23.09.2022, 21:05
Оқылды: 161

Қорғаныс министрлігі тегін оқу мүмкіндігі ұсынылатын сарбаздарды қалай анықтайды?

Қорғаныс министрлігі ҰБТ нәтижесін есепке алмай, жоғары оқу орындарында тегін оқу мүмкіндігі берілетін үздік сарбаздарды қалай анықтайды? Бұл туралы аталған ведомство басшысының кеңесшісі Айгүл Төлембаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

IMG_20220923_102841

«Тегін білім алуға үміткерлерді анықтау механизмі олардың қызмет процесіндегі бағалау көрсеткіштеріне негізделеді. Сондай-ақ, қоғамдық қызметтегі тәртібі мен белсенділігі де ескерілетін болады. Осы мақсатта әрбір сарбаздың рейтингі жасалып, сарбаздардың аналары мен басқа да қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен тұратын комиссияда қаралады», - деп жауап берді Қорғаныс министрінің кеңесшісі ҚазАқпарат тілшісінің сауалына орай.

Айгүл Төлембаеваның мәліметінше, бұл механизмнің толық сипаттамасы бір ай ішінде Қорғаныс министрлігінің сайтында жарияланады.

«Біз еліміздің барлық жоғары оқу орындарымен жұмыс жүргізетін боламыз. Олар тегін оқыту мүмкіндігін ұсыну арқылы жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне өз үлестерін қосады деп үміттенеміз. Тегін оқитын азаматтар ұсынылған тізімнен ЖОО мен мамандықты өз қалауынша таңдай алады. Алайда, оқуға қабылдау үміткердің рейтингіне сәйкес, Ғылым және жоғары білім министрлігінің тәртібімен жүзеге асырылады», - деп атап өтті Қорғаныс министрінің кеңесшісі.

Бұрын хабарлағанымыздай, Қорғаныс министрлігі Отан алдындағы борышын мінсіз өткерген азаматтар еліміздің университтерінде тегін оқи алатынын мәлімдеп еді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале