүмкіндік тұрғындардың жолдардың жай-күйіне қатысты өтініштерін нақты учаскелермен байланыстырып, оларды тексеру нәтижелерімен және бұрын жүргізілген жөндеу жұмыстары туралы мәліметтермен салыстыруға жол ашады.

Site-10.jpg
Осылайша, жол сапасын бақылау кезінде техникалық көрсеткіштермен қатар тұрғындардың өтініштері де ескеріледі. Бұл проблемалық учаскелерді анықтау мен тиісті шараларды қабылдау үдерісін жүйелеуге ықпал етеді.

Жалпы, E-Joldar платформасы жол инфрақұрылымын басқаруда деректерге негізделген тәсілді дамытуға бағытталған. Әр жол учаскесінің цифрлық тарихын қалыптастыру құрылыс пен жөндеу жұмыстарының нәтижесін бағалауға, жол жабынының мерзімінен бұрын бұзылу себептерін анықтауға және сапаны бақылау тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

 

"ЖАСҰО" РМК баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале