17.11.2022, 9:32
Оқылды: 99

Көлік инфрақұрылымына – 1,9  млрд теңге

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс ХV сессиясы өтті. Сессияға облыс әкімі Ғали Есқалиев, облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев, облыстық мәслихат депутаттары, қалалық, аудандық мәслихат хатшылары, салалық басқарма  басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.  

6272e2eb-6898-4bf2-9c72-cba515b228b0

Күн тәртібінде облыстық мәслихаттың 2021 жылғы 15 желтоқсандағы №8-1 «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, осыған орай облыстық қаржы басқармасының басшысы Тілепберген Қаюпов баяндама жасады.

– Өзгерістерді ескере отырып, облыстық бюджет 381,1 млрд теңгені құрады. Бюджеттің негізгі бағыты болып саналатын әлеуметтік салаға 1,7 млрд теңге бағытталды. Соның ішінде, білім беру саласына – 953,2 миллион теңге, денсаулық сақтауға – 138,5 млн теңге, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамтамасыз етуге – 79,4 млн теңге, мәдениет, спорт және ақпараттық кеңістікке – 526,6 млн теңге қаржы қарастырылды.  Шығыстардың негізгі бөлігі мынадай іс-шараларға бағытталып отыр. Нақтырақ айтсақ, 1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету, жалпыға бірдей оқу қорының шығыстары, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу – 656,3 млн теңге, азаматтарды елді мекеннен тыс жерлерге емделуге тегін және жеңілдікпен жол жүрумен қамтамасыз ету – 80 млн теңге, мемлекеттік шығармашылық тапсырысты қаржыландыру және мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру – 300 млн теңге. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаны қорғауға 1,4 млрд теңге бөлінбек. Оның ішінде: эпизоотияға қарсы іс-шаралар – 304 млн теңге, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін мамандандырылған ұйымдарға кредит беру – 1 млрд теңге, Ақжайық ауданының Азынабай – Тайпақ  суландыру жүйесін қайта жаңартуды жалғастыру – 100 млн теңге. Бұдан бөлек көлік инфрақұрылымын қаржыландыруға 1,9 млрд теңге қаржы қарастырылмақ. Атап айтқанда, Орал қаласының әлеуметтік маңызы бар бағыттары бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялау, Жаңақала ауданы мен Орал қаласының аутомобиль жолдарына ағымдағы және орташа жөндеу жүргізу, сондай-ақ Казталов ауданының Жалпақтал кентіндегі кентішілік аутомобиль жолдарын реконструкциялауды аяқтау көзделген, –деді Тілепберген Ерсайұлы.

Одан әрі облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағамбетовтың «Батыс Қазақстан облысы елді мекендері аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бекіту туралы» шешімінің күші жойылды деп тану жөніндегі баяндамасы тыңдалды.

9356293f-9f31-4d27-8f6f-64610f237590

Сессия барысында облыстық мәслихат депутаттары тарапынан жол жөндеуге қатысты  бөлінген қаражаттың игерілмеуі, қысқы дизель отынының тым қымбаттап кетуі секілді өзекті мәселелер көтерілді.  Өз кезегінде облыстық мәслихат хатшысы Б. Тишанқызы облыстық мәслихаттың барлық сессиялары ашық сипатта өтетінін, депутаттардың сессия алдында өткізілетін тұрақты комиссиялар отырысында өзекті мәселелерді алға тартып, олардың оң шешілу жақтарын қарастыруды дәстүрге айналдырып отырғанын хабарла-ды.

Депутаттар күн тәртібіндегі облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілген  қағида мен кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы  мәселелерді қарап, бекітті. Сессия жұмысына қатысқан облыс әкімі Ғ. Есқалиев депутаттардың облыстағы маңызды мәселелерді шешуде атқарған ауқымды жұмыстарына оң бағасын берді. Алдағы уақытта да облыс көлеміндегі жол, су, азық-түлік бағасын тұрақтандыру, қосымша кіріс көздерін анықтау секілді мәселелерді бірлесе шешуге, тұрақты комиссиялар отырысында сала бойынша бірігіп жұмыстануға шақырды. Айта кетсек, 2019 жылы облыстық қоғамдық кеңесте өңіріміздің  тарихшылары мен өлкетанушылары айтулы жерлесіміз Сейітқали Меңдешевті қоғамға кеңірек насихаттау мақсатында оған Орал шаһарында ескерткіш тұрғызу жөнінде  облыс әкімдігіне ұсыныс түсірген болатын. Бір қуантарлығы, облыстық мәслихаттың ХV сессиясында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ АКСР ОАК-нің тұңғыш төрағасы (1920-1925), Кеңестік Қазақ-станның тұңғыш президенті, қазақ жерін жинақтаушы бірегей тұлға Сейітқали Меңдешевтің еңселі ескерткішін тұрғызуға құзырлы мекемелер тарапынан қомақты қаражат бөлінетін болды.

Алтынбек Серікқалиұлы,

zhaikpress.kz 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале