Круглоозерный кентінде тұрғындардың игілігіне арналған жаңа Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Бұл нысан елді мекеннің мәдени және қоғамдық өмірін дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі болып саналады.

2025 жылдың маусым айында басталған құрылыс жұмыстары толық аяқталып, заманауи талаптарға сай бой көтерген ғимарат енді тұрғындарға қызмет көрсетеді. Жалпы ауданы 1533 шаршы метрді құрайтын Мәдениет үйі 250 көрерменге арналған.

Жаңа нысан қалалық Жастар мәдениет үйінің қарамағына беріліп, мұнда №14 қалалық кітапхана жұмысын жалғастырады. Сонымен қатар тұрғындар үшін спорттық секциялар, би және шығармашылық үйірмелер ұйымдастырылады.

Мәдениет үйінің ашылуы кент тұрғындарына өнер мен білімге, шығармашылық пен спортқа жақын болуға мүмкіндік беріп, жастардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасайды.
Мейрамгүл Сәрсенғалиқызы,
zhaikpress.kz
