Оралда қазанның 1-інен бастап қоқыс шығару тарифі 659 теңге болады. Осылайша шаһарда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау мен оларды көмудің ақысы қымбаттады. Бұл тариф қалалық мәслихаттың кезектен тыс 30-сессиясында бекітілді.

Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылжан Хайруллин тарифті көтерудің жай-жапсарын баяндады. Оның айтуынша, бұған дейін бөлімнің арнайы есебіне сәйкес қатты тұрмыстық қалдықтар шығару қызметінің тарифін 1130 теңге деп бекіту ұсынылған. Депутаттар талқылай келе, тарифті 733 теңгеге түсірген. Алайда бұл тарифті де сараптап, 659 теңгеге түсіруді ұсынды.
– Осы ретте айтып кететін жайт, есептелген әрбір тариф ауадан алынған дүние емес. Ол қаланың күнделікті тыныс-тіршілігіне атсалысып жүрген жұмысшылар мен арнайы техникалардың бірқалыпты жұмыс істеуіне әсер ететіні сөзсіз. Жаңа тариф бір адамға – 659 теңге. Бұған қоса Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 100 пайыз, ал ҰОС қатысушыларына теңестірілгендерге, І топтағы мүгедектігі бар адамдарға, көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Статистикаға сүйенсек, отбасылық құраммен есептегенде 20-25 мың адам жеңілдікпен қамтылады. Белгіленген тарифтердің өз құны болады. Мәселен, 1130 теңгенің тарифіне жылма-жыл 6-7 арнайы техника сатып ала алсақ, ал 733 теңгенің тарифіне 4-5 техника келеді. Ұсынылған жаңа тарифке сәйкес 2-3 техника алу жоспарланып отыр, – деген қалалық бөлім басшысы тарифті бекітуді ұсынды.
Қалалық мәсихаттың депутаты Мақсат Айсауытов соғыс ардагерлеріне арналған 100% жеңілдікдің сақталып тұрғанын, бірақ бүгінде мұндай санаттағы ардагерлердің мүлдем азайғанын алға тартып, сын айтты. Сондай-ақ тарифтің неше пайызға көтерілгенін, жалпы біртіндеп қымбаттату жайын сұрады. Асылжан Хайруллиннің айтуынша, соңғы рет 2022 жылы тариф 442 теңгеге көтерілген. Сол кезде депутаттар тарифті 3-4 жылдан кейін бірден 50-60 пайызға көтермей, жыл сайын индексацияға сәйкес көтеруді ұсынған. Бөлім басшысы бұл мәселе қарастырылып жатқанын айтты. Биыл тариф шамамен 60 пайызға көтеріліп отыр.

Қалалық мәслихаттың депутаттары ұсынылған тарифті бірауыздан қолдады. Оралдағы көпқабатты үйлердің тұрғындары қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарғаны үшін бір адамға 659,51 теңге төлесе, жер үйде тұратындар 672,49 теңге төлейді. Ал заңды тұлғалар үшін тариф – 3115,80 теңге. Сессия отырысында қала әкімі Мұрат Байменов депуттаттарға қоқыс жинайтын коммуналдық мекеме басшысының есебін тыңдауды ұсынды. Мекеме ұжымымен кездесіп, жұмысына мониторинг жүргізбек. Яғни коммуналдық қызмет көрсететін мекеме басшысы қанша қаражат жиналғанын және қайда жұмсалғанын, неше және қандай техника алғаны жөнінде есеп бермек.
Айна Имашева,
Орал қаласы