28.08.2026, 17:30
Оқылды: 12

Көкжөтел мен қызылша өршіп тұр!

Басшы орынбасарының айтуынша, қызылша бойынша жағдай айтарлықтай күрделенген. Биылғы жеті айда облыста 298 жағдай тіркелсе, былтыр осы кезеңде 18 жағдай анықталған. Яғни, бір жыл ішінде қызылшаға шалдыққандар саны 280 адамға көбейген. Көкжөтел бойынша да өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық деңгейі өскен.

The boy's skin condition suggests an allergic reaction.

Сурет: istockphoto.com

Қызылшамен ауырғандардың басым бөлігі ауруға қарсы екпені уақтылы алмаған. Жалпы облыста профилактикалық екпелермен қамту көрсеткіші – 93,8 %.
«Қызылшаға қатысты жағдай алаңдатарлық. Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – уақтылы екпе алу. Сондықтан әр ата-ана балаларды екпемен уақтылы қамтуға жауапкершілік таныту қажет», – деді Гүлдана Қайыржанқызы.
Қызылшаның 252 жағдайы Орал қаласында тіркелсе, аудандар арасында Бәйтерек алда тұр. Мұнда 15 жағдай анықталған. Қалған жағдай облыстың өзге аудандарында анықталып отыр.
Қызылша мен көкжөтелден бөлек, биыл кейбір жұқпалы ауру бойынша өсім байқалады. Паразитарлық инфекциялар қатарында аскаридоз бен эхинококкозға шалдыққандар саны 5 адамға, лямблиозбен ауырғандар 12 адамға көбейген. Ал бүйрек синдромды геморрагиялық қызбамен биылғы жеті айда 16 адам ауырған. Бұл 2025 жылдың жеті айындағы көрсеткіштен 4 адамға көп. Ол кезде аталған ауруға 12 адам шалдыққан. Туберкулез де биылғы жеті айда 153 адамнан анықталған. Өткен жылдың жеті айында 145 адамға туберкулез диагнозы қойылған.
Бүйрек синдромды геморрагиялық қызбамен ауырғандардың кеміргіштермен байланыста болғаны, балық аулауға шыққаны, шөп шабуға қатысқаны белгілі болған. Сондықтан мамандар шөп, бидай және бидай өнімдерімен жұмыс істегенде, сондай-ақ кеміргіштер мекендеуі мүмкін шаң-тозаңы көп бөлмелерде респиратор қолдануға кеңес береді. Кеміргіштер ластауы мүмкін азық-түлікті тұтынбауды алға тартады. Сондай-ақ сарыптың да алдын алу үшін мамандар рұқсат етілмеген жерден мал өнімдері мен шикізатын сатып алмауға, мал аларда ветеринариялық анықтамасын талап етуге шақырады. Үй жануарларын да сарыпқа уақтылы зертханалық тексеруден өткізіп тұруды да баса айтты.
Ал жұқпалы аурудың бірқатар түрі бойынша керісінше төмендеу байқалады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жіті ішек жұқпалары – 44, сальмонеллез 26 жағдайға аз тіркелген. Менингококк инфекциясы бойынша 1 жағдайға, жіті А вирусты гепатиті бойынша 2 жағдайға, созылмалы вирусты гепатиттер бойынша – 30, АИТВ инфекциясы бойынша 20 жағдайға төмендеді. Жыл басынан бері жіті респираторлық вирустық инфекциямен 24 317 адам ауырды. Тұмау жұқтырғандар саны – 157, ал COVID-19 дерегі 8 адамға кем. Желшешек бойынша да сырқаттану деңгейінің төмендегені байқалады.
2024 жылдан бері облыста жатыр мойны обырының алдын алу мақсатында адам папиллома вирусына қарсы вакцинация жүргізіліп келеді. Осы уақытқа дейін 11-17 жас аралығындағы 10 009 қыз бала екпе алған. Ал биыл тұрғындар арасында құтыру ауруы анықталмағанымен, жануарлардан зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінгендер саны көбейген. Биылғы жеті айда жануарлардан жарақат алып, 1803 адам медициналық көмекке жүгінген. 2025 жылдың жеті айында бұл көрсеткіш 1607 адам болса, биыл жануарлардан зардап шеккендер саны – 196.

Кереева
«Эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығы сала мамандарының жүйелі жұмысына ғана емес, тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілігіне де байланысты. Екпені уақтылы алу, жылына бір рет флюорографиялық тексеруден өту, жаңа туған сәбиге төрт күн ішінде БЦЖ екпесін салу, сондай-ақ тазалық сақтау, қауіпсіз тағам тұтыну, табиғат аясында сақтық шараларын ұстану, ауру белгілері байқалғанда дәрігерге дер кезінде қаралу – көптеген кеселдің алдын алуға мүмкіндік береді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді халқымыз. Бұл сөз қай заманда да өзекті. Жұқпалы аурудың алдын алу – ауруды емдеуден әлдеқайда тиімді. Сондықтан әр азамат өзінің ғана емес, айналасындағы жандардың да саулығына жауапкершілікпен қарауы қажет», – деді Гүлдана Кереева.

 

Ернар Жақыптегі,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале