8.06.2020, 11:34
Оқылды: 118

Қоғамдық көліктің жүру уақыты шектелді

Өткен сенбіден бастап қоғамдық көліктер барлық санитарлық-эпидемиологиялық норманы сақтай отырып, таңертең сағат 06.00-ден 12.00-ге дейін, кешке сағат 17.00-ден 21.00-ге дейін ғана қызмет етуге көшті. Сондай-ақ азық-түлік және басқа тауарлар түрін сататын базарларға дүйсенбі-бейсенбі күндері сағат 09.00-ден 13.00-ге дейін, ал жұма, сенбі, жексенбі күндері сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді.

IMG-20200511-WA0080

Бұл туралы жұма күні өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев мәлімдеді.

Брифинг барысында өңірдің бас санитары биылғы жылғы 11 мамырдағы №14-ПГВр «Батыс Қазақстан облысының аумағында коронавирустық инфекцияның (COVID-2019) таралуына жол бермеу жөніндегі шаралар туралы» қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін мәлімдеді.

-Өңір тұрғындарына тұрғылықты жері бойынша отбасылық жиын- шараларды өткізуге тыйым салынады. Жоғарыда аталған қаулының қосымшасында көрсетілген рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізіміне енгізілмеген саланың барлық мекеме-кәсіпорны карантиннің қолданылу уақытында әдеттегі жұмыс режімін тоқтатуы тиіс және өз қызметін қашықтан, онлайн режімінде жалғастыра алады. Мейрамханалар мен дәмханалар, асханалар және басқалары өз қызметтері барысында санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сай, кемінде бір метр ара қашықтықты сақтап, бес адамнан артық кезектің пайда болуына жол бермеуі тиіс. Үстелдердің арасындағы қашықтықты кемінде екі метр етіп қойылып, бір үстел басында отырушылар саны төрт адамнан аспауы керек. Оларға сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Бұрын облыста коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны сырттан келгендермен толықса, соңғы кезде ауырған адамдармен жақын қарым-қатынаста болған тұрғындар арасында да анықталуда. Әлемдік тәжірибе вирустың адамдар тығыз байланысқан жерде жұғу қаупі жоғары екендігін көрсетті. Осыған байланысты адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға, ұйымдастырылған жиындарға қатыспауға, әлеуметтік қашықтықты сақтауға, жабық үй-жайларға кіргенде міндетті түрде бетперде тағуға шақырамыз. Егер топтық жиындар кесірінен халық арасында коронавирус жұқпасының таралуы анықталса, бұл заңнамамен қарастырылған жауапкершілікке, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкелетіндігін ескертеміз. Тек карантин талаптарын, санитарлық-эпидемиялық режімді сақтау арқылы өзімізді және өз отбасымызды бұл індеттен қорғай алатынымызды тағы да ескерткім келеді, – деді облыстың бас санитары.

Нұрбек Оразаев

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале