16.09.2022, 10:16
Оқылды: 103

Қазақстанда дизель отынын сатуды есепке алудың ақпараттық жүйесі іске қосылды

Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін есепке алудың ақпараттық жүйесінің базасында сараланған бағалар бойынша дизель отынын жіберу үшін тұтынушылар деректерін верификациялау бойынша модуль іске қосылды, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

220915221316905e

Ақпараттық жүйенің функционалы нақты уақыт режимінде елдің автожанармай құю станцияларына (АЖҚС) АЖҚС-та 1 литр үшін 230-260 теңгеден (өңірге байланысты) сатылатын дизель отынының тәуліктік көлемін қадағалауға мүмкіндік береді.

Сервис бюджет қаражатының шығынысыз әзірленген және Ішкі істер, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің және Мемлекеттік кредиттік бюроның деректер базасынан құжаттарды тексеруді көздейді.

Естеріңізге сала кетейік, 22 тамызда ҚР Энергетика министрлігі мүмкін нұсқалардың бірі ретінде 2019 жылы өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін есепке алудың ақпараттық жүйесі» қарастырылып жатқанын хабарлаған болатын, ақпараттық жүйенің операторы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ («ҰАТ» АҚ) болып табылады.

Қазіргі уақытта келіп түскен өтініштерге сәйкес «ҰАТ» АҚ елдегі 2 мың АЖҚС үшін логиндер мен парольдер ұсынды, оның ішінде 271 АЖҚС жүйені іс жүзінде қолдана бастады, яғни жүйе іске қосылғаннан кейін бірден пайдаланушылар ретінде «кірген», жалпы ел бойынша АЖҚС-тарда 2 365 сату жүргізілді.

Сондай-ақ АЖҚС операторларына жүйемен жұмыс бойынша жедел консультативтік көмек көрсету үшін ҚР Энергетика министрлігі тарапынан техникалық қолдау орталығы іске қосылды.

ҚР Энергетика министрлігі «ҰАТ» АҚ-мен бірлесіп, Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін есепке алудың ақпараттық жүйесін АЖҚС, екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелерімен және өзге де ақпараттық жүйелер мен сервистермен интеграциялау жұмыстарын жалғастыратын болады.

Фото : gov.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале