ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиев елімізде болашақ дәрігерлердің практикалық даярлығын күшейтуге бағытталған жаңа модель енгізіліп жатқанын мәлімдеді.

Фото: zhaikpress.kz фотомұрағатынан
Мемлекет басшысы 2026 жылғы 12 маусымда қол қойған Заңға сәйкес, интернатура көлемі 30-дан 70 академиялық кредитке дейін ұлғайтылып, клиникалық даярлықтың толыққанды кезеңіне айналды. Сондай-ақ алғаш рет интерн-дәрігердің мәртебесі заңнамалық тұрғыдан бекітіліп, жалпы практика дәрігерлерін даярлау барысында амбулаториялық педиатрия мен практикалық дағдыларға басымдық берілді.
Жиында атап өтілгендей, 2026 жылы резидентураға қабылдау алғаш рет бірыңғай цифрлық платформа арқылы жүргізіліп жатыр, ал гранттар GPA мен мемлекеттік аттестаттау нәтижелері негізінде автоматты түрде бөлінеді. Жыл сайын республикалық бюджеттен шамамен 2 500 грант бөлінсе, биыл өңірлер тарапынан қосымша 937 грант қарастырылған.
Сонымен қатар биыл денсаулық сақтау бағдарламалары бойынша 16 192 маман оқуын аяқтап, олардың 7 610-ы міндетті еңбек өтеуге жатады. Тимур Сұлтанғазиев жас мамандарды өңірлерге жіберіп қана қоймай, олардың тұрғын үймен, әлеуметтік қолдаумен және тәлімгерлікпен қамтамасыз етілуі маңызды екенін атап өтті.