13.01.2022, 18:00
Оқылды: 126

Қос ауыл газбен қамтылды

Былтыр Бәйтерек ауданының 8 ауылына газ құбырын тарту жұмысы басталды. Жыл басындағы жаңалық – мердігерлер соның тең жартысын көгілдір отынмен қамтып үлгерді. Бүгін Махамбет ауылдық округінің Павлов және Горбунов елді мекендерінің тұрғындары салтанатты түрде көгілдір отын алауын тұтату рәсіміне куә болды. Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжанов қос ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісіп, ізгі лебізін білдірді.

WhatsApp Image 2022-01-13 at 17.45.49

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша барлық ауылды табиғи газбен және таза сумен қамту мәселесі жіті бақылауда тұр. Қазіргі уақытта аудан жұртшылығының 97,5 пайызы көгілдір отын игілігін көруде. Егер сегіз ауылды газдандыру сәтті аяқталса, аталған көрсеткіш 99,5 пайызға дейін артады. Әлеуметтік жағдайға қатысты мәселелер біртіндеп шешілуде. Ауыл тұрғындарына түйткілдің шешімі табылғанша, сабыр сақтап, төзімділік танытқандарына алғыс айтамын. Енді «Нұрлы жол» бағдарламасы ауқымында көгілдір отын игілігін көретін боласыздар, – деді Марат Тоқжанов Горбунов ауылында өткен іс-шара кезінде. Содан кейін еңбек ардагері Юрий Колошин екеуі көгілдір отын алауын тұтатты.

45

Аудан әкімі бастаған топ Павлов ауылында Аяповтар отбасын арнайы құттықтаса, Горбунов ауылында Альфия Өтеуованың үйіне барып, қуанышымен бөлісті.

WhatsApp Image 2022-01-13 at 17.45.49 (2)

- Күні-түні «Балалар тоңып қалмасын деп», бұған дейін үйді пешпен жылытатынбыз. Отын ретінде қи мен ағашты, көмірді пайдаланатынбыз. Таңмен ерте тұрып, пешті тұтатуға тура келеді. Іңір кезінде де шоққа көмір саламыз. Қатты отынды сатып алу қымбатқа түскендіктен, тұрғындар көбіне ауыл айналасындағы ағаштарды кесіп алып келетін. Үйге газ жабдығын орнатуға 300 мың теңгеден астам қаражат жұмсадық. Есесіне, көгілдір отын игілігін көретінімізге қуаныштымын. Осы жетістікті ортақ игілік, өркениеттің бір белгісі деп санаймын. Енді ауылымызға балалар ойын алаңы, балабақша, бастауыш мектеп ғимараттары салынса, құба-құп болар еді», – деп ақтарыла сөйлеген Альфия Өтеуова өз ұсынысын білдірді. Көрші ауылдың мерекелік көңіл күйіне шат-шадыман болған, осынау мерейлі сәтті арнайы көруге келген павловтық Ләйла Колбисенова ізгі тілек желісін жалғады.

47

– Ағаштың текше метріне, шамамен, 1100 теңге жұмсайтын едік. Отын бағасы қалтаға соғатыны жасырын емес. Тұрғындардың көбі көгілдір отын келуін асыға күтті. Бұрын Павловтан көшіп кеткендер газ құбыры жеткізілгенін естіп, ауылға оралғысы келуге ниет білдіруде. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауылымыз тұщы сумен қамтылған. Округтегі шұрайлы алқап мал бағуға қолайлы, – деді Ләйла Колбисенова.

Бір-бірімен қоңсы отырған қос ауыл тату-тәтті ғұмыр кешуде. Махамбет ауылдық округінің Павлов ауылында 52 түтін болса, Горбунов ауылында 36 үй бар. Горбуновта тұратын оқушылар көрші ауылдағы мектепке барып оқиды. Осы мақсатта әкімдік «Газель» көлігін пайдалануға берген.

– Былтыр мемлекеттік бағдарлама ауқымында аудан бойынша құрылыс саласында 30 жоба басталды. Тоғыз ауылдың кіреберіс жолы жөнделуде. Былтыр сегіз ауылды газбен қамтуға бюджеттен 500 миллион теңге қаражат бөлінді. Алты ауылды газдандыру республикалық, екі елді мекенге көгілдір отын жеткізу аудандық бюджет есебінен жүргізілуде. Биыл бұл бағытта жұмыс жалғасын тауып, жоспарға сай Ақсу, Ақбидай, Кирсанов, Кіші Шаған ауылдарына газ желісі тартылады, – деді Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов.

WhatsApp Image 2022-01-13 at 17.45.49 (3)

Облыс орталығына жақын орналасқан Махамбет ауылдық округі жылдан-жылға даму үстінде. Округ орталығындағы ескі ғимарат жергілікті демеушілер көмегімен жөнделіп, 75 орындық балабақша ретінде ашылған. Былтыр ауылдық мәдениет үйінің ғимараты «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауқымында күрделі жөндеуден өтті. Осы ғимараттың бір бөлігі жергілікті кәсіпкер Алмас Аманғалиевке тиесілі болған. Кәсіпкер бір тиын ақы алмастан, ғимарат бөлігін мемлекет теңгеріміне өткізуге шешім қабылдапты. Мәдениет үйінің қосалқы бөлігі былтыр тұтас жаңғыртылып, кітапхана ретінде пайдалануға берілді.

46

-Тоқсаныншы жылдары жекешелендірілген ғимарат бөлігін 2008 жылы иелігіме өткіздім. Бұрын жатақхана ретінде пайдаланылған еді. Нысан аумағы 60 шаршы метр шамасында. Бұған дейін округ орталығында кітапхана болмады. 2021 жылы мәдениет үйі жөнделетінін білген соң, ауыл әкімдігіне ғимаратты қайтаруды ұйғардым,– деді кәсіпкер Алмас Аманғалиев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Нұртай Алтайұлы,

Суреттерді түсірген: Э. Меңдіғали

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале