Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда үшінші АЭС салынуы мүмкін алаңдарды атады. Елдің шығыс және батыс өңірлерімен қатар, солтүстік бөлігі де қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Фото: pixabay.com
– Қазақстанда үшінші атом электр станциясын салуға болатын бірнеше аумақ қарастырылып жатыр. Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Дегенмен елімізде орташа қуатты реакторларды орналастыру әлеуеті бар. Олар тұтынушыларды электр энергиясымен қатар, жылумен де қамтамасыз ете алады. Кейбір жағдайда суды тұщытуға да мүмкіндік береді, – деді Алмасадам Сәтқалиев Антальяда өткен «Әлемдік атом күндері – 2026» форумында журналистерге берген сұхбатында.