9.04.2024, 12:00
Оқылды: 62

Көктемгі әлсіздікті қалай еңсереміз?

Көктемді «көкөзек шақ» немесе «жуанның жіңішкеріп,  жіңішкенің үзілетін шағы» деп атайды. Осы мезгілде кей адамның ағзасы әлсіреп, жұмысқа қабілеті төмендейді, дел-сал күй кешеді. Тез шаршайды. Жүйкесі жұқарып, сәл нәрсеге ашу шақырады. Кейде қан қысымы төмендейді немесе көтеріліп кетеді. Шашы жиі түсіп, көздің көру қабілеті нашарлайды. Тіпті тырнақтың реңкі  өзгеріп, қаншалықты күтіммен қарасаң да, қалпына келмейді. Онда сызықтар мен дақтар пайда болуы мүмкін. Бұрыннан созылмалы сырқаты бар адамдардың дерті қайта қозып, кейбіреулер жаңадан ауру жұқтыруы мүмкін. Ал дәрігерлер бұл жағдайлардың барлығы дерлік адам бойындағы дәрумендердің азаюынан, жиі көңілсіз жүргеннен туындайтынын айтады. Ендеше көктемгі әлсіздіктен қалай құтыламыз? Оқыңыз!

istockphoto

Фото: istockphoto.com

Дәрумендер қандай өнімдерде бар?

А дәрумені сәбіз, ақжелкен, сиыр бауыры мен сүтте, жұмыртқаның сарысында бар. Қызыл, сары жемістерде, яғни сәбізде, қызанақта, өрікте, асқабақта кездеседі. А дәруменінің ағзаға қажет тәуліктік мөлшері 2,5-10,5 мг.

D дәрумені арқан балық (скумбрия), консервіленген тунец, қой мен сиырдың бауырында және күн сәулесінде болады. Кейбір шетелдік дереккөздердің мәліметінше, Covid-19 диагнозы расталған науқастардың көбінде D дәруменінің жетіспеушілігі байқалған. Жас сәбилерде D дәруменінің жетіспеуінен болатын ауру мешел (рахит) деп аталады. Мешел ауруына шалдыққан балалардың қаңқасы дұрыс қалыптаспайды. Аяқ сүйектері дене салмағының әсерінен майысады, сүйек баяу дамиды, ұйқысы қашады. Жұқпалы аурулармен жиі ауырады. Сондықтан сәбилердің мешелге шалдықпауы үшін күн сәулесіне шығарып шынықтырады.

Eдәрумені кез келген жаңғақтың түрінде, күнбағыс дәндерінде және қырыққабатта, жұмыртқа мен сүт өнімдерінде кездеседі.

C дәрумені итмұрында, тәтті бұрышта, қарақат пен цитрус өнімдерінде бар. Бұл дәрумен ағзаның жұқпалы ауруларға қарсы тұра алу әрекетін арттырады. Сүйекке және тіске беріктік қасиет береді.

Мырыш тауық, сиыр, қой етінде және күнбағыс дәндерінде болады.

Селен тауық, сиыр еті мен жұмыртқада, жүгеріде бар. Бұл минерал иммундық жүйені нығайтуда маңызы зор.

Мыс негізінен теңіз өнімдерінде, жаңғақта, дәнді дақылдарда кездеседі. Ол адамның сүйегі мен бұлшықетінің беріктігін қамтамасыз етеді.

Магний: жаңғақта және қарақұмық пен асқабақта бар. Егер адам ағзасына магний жетіспесе, ол мазасызданып, үнемі шаршап жүреді. Тұла бойын әлсіздік басады. Сондықтан жоғарыда аталған дәруменді өнімдерді тұтынып, ағзаның аурумен күресу қабілетін арттырыңыз.

Иммунитет көтерудің бес жолы

  1. Жоғарыда аталған тағамдарды ас мәзіріне қосыңыз.
  2. Қант қосылған тағамдардың қолданылуын шектеңіз. Оның мөлшері күніне алты шай қасықтан аспауы керек.
  3. Дастарханыңызда әрдайым көкөністерге толы табақ тұруы тиіс.

Оны тұтынарда «кемпірқосақ» қағидасын қолданыңыз. Нақтырақ айтсақ, көкөніс табағыңызда кемпірқосақтың барлық түсі кездесетін жеміс-жидек пен көкөніс болуы қажет. Осылайша ағзаға бір уақытта барлық мультидәрумендер мен минералдар сіңеді.

  1. Күндізгі сағат 11.00-ге дейін немесе күн сәулесі азайған кезде, яғни шамамен сағат 16.00-ден кейін сыртта, күн көзінде жүруге тырысыңыз. D дәрумені жетіспесе, оны дәрі-дәрмек түрінде қосымша қабылдаңыз.
  2. Денені шынықтырар жаттығулар жасаңыз немесе кешқұрым таза ауада серуендеңіз.

Сырқатыңыздың сырын біле жүріңіз!

Теріңіз құрғай ма? Шашыңыздың түсі өңіп, жылтырлығынан айрылды ма? Онда ағзаңызға А дәрумені жетіспейді деген сөз. Мұндай кезде иммунитет төмендеп, ағзаның ауруға қарсы тұру қабілеті кемиді. Аурудың алдын алу үшін сәбіз, өрік, қызылша және куркума дәмдеуіші қосылған тағам жеген жөн.

Ежелгі үнділіктер сүтке куркума, бал қосып ішкен. Бал қосылған сүт көптеген жұқпалы және қабынбалы аурудың алдын алуға септігін тигізеді.

Басыңыз айналып, құлағыңыз шуылдай ма? Бұл белгілер ағзаға В6 және Е дәрумендерінің, марганец пен калийдің жетіспеушілігінен пайда болады.

Көзіңіз қызарса, қараңғы жерге кіргенде бірден үйренісе алмасаңыз, онда ағзаңызға А және В2 дәрумені жетіспейді.

Егер В12, В6, Р және селен минералдары жетіспесе, баста қайызғақ көбейіп кетеді.

Ұйқысыздықтың себебі – В тобындағы дәрумендердің, калийдің, кальцийдің тапшылығынан.

Темір жетіспеген кезде, ағза әлсірейді. Ал йод жетіспеген кезде ашушаңдық және ұйқышылдық белең алады. Кальций болмаса, шаш жиі түсіп, тырнақ сына береді. Магний тапшы болса, сіңіріңіз жиі тартылып, жүйкеңіз тез тозады.

Егер соғып алған жеріңіз көпке дейін жазылмаса, көгергені кетпесе, сізде С дәрумені жетіспейді. Сондай-ақ бұл дәрумен тапшы болса, қызыл иегіңіз жиі қанап, жүрек соғысыңыз жиілейді.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале