Қазақстан бокс федерациясының мәліметінше, World Boxing ұйымы биыл Сенегалдың Дакар қаласында өтетін жасөспірімдер Олимпиадасының бокс турниріне берілетін жолдамаларды бөлуді аяқтады.

Фото: kfb.kz
Бұл айтулы додаға Қазақстан құрамасы үш лицензия иеленді. Жалпы жарыста он салмақ дәрежесі бойынша әлемнің 120 үздік былғары қолғап шебері бақ сынайды.
Ұлдар арасында 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын Бибарыс Әшірбай қорғайды. Ал қыздар арасында Марал Төлепберген (54 келіге дейін) мен Ақнұр Тұрсынғали (57 келіге дейін) Олимпиада жолдамасына қол жеткізді. Үш спортшымыз да бұл лицензияларды наурыз айында Таиландта өткен іріктеу турнирінің қорытындысы бойынша жеңіп алған болатын. Еске сала кетейік, жасөспірімдер Олимпиадасы 2026 жылдың 31 қазаны мен 13 қарашасы аралығында өтеді.