19.08.2022, 14:45
Оқылды: 187

Қазақстанда Білім беру ұйымдарындағы біртұтас тәрбие беру тұжырымдамасы әзірленеді

Білім беру ұйымдарындағы біртұтас тәрбие беру тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

4

«Қазіргі кезде еңбекке баулудың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы ерекше. Биыл жаңа оқу жылынан бірінші сыныптан бастап Еңбекке баулу пәні қайта енгізілді. Сонымен қатар, алғаш рет мектептерде 7 сыныптан бастап болашақ мамандықты таңдауға бағыттайтын педагог-кәсіптік бағдар беруші маманы енгізіледі. Жоба ретінде мектептер жанында жылыжайлар ашу қолға алынуда. Қазірдің өзінде 7 пайызға жуық мектептерде бұл тәжірибе бар. Білім ұйымдары осы тәжірибені таратуды, балаларды мектеп қабырғасынан бастап еңбекке баулудың басқа да формаларын дамытуды қолға алуы тиіс», - деді Е.Тоғжанов Педагогтердің республикалық тамыз конференциясы.

Оның айтуынша, 100 колледж жанынан студенттердің тәжірибе жинақтауына арналған шағын кәсіпорындар құру іске асырылып жатыр. Колледждерге қамқорлықты жүзеге асыру бойынша 500-ге жуық кәсіпорынмен келісім бекітілді.

«536 колледжге дуалды оқыту форматы енгізілді. Мұның барлығы балаларды еңбекқорлыққа тәрбиелеуге нарыққа қажетті мамандықтарды үйренуіне бағытталған. Асхат Қанатұлы, жалпы балабақша мен мектеп қабырғасында және колледждерде жүргізілетін тәрбие жұмыстарын бір жүйеге келтіру мақсатында Жаңа Қазақстан жастарын қалыптастыруға бағытталған Білім беру ұйымдарындағы біртұтас тәрбие беру тұжырымдамасын әзірлеу қажет», - деді Е.Тоғжанов Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовке қарата айтқан сөзінде.

Оның пайымынша, бұл тұжырымдама балаларды білімге құштарлыққа, жаңа кәсіптер мен ғылымға ұмтылуға, жаңашылдық пен креативті болуға, еңбексүйгіштікке; жауапкершілікке, отансүйгіштік пен тарихты құрметтеуге,, салт-дәстүрімізбен өмір сүруге тәрбиелеуге бағытталуы тиіс.

«Республикадағы үздік мектептерді, білікті педагогтерді, ғалымдарды, ата-аналар қауымдастығының қатысуымен жұмыс тобын құра отырып, тез арада Тұжырымдаманы әзірлеуге кірісуді тапсырамын. Бұл Тұжырымдама әрбір ұстаз бен мектептің басты құжаты болуы тиіс», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале