25.09.2021, 19:06
Оқылды: 438

Кеңшілік Тышқанұлы: «Ұлттық құндылықтарды қадірлеуге бағытталған идеологияны қалыптастыру маңызды»

Қазақстанда мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарды жетілдіру мәселесі жиі талқыланады. Мемлекет тұтастығын сақтау үшін радикалды идеологияға тосқауыл қою, құндылықтар жүйесін бағамдау, толеранттылық пен тұрақтылыққа көңіл бөлу маңызды. Зайырлы қоғамда дін мен діл, дәстүр мен таным, діни әркелкілік пен халық бірлігіне қатысты алуан көзқарас бар. Осыған байланысты «Мемлекеттің дін саласындағы саясаты қандай болуы тиіс, ұлттың тұтас кемелденуі үшін басым бағыттарды қалай саралаймыз?» деген сауалдарға тұшымды жауап берген философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы діни ахуалдың бірқатар аспектісіне қатысты өзіндік тұжырымдарымен бөлісті.

1BD2BA3D-6E48-4FC5-86FB-02510A2FA758

Кеңшілік Тышқанұлы, дін саласындағы мәселелермен қай уақыттан бері шұғылданып жүрсіз?

– 1991 жылы дін жолына бет бұра бастадым. Алдымен ауыл молдаларынан хат танып, діни сауатымды аштым. Торғайдағы Осман Қожа атындағы медреседе білім алдым. Тоқсаныншы жылдары Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінде оқыдым. Түркия Республикасындағы Селжүк университетінің төрт жылдық теология факультетінде (илаһиат) білім жетілдірдім. Қазақстанға келген соң, кандидаттық диссертация қорғадым. Жиырма жылдан астам уақыт еліміздің іргелі жоғары оқу орындарында дінтану пәні бойынша дәріс оқып келемін. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дінтану кафедрасын басқардым. Қазіргі уақытта аталған кафедрада доцент қызметін атқарамын. Франция мен Катар мемлекеттерінде ғылыми тағылымдамадан өттім. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті жүргізетін мониторингтік зерттеулерге қатысамын, діни ахуалға байланысты сараптама жасаймын. Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобына енгендіктен, жат ағымға еріп кеткен азаматтарды оңалту, дерадикализациялау, қоғамға бейімдеу шараларына атсалысып жүрмін.

Қазіргі кезде қоғамда ислам дінін ұстанушыларды «арабқұл», «исламист», «радикал» деп бөле-жара айдар тағу, айыптау белең алып кетті. Осыған қатысты не айтасыз?

Алдымен, «этностық плюреализм» деген ұғымның байыбына барып, басын ашып алайық. Қазақстан Республикасында 18-ге жуық діни конфессия бар, 3 800-ден астам діни бірлестік тіркелген. Заң талаптары аясында діни бірлестіктердің қызмет атқаруына тең құқық берілген. Мемлекеттік ұстаным, немесе ұлттық көзқарас, немесе саясат тұрғысынан болсын, ендігі уақытта қоғам болып дін саласында бірсыдырғы, бірыңғай көзқарас-тұжырымға келе қоюымыз екіталай. Бірақ бір ұлт, бір дін ішінде кикілжің туындауы бізді алаңдатады. Біреуін «сопы», біреуін «радикал», енді біреуін «тәңірші» деп бөле-жара кінәлау басым болып барады. Мұндай тенденция ұлтты жақсылыққа алып бармайды. Соған байланысты қазіргі қоғамға діни сауат ауадай қажет. Әрине, дінді ұстанушы адамның саналы әрі парасатты болғаны жөн. Бірақ барлық адамның санасын бірдей ондай деңгейге жетілдіру қиын. Біздің ұлт әуелден тайпалық, жүздік, рулық бөлінушілікті басынан кешірді. Сондықтан діни тұрғыдан да бөлшектену қаупі туындайтынын ескеру керек. Әртүрлі саяси керітартпа күштер халықтың арасында іріткі тудыруы мүмкін. Эмоцияға бой ұратын адамдар әртүрлі топқа еруі кәдік. Бірақ мемлекет уақтылы дұрыс шешім қабылдап, зиялы әрі байыпты көзқараспен осы мәселенің тігісін жатқызып отыруы керек. Әйтпесе, әлемдегі кейбір елдердегі конфессияаралық қақтығыстарды пайдаланып, үйлерінің шаңырағын ортасынан түсірген сырт күштердің бүгінгі қарекетінен сабақ алу қажет. Сөйте тұра, әр алуандыққа да бой үйрете беруіміз керек. Себебі шеттен кірген идеология, алуан көзқарастан қоғам оңайлықпен арыла қоймайды. Заң тұрғысынан белгілі бір шектеулер болғанымен, біз айтқан тенденция түбегейлі жойылып кетпейді. Адамдардың таңдау еркіндігі мен сенім бостандығына құрметпен қарай отырып, кемсітушілік пен арандатуға жол бермеуіміз керек. Әйтпесе, әке мен  бала, ер мен әйел, аға мен іні арасында іріткі туып, тіпті бір әулет, бір ұлт жікке бөлініп, әпербақан алауыздық, кесірлі кикілжіңнен арыла алмай қалуымыз ғажап емес. Мұны ХХғасырдағы трагедия деп айтқанымыз жөн шығар.

CB1F7143-1C60-431F-9237-55383A5EFEFC

– Қоғамды дағдарысқа ұшырататын қауіпті тенденциялар туралы айттыңыз. Діни алуандыққа қатысты туындауы мүмкін қатерді болдырмау үшін қандай қадамдарға бару маңызды?

– Мемлекеттік мүдде, ұлттық мүдде тұрғысынан қоғамдағы руханият мәселесін реттейттін тетік керек. Бұған дейін ақпарат құралдарының бақылаудан шығып кетуінің, шетелдік миссионерлердің еркін уағыз айтуының, оларға заң тұрғысынан көптеген мүмкіндікті қолдан беріп қоюдың зардабын шегіп отырмыз. Енді заң нормаларын ретке келтіргенмен, руханияттағы қателіктің орны ойсырап тұр. Осы мәселеден сабақ ала отырып, мемлекетшілдікке, ұлттық құндылықты қадірлеуге бағытталған идеологияны қалыптастыру маңызды. Жастардың рухани жұтаңдығын қамтамасыз ететін тетіктер ойластырған абзал. Мектептен берілетін тәрбие-тәліммен идеологияны қалай ұштастырамыз? Қандай кітаптарды оқытқан жөн? Өзіміздің дін ғұламаларымен қалай байланыстыруға болады? Ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолы қандай? Жаһандану екпініне жұтылып кетпес үшін ұлттық колоритті қалай сақтап қаламыз? Міне, мұндай мәселелердің шешімін табумен бір адам немесе белгілі бір топ шұғылдана алмайды. Рухани құндылықтарды танып-білу үшін мемлекет тұрғысынан ортақ тұжырымдама немесе байыпты бағдарлама керек. Әрине, әртүрлі этностардың, әртүрлі конфессиялардың құндылықтары да  әртүрлі болады. Бірақ мемлекет құраушы ұлт ретінде біз өзіміздің құндылықтарымызды дәріптейтін болсақ, ешкім мін тағып, айыптай қоймас. Бұл бағытта мемлекет тарапынан бірқатар бағдарлама іске қосылды, бірақ аяғына дейін жеткен жоқ. Мәдениет мәйегін, салт-дәстүр сабақтастығын, құндылықтар жиынтығын жастар санасына сіңіруден кеш қалған сияқтымыз. Менің ойымша, осы олқылықтың орнын толтырып, белгілі бір деңгейде зардабын жоюға әлі де мүмкіндік бар. «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деп қол қусырып отыра беруге болмайды. Ондай жағдайда рухани құндылықтарымыз былай тұрсын, мемлекетшілдігімізге, тәуелсіздігімізге нұқсан келуі әбден мүмкін.

Зайырлылық ұстанымына байланысты мемлекеттік саясат дін талаптарын негізге алмайды. Діни жоралғылар, көзқарастар, тұжырымдар мемлекеттік құрылымдар қызметіне ықпал етпеуі тиіс. Бірақ жанжал ошақтарындағы діни кикілжіңдер астарында саяси мүдде жатқаны мәлім дейді сарапшылар.

Адамзат тарихында діни кикілжің, кереғар көзқарас, түсінбеушіліктің туындауы ежелден бар. Бірақ ежелгі кезеңде діни саладағы талас-тартыс танымал ғалымдардың пікірталасымен, даулы тезистерге байланысты бір-біріне уәж айтатын кітаптар жариялаумен шектелетін. Қазіргі кезде белгілі бір топтар, тіпті белгілі бір мемлекеттер діни алауыздықты құрал ретінде пайдалана бастаған сияқты. Дінді желеу қылып сөйлегендер ақиқат айтып жүрген сықылды көрінеді. Бірақ сөз (уағыз) астарына үңілгенде, кімнің мүддесін көздеп, кімнің сойылын соғып отырғанын аңғару қиын емес. Өйткені әлемдегі кейбір мемлекеттердің күйреу тарихынан діннің «қауіпті құралға айналуы» тенденциясын анық аңғардық. Әлдебір топтың пайда болуы, оның мемлекеттік деңгейге көтерілуі, аса ірі қару-жараққа ие болып, айрандай ұйыған елге ойран салып, қырғынға ұшыратуы бірнеше жыл ішінде жүзеге асатын дүние емес. Бұл жерде үлкен геосаяси ойындар жүріп жатыр деген сөз. Ал дін, жамағат, ұран салу жай ғана адамдардың басын біріктіретін құралдар ғана. Әуелгі кездегі жасырын пиғыл әшкере болып, көзделген мақсатқа қол жеткізілгесін, дайын тұрған басқа сценарийлер өрбиді. Бетперденің аржағында әлемдегі алпауыт ойыншылардың мүддесі жатыр. Сондықтан саяси тұрғыдан сауатты болуымыз керек. Түйіндей айтсақ, діннің саясилануы немесе дінді саясатқа пайдалану өте қауіпті. Дін, негізінен, рухани құндылық, адамның Құдаймен арақатынасы, жандүниесінің кемелденуі, моральдық құндылықтардың жетілуі, Абайша айтқанда, «іштегі кірді қашыру». Осы тұрғыдан алған кезде, дін функциясы кемел екеніне көз жеткіземіз. Керісінше, дінді адамдарды кінәлауға, «Мынау бізден емес» деуге, бөгденің дүние-мүлкін иеленуге, тоқ етері, «Біз және басқалар» деген концепцияға пайдалансақ, қауіпті құралға айналып кететіні түсінікті.

– Тоқсаныншы жылдардың аяғынан бастап елімізде сәлафизм-уәхабизм идеологиясы кеңінен тарады. Қазақстанда өмір сүріп жатқан  діни ағымға ілескендердің бүгіндері екінші-үшінші буыны өсіп-жетіліп келеді. Радикалды идеологиямен күрес нәтиже беріп жатыр ма?

– Жат ағымдармен күресте оңалту жұмыстары біз ойлағандай нәтиже беріп жатыр деп айта алмаймын. Белгілі бір уақытта сәлафизм-уәхабизм идеологиясы қаржылық қолдау арқасында күшейген кезі де болды. Өйткені кез келген діни ұйымның артында паралелль түрде қаржылық ұйымдар мен мүдделі топтар тұрады. Сондықтан сыналап кірген ағымдарға бірден тыйым салу мүмкін емес. Оған қоса Қазақстан көптеген мемлекетпен әр тарапта тығыз қарым-қатынас орнатқанын ескеруіміз керек. Біз алды-артымызды осылай бажайлап отырған кезде, сәләфилік-уәхабилік ағым белгілі бір деңгейге жетіп қалды. Өзіңіз айтқандай, енді оларды туа бітті көріп өскен ұрпақ жетіліп келеді. Сондықтан алдағы уақытта екі бағыттың бірін таңдауымыз мүмкін. Біріншіден, мемлекет иеологиялық тұрғыдан ұлттық құндылықтарымызды, дәстүрлі жолымызды басым түрде насихаттай береді, басқа діни ұйымдар мен жамағат заң шеңберінде өмір сүреді. Екіншіден, саяси күштер немесе күштік құрылымдар арқылы, құқықтық нормалар арқылы діни қатынастарды реттеу мәселесі туындауы мүмкін. Бұл үдеріс өте баяу жүзеге асырылады. Себебі халықаралық деңгейде діни таңдау еркіндігі, сенім бостандығы, адам құқықтарына қатысты мәселелер жиі талқыланады. Сондықтан ең дұрысы, ең абзалы – халықтың ішкі иммунитетін күшейтуге көңіл бөлген жөн. Ұлттық сананы жаңғырту, дін мен дәстүр байланысын берік сақтау өте маңызды. Көрнекті тұлға Мұстафа Шоқайдың «Жас Түркістан» газетіне жариялаған мақаласында Бахаи қауымының Түркістан аумағына көшіп келгенін, бірақ жергілікті халықтан қолдау таппағасын, Иран еліне асуға мәжбүр болғанын жазады. Сол кездің өзінде діни топтар орныққысы келгенімен, ұлттық иммунитеттің беріктігінен халқымыз дәстүрлі діни танымына селкеу түсірмеді. Ал қазіргі уақытта түрлі діни конфессияға, түрлі діни бірлестік үгітіне иланатындар көп. Түйіндей сөйлесек, «шикізаты» дайын елге қаржы салушылар да мүдделі бола түседі.

Радикалдануға қарсы ұлттық құндылықтар қалқан болатынын шегелеп айттыңыз. Ал елімізде ұлттық танымға қатысты тыңғылықты зерттеу неге кең көлемде жүргізілмей келеді?

Тәуелсіздік алған кезде, 70 жылдан астам уақытқа жуық жүргізілген кеңестік идеология кеңістігінен шыққан кезде, рухани жұтаңдық пайда болды. «Дін – апиын» деген саясат болды. Материализм кеңінен насихатталды. Соның салдарынан біздің бір буын кеңестік идеология тасқынында «жоғалды». Ата-бабаларымыз, әжелеріміз білген-түйгенін ұрпаққа үйрете алған жоқ. Өйткені өздері куә болған қуғын-сүргін, басынан кешірген қорлық-азап туралы жария айтқысы келмеді. Тәуелсіздіктің елең-алаңында өсіп-жетілген келесі буын біз едік. Сол кезеңде «Төл руханиятымыз осы, ата-бабаларымыздың шығармалары мынау, ұлттық құндылықтарымызды тану жолы, міне» деп саралап, жіліктеп ешкім көрсетпеді. «Әлхамдү» білгеннің бәрін молда дедік. Жат жерде оқып келгендердің соңына ердік. Басқалардың мәдениетін «Нағыз дін осы» деп ойладық. Өкініштісі, жастардың арасында әлі күнге дейін солай ойлайтындар бар. Осыдан-ақ кодтық қателік жіберіп алғанымызды мойындайық. Ал осы аталған олқылықтардың орнын толтыру үшін қазақтан шыққан дін ғұламаларының еңбектеріне көңіл бөлуіміз керек. Ол еңбектерде рухымыз, тіліміз, жанымыз, мәдени кодымыз бар. Халық ішінде имандылық жолында сәуле шашқан, ағартушылықпен айналысқан қаншама білгір ишан, молда, қалпелер болды. Олардың әрқайсысы кейінгі ұрпаққа мұра қалдырғаны ақиқат. Сол мұраларды жаңғыртып, рухани сабақтастықты жандандыра алмадық. Олардың жазуын түсінбейтін болдық. Оған өткен ғасырда әліпбидің бірнеше мәрте ауысуы да себеп болды. «Мәдени мұра» атты мембағдарлама бойынша мыңдаған еңбекті жиып-теріп алдық. Бірақ халықтың игілігіне жараған жоқ. Өйткені ол еңбектерді оқып, көпке ұсынатын маман тапшы. Керісінше, қазіргі уақытта шетелдердің қаржыландыруымен қолданысқа еніп жатқан діни әдебиеттер көп. Қазақ ғұламаларының ағартушылық жолын зерттеуге көңіл бөлу керек деп есептеймін. Өз басым ескі қолжазбаларды қайтадан қалпына келтіруге қал-қадерімше үлес қосудамын. Біз қанша өркениеттік деңгейге жетсек те, қанша дамысақ та, адамзат баласы руханияттан алыстап кете алмайды.

– Еліміздегі діни ахуалды жақсарту үшін мемлекеттік деңгейде біраз іс-шара атқарылуда. Бірақ бұл бағытта серпіліс қажет екені айқын сезіледі. Сарапшы маман ретінде ой бөліссеңіз.

Діни саладағы түйткілдерді тарқату туралы сан алуан пікір көп. Өз басым біз мәселенің себебімен емес, салдарымен күресіп жүргенімізді, көш соңында келе жатқанымызды үнемі айтамын. «Мынадай оқиға болды,  қазір не істейміз?» деп соңынан сұрау салу уақытты босқа өткізу ғана. Ситуацияны күтіп отырып, шешім қабылдау еш нәтиже бермейді. Қазіргі кезде опық жеп, сан соқтырып отырған түйткілдер – жиырма жыл бұрын жіберіп алған қателіктер. Сондықтан мемлекеттік институттар, зерттеу орталықтары немесе арнайы құрылымдар діни ахуалды алдын ала сараптауы тиіс. Бес жыл немесе он жылдан кейін қандай жағдай болуы мүмкін? Күрмеулі мәселенің зардабын жою үшін не істейміз? Мамандарды қалай дайындаймыз және қолымызда қандай құралдар болуы керек? Осы сауалдар негізінде мемлекет стратегиялық жоспар, аналитикалық болжам, талдау жұмысын тыңғылықты жүргізуі керек. Мектептер мен университеттердегі дінтану негіздерін оқыту мазмұнын қайта қарастыру қажет. «Зайырлы мемлекетпіз, діннен бөлінгенбіз» дегенімізбен, азаматтар діннен ажырамайды. Жастардың рухани қажеттілігін қамтамасыз ете алмасақ, онда олар жандүниесін толғандырған сауалдарға жауапты бөгде тараптан табады. Осы кілтипан шешуін тапсақ, рухани тұрғыда мықты қоғам қалыптастыра аламыз.

Кеңшілік Тышқанұлы, сұхбатыңызға рахмет! 

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале