14.05.2020, 10:58
Оқылды: 83

 Кемшіліктер жойылатын болады

«Antikor» сервистік орталығында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мен облыстық арнайы мониторигтік тобының бастамасымен өңіріміздегі денсаулық сақтау саласында кездесетін жемқорлық тәуекелдері, денсаулық сақтау басқармасының мемлекеттік сатып алудағы кемшіліктері және төтенше жағдай кезіндегі сала қызметкерлеріне көрсетілетін қосымша көмекті рәсімдеу барысында кездескен олқылықтар жайын талқылаған онлайн-кеңес өтті.

91E1ECE2-F326-4658-BAFD-8184D469578D

Оған республикалық арнайы мониторингтік топ басшысы Айгүл Соловьева мен мүшесі Мұрат Әбенов, денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшылығы, аурухана директорлары қатысты.

Жиынды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет жүргізді. Оның айтуынша, біраз кемшілік эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының жұмысшыларына қаржылық қолдау көрсету барысында кеткен. Мәселен, Бөрлі аудан орталығындағы жедел жәрдем стансасында қызмет жасайтын фельдшерлерге 12 сағат жұмыс жасады деп табель қойылса, олардың қасындағы көлік жүргізушілеріне 24 сағат жұмыс жасады деп соғылған. Сондай-ақ бір дәрігерлер екі мекемеде қатар жұмыс жасаған. Оған Кумыскадағы провизорлық бөлімде еңбек еткені үшін де, Ивушка карантиндік бөлімінде жасағаны үшін де қаржылық қолдау берілген. Бұдан бөлек, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өз қызметкерлеріне наурыздың 1-нен 31-не дейінгі жұмысы үшін қаржылық қолдау жасау жөнінде шешім шығарған. Бірақ елімізде төтенше жағдай режімі 16 наурызда енгізілген. Ал облысымызда 31 наурызда басталды. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бір медбикесіне 30 сағат, қалғандарына 16 сағаттан аспайтын жұмыс уақыты қойылған. Департамент аталған кемшіліктердің не себепті кеткенін анықтау үшін тисті министрліктерге хат жолдаған. Онлайн байланыс арқылы мекеме басшыларынан қажетті жауаптары алынды.

Шарада сөз алған барлық жауапты мекеме басшылары өздері басқаратын орындарда жемқорлықтың алдын алу бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндап, ашықтық қағидаттарын қолдайтындығын жетікізді. Өз кезегінде Н.Сәмет осы уақытқа дейін денсаулық сақтау және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттерінің жемқорлықты жоюға бағытталған жұмыстары оң нәтижесін көрсетіп жатқанын да атап өтті. Болашақта қолға алынған барлық бастамаларға қолдау көрсетілетінін де айтты.

Аталмыш жиынға арнайы қатысқан Айгүл Соловьева мен Мұрат Әбенов кеңес жұмысына оң бағасын беріп, облыстық мониторингтік топ жұмысына сәттілік тіледі.

-Кеткен кемшіліктер туралы әр тарап өз жауаптарын берді. Жоғарыда айтылған қызметкерлерге 1 наурыздан бастап қаржылық қолдау көрсеткен мекеме күшейтілген жұмысын ақпан айынан бастағаны анықталды. Кей жерлерде техникалық қателіктер кеткеніне де көзіміз жетті. Алдағы уақытта олқылыққа жол берген мекемелер ресми түрде жауабын беретін болады. Ол туралы да қосымша ақпарат береміз,-деді Н.Сәмет.

Түгелбай Бисен

 zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале