18.07.2023, 9:30
Оқылды: 45

Қазақстанда шомылу маусымы басталғалы 21 бала суға кеткен

Жыл басынан бері еліміз бойынша 105 адамның өмірін су жалмаған. Оның 27-сі – кәмелет жасына толмаған бала. Ал биылғы шомылу маусымы басталғалы бері 78 отандасымыздың ажалы судан болған. Олардың 21-і – бала. Бұл мәліметті облыстық төтенше жағдайлар  департаментінің баспасөз  қызметі берді.

шомылу (4)

Биыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары суға кете жаздаған бірнешебаланы құтқарып алды. Бірінші жағдай ақпанның 23-і күні «Стелла» монументі ауданында болған болса, екінші оқиға маусымның 7-сі күні орын алды. Қалалық мәдениет және демалыс саябағында Шаған өзенінде шомылып жүріп, оқыс оқиғаға тап болған 2012 және 2007 жылдары туған 2 бала құтқарылды.

Сондай-ақ шілденің 2-сі күні қаладағы Чекменная көшесі жағында 2002 жылғы азаматты төтеншеліктер ажалдан аман алып қалды. Желаев ауылы маңындағы Карьер жасанды су айдынында шомылған кезде де қауіпсіздік ережелерін ұмытпаған абзал. Өйткені шілденің 3-і күні ол жерде де оқыс оқиға орын алып, 2007 жылы туған азамат суға кете жаздады. Құтқарушылардың қырағы әрекетінің арқасында ол адам да құтқарылды. Десе де,  қайғылы жағдайлар да аз емес. Шомылу маусымы басталғалы өңірімізде екі кісі суға батып кеткен. Бірінші оқиға шілденің 5-сі күні Бәйтерек ауданына қарасты Асан ауылы маңындағы Шаған өзенінде орын алса, араға үш күн салып, аталған ауданға қарасты Жайық ауылы маңындағы  Карьер жасанды су қоймасында тағы бір адам өлімі тіркелді. Соңғы уақытта күн ысып, шомылушылар саны да артатыны белгілі. Сол себепті төтеншеліктер шомылған кезде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, су айдындарында балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді. Айдың-күннің аманында азаматтарымыздан айырылып жатырмыз. Департаменттен түскен мәліметке сенсек, былтыр шомылу маусымы кезінде облысымызда 15 адам суға кеткен. Оның 6-уы – бала.

Төтенше жағдайлар департаменінің мамандары су айдындарында орын алатын оқыс оқиғалардың дені тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде шомылу, мас күйінде малту, жүзе алмау және  балаларды қараусыз қалдыру салдарынан орын алатынын айтады. Өңірде 25 жағажай бар. Олардың 8-і коммуналдық болса, 17-сі – жеке.

Биыл Орал қаласында және Тасқала, Бөрлі аудандарында үш жағажай жасақталған. Қазіргі уақытта 20 жағажай жұмыс істеп тұр. Қалғандары барлық дайындық іс-шаралары өткізілгеннен кейін ашылады. Жұмыс істеп тұрған 20 жағажайға қатысты су айдындары ТЖ департаментінің құтқарушыларымен тексеріліп, тазартылған. Жалпы департамент мамандары әрдайым профилактикалық жұмыстарды жүргізіп отырады. Осы кезге дейін төтеншеліктер шомылуға тыйым салынған жерлерге 323 тыйым салу белгісі мен 77 ақпараттық стенд ілген. Арнайы жасақ рейдке шығып тұрады. Ондай рейдтер кезінде көпшілікке шомылуға қатысты қағидалары  түсіндіріледі.

Құтқарушылардың ескертуін елемейтіндер де ұшырасады. Ондайларға арнайы жаза да бар. Мысалы, су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзған немесе орындамаған азаматтар ҚР ӘҚБ кодексінің 412-бабына сәйкес жауапқа тартылады. Бұл дегеніміз – жеке тұлғаларға жеті АЕК түріндегі жаза. Оның өтеуі – 24 150 теңге. Ал осы бап бойынша жазаланған заңды тұлғалар 10 АЕК көлемінде (34 500 теңге) айыппұл төлейді.

Жыл басынан бері су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін жеке тұлғаларға тоғыз әкімшілік хаттама толтырылып, 108 675 теңге өндірілген. Бұл хаттамалардың дені, дәлірек айтсақ, жетеуі суға шомылу маусымы басталған кезде толтырылған. Одан бөлек, су пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-ның 364-бабына алкогольді ішімдік ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүргені үшін ҚР ӘҚБтК-ның 440-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сол себепті суға түскенде тек қауіпсіздікті ғана емес, қоғамдық тәртіпті де сақтауға тиіссіз!

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

P.S. Өткен аптада төтеншеліктер қала іргесіндегі Деркөл кенті маңындағы Шаған өзенінен 2006 жылғы екі баланы құтқарып алды. Малтып жүріп, өзен ортасына жеткен қос жеткіншектің кері  жүзуге шамалары жетпей қалыпты.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале