4.02.2025, 10:15
Оқылды: 201

Көрші елде тасқын қаупі күшейді...

Ресейде  соңғы  жүз  жылда  болмаған  жылы  ауа  райы  желтоқсанда  түскен  қалың  қардың  еруіне  алып  келді.  Соның кесірінен  өзендер  арнасынан  шығып,  тасқын  су  үш  ай  ерте  келуде.  Қорған,  Түмен  және  Омбы  облыстарын  су  басу  қаупі  бар.  Орынбор облысындағы  жағдай  да  қауіпті.  Орск қаласы  маңындағы  Жайық  өзені  13  сантиметрге  көтерілген.  Көрші  ел  билігі  тасқынның  алдын  алу  үшін  Ирикла  су  қоймасына  жиналған  суды  ағызып, өз аумақтарында Жайық  деңгейін  барынша  төмендетіп  жатыр. 

М Салык0 (1)

Мұндай жағдай біздің елге де қауіп төндіруі мүмкін. Өңір төтеншеліктері тасқынға дайын ба? Былтырғы жағдай қайталанбау үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының инженері, азаматтық қорғау капитаны Айбек Ғаділжановтың айтуынша, қазір Жайық өзенінің деңгейі 105 сантиметрді құрап отыр. Бұл анау айтқандай қауіпті емес. Ал елге қауіп төндіретін деңгей 850 сантиметрді құрайды.

–  Су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары Жол картасы аясында және инженерлік жұмыстар «Демеу» қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр. Бұл кезеңде облыс бойынша су тасқынына қарсы 106 іс-шара орындалды. Көктемге  дейін 7 жаңа гидробекет ашу жоспарланып отыр, оның 6-уы тұрақты, 1-еуі маусымдық болады. Сонымен қатар  Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінде су тасқыны қаупін ерте анықтау үшін аутоматтандырылған үш кешен орнату көзделіп отыр. Бұл кешендер су деңгейінің өзгеруін бақылап, ерте ескерту жүйесінің тиімділігін арттырады, – дейді төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының инженері, азаматтық қорғау капитаны Айбек Ғаділжанов.

М Салык0 (2)

Одан бөлек қар шығару жұмысы да жүріп жатыр. Ол жұмысты іске асыруға 1,7 миллиард теңге бөлінген. Қыс басталғалы 153 мың текше метр қар шығарылған. Бұл жұмыстар облыс аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тасқын судың алдын алу үшін маңызды.

– Су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайларды жою үшін 1817 техника, 123 жүзу құралы, 455 мотопомпа, сонымен қатар 4126 адам тасқынға тосқын қоюға дайын. Қазір 2162 тонна инертті материал, 328560 дана қапшық және 27,5 мыңнан астам топырақ салынған қап әзірленді. Су тасқынының алдын алуға бағытталған іс-шаралар пысықталды, – деді Айбек Ғаділжанов.

Ақпан айы басталмай жатып, еріген қар наурыз бен сәуірде облысымызға қауіп төндіруі мүмкін. Алда болатын қауіптің алдын алу маңызды. Қала маңындағы Коминтерн елді мекені қауіпті аймақта. Былтыр аталған ауыл маңындағы бөгеттерді нығайту жұмысы басталған. Ұзындығы бір шақырымнан асатын бірнеше бөгет нығайтылды. Сонымен қатар Анискин көлі айналасы биіктетілді. Орал қаласы аумағындағы 420 метр бөгет нығайтылды.

Төтеншеліктер су тасқынына дайындық жұмысы жоспарға сәйкес жүріп жатқанын айтты. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты, тасқынның алдын алу жұмыстары жалғасуда. Барлық жұмыстардың мерзімінде аяқталуы және су тасқынына қарсы іс-шаралардың тиімділігі облыс тұрғындарының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Біз өз кезегімізде төтенше жағдайдың алдын алу жұмысы қалай жүріп жатқанын бақылап, төтенше жағдайлар департаментінен уақтылы ақпарат алып отыратын боламыз.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале