9.04.2021, 9:09
Оқылды: 139

Қоғам дертіне шипа іздеген

Көркем туындылары оқырмандар тарапынан да, бүгінгі қазақ әдебиетінің ақсақалы Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Дулат Исабеков, Мереке Құлкенов және Мағира Қожахметова секілді танымал сөз зергерлері тарапынан да оң, жылы бағасын алған қазіргі проза жанрының белгілі өкілі Мира Шүйіншәлиевамен облыстық «Орал өңірі» газетінде бір-екі жыл қызметтес болудың сәті түскен-ді. Әйтсе де, бұл кезде оның күнделікті газет тапсырмасынан тыс әңгімелер, тіпті повесть жазуға талаптанып жүргенінен бейхабар едім. Мираның өзі де бұған байланысты тіс жарып, сыр аша бермейтін. Сөйтсек, талантты қыз әдебиет деп аталатын тылсым дүниенің маңайын барлап, оның есігін ашып көруге іштей талпыныс жасап жүреді екен ғой. Бүгінде оның әдебиетке қалай болса солай, жүрдім бардым емес, үлкен әрі жан-жақты әзірліктермен келгеніне ешкім талас туғыза қоймас. Сондықтан да шығар, оның алғашқы әңгімелерінің өзі қаламы төселген, осы жанрдың ішкі табиғатын терең түйсіне алатын ортаңқол қаламгердей әсер қалдырғаны.

аппп

Дәл осы тұста Мираның сиясы  кебе қоймаған әрі баспасөз беттерінде жарияланбаған тұңғыш әңгімелерін оқып шығудың да орайы түскені бар. Көркемдік деңгейі жоғары, тілі шұрайлы, оқиғаны баяндау тәсілі таптаурын жолдан аулақ Мираның әңгімелері бірден ұнады. Айталық оның «Служак» деген бас-аяғы жинақы киіктің асығындай әңгімесі облыс басшысы Қанатбек Қуанұлының образында шынайы, сенімді түрде көркем шешімін тапқан. Түйіп айтқанда, жазушының бұл еңбегі халқымыздың «Ұлық болсаң, кішік бол» деген нақылға бергісіз қағидасына арқа сүйегені анық. Ойлы оқырманға тигізер пайдасы мол көркем дүние автордың жекеменшігі болып қала алмайды. Бұл ел-жұрттың рухани қазынасын байытуға қызмет жасауы тиіс.

Осындай ой жетегінде Мираның аталған әңгімесін өзім қызмет жасап жүрген «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына, соның ішінде тұп-тура бас басылым басшысы Сауытбек Абдрахмановтың атына жолдадым. Талғамы жоғары, ортаңқол дүниелерге көңілі тола бермейтін парасат иесі бұл әңгімеге қалай қарар екен деген ой да бар. Сөйтіп жүргенде жазушылыққа бет бұрған Жайық қызының әңгімесі бір күні газет бетінде жарқ ете қалды. Мұның өзі М.Шүйіншәлиеваның әңгімесі зерделі басшы азаматтың тарапынан оң бағаланғанын танытады. Осы ретпен бұдан кейінгі кезеңде де жазушының жанының жалауы еткен бірнеше әңгімелері республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген еді.

Қаламгердің өткен 2020 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында «Қазақ кітабы» баспасынан жарық көрген «Өкініш» атты повесть пен әңгімелер жинағы жөніндегі ой-пікірімізді осы кітапқа енгізілген «Служак» атты әңгімесінен бастауымыздың бір мәнісі осында. Ал повесть деп аталғанымен, романның жүгін арқалай алатын «Өкініш» жөнінде бұған дейін де М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкерлері, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжиһан Орда, аға ғылыми қызметкер Дүйсегүл Жақан және сыншы, әдебиет зерттеушісі Бақыт Сарбалаұлы толымды ой-пікір білдіріпті.

Олар бұл қомақты дүние бүгінгі күннің байыпты прозасы, қазіргі қазақ әдебиетіндегі әдемі де әлеуетті үлгілердің бірі деген ортақ ұйғарымға ойысыпты. Әрі әйел-аналар бейнесі арқылы тәуелсіздік тұсындағы қазақ қоғамының өзекті мәселелеріне көңіл аударылғанын атап көрсетеді. Сонымен бірге автордың бүгінгі заманымызда кездесіп тұратын қасіретті тіршілігі арқылы шешімін күтіп тұрған әлеуметтік астары терең мәселелерді бір жерге жинақтауға ұмтылып, қоғам дертіне шипа іздегені де повестің басты құндылығы деп пайымдапты.

Әлбетте, бұған қосып-аларымыз жоқ. Сонымен бірге «Өкініш» повесіне зер сала үңіле қараған адам кейіпкерлердің көңіл-күйлері жоғары кезінде, туған жердің табиғатына серуен-сейіл жасаған тұстарында оның әсем көріністері көркем тілмен кестеленгенін анық аңғара алады. Повесте Жайық жағасында орналасқан қала мен оның маңайы жүрекке жылы әсер қалдыруымен баурап алады. Осы арқылы автор оқырманның Табиғат-ана мен туған жерге деген сүйіспеншілігін һәм махаббатын оятып, осы сезімді тереңдете түсуге ұмтылғанын аңғару қиын емес.

Ойдан ой туады. Жалпы, Еділ мен Жайықтың көркем табиғаты, флорасы мен фаунасы әдебиеттің поэзия, өлең жанрларында көбірек жырланғанымен, бұл мәселе көркем прозада «бір кем дүниедей» сезіліп тұратындай көрінетін. Осы олқылықтың орнын толтыруға Мира Шүйіншәлиева «Өкініш» повесінде қарышты бір қадам жасағандай әсерде қалдық.

Сонымен бірге еліміздің інжу-маржандарының бірі Батыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан Шалқар көлі екені белгілі. Оның әсемдігі мен сұлулығына алғаш тәнті болғандардың бірі көрнекті орыс жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Михаил Шолохов еді. Аталған айдын Шалқар көл мен мұндағы өсімдіктер және жануарлар дүниесі алғаш рет Қазақ КСР-ның  әдебиет саласындағы тұңғыш мемлекеттік сыйлығының лауреаты Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» романында бар нақыш бояуымен келісті түрде келісімін тапқаны белгілі. Содан кейін прозада дәл осылайша Шалқардың күндізгі, кешкі және түнгі шақтағы көрінісін жеріне жеткізе суреттеген прозалық шығарманы кездестіре алар ма екенбіз?  «Өкініш» бұл жөнінде де «Ақ Жайықтың» ізбасары бола алады демекпіз.

Бүгінгі күні Қазақстанның киелі жерлерінің қатарына кіргізілген қасиетті орынның бірі Жайық жағасындағы ежелгі Сарайшық қаласы десек, жазушы  оның да бүгінгі кескін келбетін көркем тілмен сомдай білген. Бұл көріністер мен детальдар «Өкініште» оның басты кейіпкерлерінің бірі Ақкүннің Сарайшыққа алғаш келгендегі мол әсерлері арқылы берілген. Сірә, әдебиеттегі ұтқырлық пен көркемдік шешім деп жүргеніміздің бір мысалы осындай-ақ шығар.

Бұл айтылғандар Мираның үш бөлімнен тұратын үлкен повесінің тек бір қыры ғана екені анық. Тұтастай алғанда, оның көп қырлы кейінгі жинағы оқырманға айтары мен сабақ алар тұстары мол бүгінгі заман тынысын дөп басып, терең зерделей білген шығармасы деп ой түйгіміз келеді.

 

Темір Құсайын,

Парламент сыйлығының иегері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале