28.07.2026, 17:15
Оқылды: 9

ҚҚС өсіп, бақылау күшейді

Биыл қаңтарда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Соған сәйкес қосылған құн салығы мөлшерлемесі мен есептеу тәртібі жаңартылды. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте осы заңнамадағы өзгерістер айтылды. 

Құн салығы (3)

Қосылған құн салығы (ҚҚС) – республикалық бюджет кірістерінің негізгі көзінің бірі. Осы салық есебінен білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылымды дамыту және басқа да мемлекеттік бағдарламалар қаржыландырылады. Сондықтан ҚҚС саласындағы өзгерістер кәсіпкерлік субъектілерінің басым бөлігіне тікелей әсер етеді.

– Жаңа Салық кодексін қабылдаудың негізгі мақсаты – салық жүйесін жетілдіру, салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру, көлеңкелі экономиканың үлесін қысқарту, адал бәсекелестікті қамтамасыз ету және кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдай

қалыптастыру. Осыған байланысты 2026 жылдан бастап қосылған құн салығын есептеу мен төлеу тәртібіне бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – салық төлеушілер үшін ашық әрі әділ салық жүйесін қалыптастыру және салықтық міндеттемелердің уақтылы орындалуын қамтамасыз ету. Біздің басты міндетіміз – салық төлеушілердің жаңа заңнаманы дұрыс түсінуіне және оны тәжірибеде дұрыс қолдануына жан-жақты қолдау көрсету, – деген БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Жүніс Кунчаев заңнамадағы өзгерістерді санамалап  айтып  берді.

* Қосылған құн салығының негізгі мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға  дейін  өзгертілді.

* ҚҚС бойынша міндетті тіркеуге қою шегі 20 000 айлық есептік көрсеткіштен 10 000 АЕК-ке дейін төмендетілді.

* Дәрілік заттар, медициналық қызметтер және мерзімді баспасөз өнімдері үшін сараланған ҚҚС мөлшерлемелері  енгізілді.

* Электронды шот-фактуралар бойынша аутоматтандырылған бақылау күшейтіліп, цифрлық салықтық әкімшілендірудің жаңа тетіктері  қосылды.

Аталған департаменттің жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Сұңғат Есенғалиев те ҚҚС-қа қатысты өзгерістерге кеңінен тоқталды. Мәселен, қосылған құн салығының жаңа мөлшерлемесі кодекстің 460-бабына (тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымды жасау күні) сәйкес айналым жасалған күнге қолданылады. Яғни тауардың, жұмыстың немесе көрсетілген қызметтің ақысы қашан төленгені емес, салық салынатын айналымның туындаған күні негізгі мәнге ие. Егер тауар 2026 жылдың қаңтар айында өткізілсе, келісімшарт 2025 жылы жасалғанына қарамастан, оған 16 пайыздық ҚҚС мөлшерлемесі қолданылады.

ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі төмендетілді. Бұрын ҚҚС бойынша міндетті тіркеуге өткізу айналымы 20 000 АЕК-тен асқан салық төлеушілерге қатысты болды. Биылдан бастап бұл шек екі есеге төмендетіліп, 10 000 айлық есептік көрсеткіш болып белгіленді. 2026 жылы бұл 43,2 миллион теңгені құрайды. Сұңғат Жексенбайұлының айтуынша, мұндай өзгеріс нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілерінің едәуір бөлігі ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуге міндетті. Егер кәсіпкердің айналымы белгіленген шектен асып кетсе, ол ҚҚС бойынша тіркеуге тұру туралы хабарламаны уақтылы ұсынуы тиіс. Талапты сақтамағандарға салықтық әкімшілендіру шаралары  қолданылады.

Өзгерістердің бірі – ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлемелердің енгізілуі. Яғни Салық кодексінде алғаш рет тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің жекелеген санаттарына әртүрлі ҚҚС мөлшерлемелері белгіленді. Атап айтқанда, жалпы мөлшерлеме – 16 пайыз, дәрілік заттар мен медициналық қызметтерге – 2026 жылы 5 пайыз, ал 2027 жылдан бастап 10 пайыз, мерзімді баспа басылымдарына – 10 пайыз. Бұл өзгерістер әлеуметтік маңызы бар салаларды қолдауға бағытталған.

Сондай-ақ кодексте ҚҚС салынбайтын және салынбайтын операциялардың тізбесі  нақтыланған. Электронды шот-фактураларға бақылау күшейтілді. Енді мемлекеттік кірістер құрылымдары электронды шот-фактураларды салық есептілігімен, өнім берушілердің электронды шот-фактураларымен, мемлекеттік құрылымдардың ақпараттық деректерімен және екінші деңгейдегі банктердің мәліметтерімен салыстырып тексереді. Басқарма басшысы Сұңғат Есенғалиев егер кәсіпкерлерде жаңа талаптарға байланысты сұрақтар туындаса, мемлекеттік кірістер құрылымдарына жүгінуге болатынын айтты.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале