11.12.2020, 10:38
Оқылды: 143

Круглоозерныйдан жер телімдері берілмек

2019-2020 жылдар аралығында облыс бойынша 911 мың га пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер анықталды. Қазіргі  уақытта оның 116 мың гектарын жерді пайдаланушылар өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарды. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы айналымына 43 мың га қайта енгізілді.

844FFB2C-2173-4073-97D0-2CF6C360C69D

Бұл туралы сәрсенбіде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте БҚО жерді пайдалану басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиев мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, жергілікті атқарушы құрылымдар тарапынан жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жер пайдаланушылар 465 мың га жерді игеруге кірісті. Қазіргі таңда қалған 330 мың га құрайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде.

– Қазіргі таңда жер заңнамасына сәйкес, жер учаскелерін табыстау ерекше жағдайларды қоспағанда сауда-саттық (конкурс, аукцион) арқылы жүзеге асырылады. Аталған механизм жерді табыстау барысында ашықтықты, бәсекелестікті, жемқорлық тәуекелдерін жоюды қамтамасыз етуге бағытталған. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер конкурстық комиссия отырысының қорытындысы бойынша жерді пайдаланудың неғұрлым қолайлы шарттарын ұсынған қатысушыға конкурс арқылы табысталса, елді мекен шегіндегі кәсіпкерлік мақсатындағы жер учаскелеріне жалдау құқығы ең жоғары баға ұсынған қатысушыға аукцион арқылы сатылады. Қазіргі таңда  аукциондар электронды форматта gosreestr.kz сайтында  өткізілуде, – деді ол.

Спикердің айтуынша, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесін беру бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылған. Биылғы 1 желтоқсандағы жағдайға сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға кезекте тұрған азаматтардың саны  104 191-ді құрайды. Оның ішінде Орал қаласы бойынша 72 437 азамат. Былтыр осы мақсатта аудандарында  1502 жер учаскесі берілсе, биыл оның саны 366 жер учаскесін құрады. Бүгінгі таңда облыс бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 572 жер телімінің берілуі жоспарлануда. 2017 жылы аталмыш бағдарлама аясында Оралдың Круглоозерное кенті аумағында жеке тұрғын үй құрылысына арналған 1141 жер учаскесіне егжей-тегжейлі жобалау жоспары дайындалып, бекітілді. Бүгінгі таңда аталған жер учаскелерін сумен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз етілгеннен кейін жер учаскелері кезекке сәйкес берілетін болады.

– Облымыздың 12 ауданында «Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар» жергілікті аудандық мәслихаттардың шешімімен бекітілді. Оның ішінде тоғыз аудан бойынша 2019-2020 жылдарға арналған жоспарлар, ал үш аудан бойынша 2020-2021 жылдарға арналған дәл осындай құжаттар БҚО Әділет департаментінде нормативтік-құқықтық акт ретінде тіркелді. «Жайылымдарды геоботаникалық зерттеу негізінде жайылым айналымдарының схемасын бекіту туралы» 12 аудан әкімдіктерінің қаулылары қабылданды. Бүгінгі күні облыс бойынша аудандарда 2021-2022 жылдарға арналған «Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану бойынша жоспарлар» әзірлеу бойынша ауылдық округтер бөлінісінде жұмыстар жүргізілуде, – деді Мұрат Амангелдіұлы.

Мәди Ықылас,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале