2.05.2023, 12:45
Оқылды: 64

ҚР Денсаулық министрі Ажар Ғиният: «Республикалық бюджет қаражатының 80 пайызын ел ішінде мамандарды даярлауға бағыттадық»

Өткен жұма күні өңірімізге жұмыс сапарымен ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният келіп, облыстағы бірқатар медициналық нысанды аралады. Ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық әлеуетін бағамдап, жергілікті тұрғындармен кездесті.

«Қоғамымызда диплом емес, білім культке айналуы тиіс»

Министр, алдымен, Теректі аудандық ауруханасына барып, мұндағы 106 төсек-орынға лайықталған тәуліктік стационардың жұмысымен танысты. Ауруханада жалпы терапия, неонатология, хирургия, невропатология, жалпы дәрігерлік  практика, акушерлік және гинекология  бағыттары бойынша көмек көрсететін стационарлық және амбулаториялық-емханалық  бөлімшелер  бар.

– Президенттің «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында ауданымыздың Барбастау, Сарыөмір ауылдарына дəрі-
герлік пункт салу жоспарланды. Биыл қазынадан бөлінген қаражатты үнемдеп, Жайық ауылына дəрігерлік
амбулатория салып, пайдалануға бердік. Аудандағы медициналық мекемелерге «Жедел жәрдем» көліктері жетіспейді. Оған қаржы облыстық бюджет есебінен қарастырылуы керек, – деді Теректі аудандық ауруханасының бас дəрігері  Дархан  Хайрушев.

Министр аурухана ішін аралап, науқастармен тілдесті. Олардың ішінен Гүлмира Нұрлыбекова есімді тұрғын еліміздің бас дəрігеріне мұң-мұқтажын жеткізді. Оның екі бүйрегі де жарамсыз екен. Шұғыл отаны қажет етеді. Ол еліміздің бас дәрігерінен дертіне шипа табуға қолдау көрсетуін өтінді. Сол мезетте өзге де науқастар «Дəрілерді дер кезінде алмаймыз», «Төрт ай өткен соң  бәрін жинақтап бір береді», «Уақтылы ем алу үшін дәріханаға барып, өзіміз сатып алуға тура келеді» деп жанайқайын жеткізді. Мұны естіген министр жауапты тұлғаларға мұндай жағдайдың себебін жедел  анықтауды  тапсырды.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың өңірімізге жұмыс сапары Ақсай қаласында жалғасты. Ақсай қаласында орналасқан Бөрлі аудандық ауруханасына барып, мекеме қызметкерлерімен, емделушілермен тілдесті. Сонымен қатар ауруханадағы диагностикалық және перзентхана бөлімдерін кеңейту және қайта салу жобаларын талқылады.

Аудандық ауруханада 600-ге жуық қызметкер жұмыс істейді, оның 350-і – медицина маманы. Ажар Ғиният ұжыммен кездесуде медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, ауыл медицинасын дамыту, ана мен бала денсаулығын сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, тұрғындарға дәрі-дәрмекті уақтылы беру мәселесін  қозғады.

Министр шетелдік дәрігерлерді қызметке тарту көзделген жобамен де танысты. Сонымен қатар хирургиялық бөлімнің медициналық қызмет сапасын арттыруға байланысты ұсыныс-пікірін айтқан жергілікті дәрігерлердің уәжіне  құлақ  асты.

– Республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың 80 пайызын ел ішінде мамандар даярлауға бағыттадық. Қазір медициналық ұйымдардың өзін-өзі қамтамасыз ете алатынын көріп отырмыз. Тарифтің шеңберінде аса маңызды бағыттар бойынша кадрларды оқыта аласыздар. Енді республикалық бюджет қаржысын шетелде мамандар даярлауға бағыттаймыз. Салалық департаментке өтінім берсеңіздер, соған сай не тәлімгерлерді шақырамыз немесе маманды оқуға жібереміз. Маған қолдағы бар нәрсені емес, нақты қандай көмек керек екенін айтуларыңыз керек, – деді  Ажар  Ғиният.

Одан кейін аудандық мәдениет үйінде Денсаулық сақтау министрі тұрғындармен кездесті. Ажар Ғиният 2022 жылы атқарылған жұмыстар мен ағымдағы жылға арналған жоспарлар және Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы туралы баяндама жасады. Бөрлі ауданы бойынша ауылдық жерлерде (Қарағанды, Қарақұдық, Аралтал, Облавка, Жаңақоныс, Ақсу және Ақбұлақ) 7 жаңа медициналық нысанның құрылысын жүргізу және ауданаралық нысан мәртебесіне ие болатын Бөрлі аудандық ауруханасының ғимаратын жаңғыртып-жаңалау жоспарға енген. Осының арқасында аудандық аурухана инфаркт, инсульт дертіне ұшыраған және ауыр жарақат алған науқастарға жедел көмек көрсетеді. Телемедицина және қашықтағы медициналық қызмет арқылы мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек ұсынады. Емделушілер бұрынғыдай басқа қалаларға сабылмайтын болады.

Содан соң Ажар Ғиният  Орал қаласына келіп, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелерімен, жергілікті атқарушы билік өкілдерімен, денсаулық сақтау басқармасының мамандарымен  кездесті. Сондай-ақ ол жиынға медициналық ұйымдардың, бейінді ведомстволар мен БАҚ басшылары қатысты. Іс-шараның ашылуында министр мүмкіндігі шектеулі жандардың, балалардың және ардагерлердің құқығын қорғауда үкіметтік емес ұйымдардың үлесі зор екенін атап өтті.

– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында біз еліміздің барлық өңірін аралап, халықпен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, журналистермен кездестік. Бұл – денсаулық сақтау саласы үшін өте маңызды және атқарылуы тиіс жұмыс. Бұл сапарымызда Батыс Қазақстан облысының екі ауданына бардық. Науқастармен, облыс тұрғындарымен тілдестік. Өңірдегі медициналық қызметтердің сапасы, ауруханалар мен емханалардың жұмысы туралы олардың пікірлерін білдік, – деді А. Ғиният.

Жиында БҚО ардагерлер кеңесінің мүшелері мүмкіндігі шектеулі жандар үшін санаторийлік-курорттық емдеудің қолжетімділігін қамтамасыз ету, медицина саласына заманауи технологияларды енгізу және кадрлық әлеуетті нығайту туралы мәселелер  көтерді.

Гүлсезім Ерболатқызы,

Мария Пирог

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале