3.03.2018, 12:39
Оқылды: 678

Күйзеліс неге дендейді?

 

Күнделікті тірліктегі күтпеген оқиғалар, ауа райының күрт өзгеруі, жұмыстағы келеңсіз мәселелер, денсаулықтың сыр беруі, бала-шағаның сұранысы, несиенің қайтарымы адамды сең соққан балықтай сансырататыны белгілі. Сондай сәттерде жаның күйіп, көкірегің шерге толады. Мұны медицина тілінде «депрессия», яғни жанның күйзелуі дейді.

Күйзеліске түскендердің дені тұйықталып, жан сырын өзгемен бөліспей, томаға-тұйықтыққа ұрынады. Сана-сезімнің тоқырауынан туындайтын жүйке жүйесі дертінің себеп-салдары мен күйзелістің алдын алу жолдарын  сала мамандарынан сұрап білген едік.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемде  жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейінгі орында жүйке жүйесі дерті тұр екен. Жан күйзелісі – тек адамның көңіл күйіне әсер ететін психологиялық фактор ғана емес, сондай-ақ бұл мәселе денсаулыққа да кері әсерін тигізетін медициналық проблема. Күйзелісті әркім әртүрлі қабылдап, өзінше жол табуға тырысады. Осы орайда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының психологы Назым Сағаденова  депрессияның бірнеше түрі болатынын айтады.

– Күйзеліс – сырқаттың емі табылатын түрі. Сананы сергелдеңге түсірген уайымнан адам үш-төрт күнде айығып кете алады. Егер осы аралықта ешқандай өзгеріс болмаса, психотерапевт маманға қаралған жөн. Ұлттық табиғатымызға сай қазақтардың дені «бас жарылса, бөрік ішінде» деп үйдегі жағдайды, жеке басындағы келеңсіздікті сыртқа шығармайды.  Екіншіден, көп адам медициналық картасына психиатрға барғаны жөнінде жазба түсіргісі келмейді. Күйзелістен тез арылғысы келген кісі ешқашан жалғыз қалмауы керек. Егер жағымсыз ойлар мазалап, тыным бермесе, бір сәт өзіңіз ләззат алатын ойға көңіліңізді бұрыңыз. Дене жаттығуларын жасаңыз. Күйзеліс кезінде адамның иммунитеті әлсірегендіктен, кез келген ауруға бейім тұрады. Сол себепті дәрумендерді жиі тұтыныңыз. Қандай қиын жағдай болса да, жақын адамдармен тілдесуден бас тартпаңыз.

Сондай-ақ тұрғындардың арасында депрессия секілді басталған жүйке жүйесі дертін асқындырып алатындары да бар. Тіпті кейбіреуі «Жолы болмай жүр», «Ішіне жын кірген» деп бақсы-балгерлерді адақтап жүреді. Мұның бәрі босқа уақыт оздырып, сырқаттың дендеп кетуіне негіз тудыруда. Медицинада депрессияның бірнеше түрі бар. Яғни униполярлы, биополярлы, постнатальды, рекурентті деп кете береді. Мұның барлығын жанның ауруы деп ұғамыз. Депрессиядан басталатын жүйке жүйесі дертіне жастардың ғаламторға тәуелділігі де себеп болуда. Қажетсіз ақпараттарды қарай бергенде, миға күш түсіп, адам ұйқысыздыққа душар болады. Дәрі ішпесе, көз шырымын ала алмайтындардың да саны көбеюде. Құмар ойындарға әуестену, букмекерлерге ақша тігу, оңды-солды несие алу түбінде үй-мүліксіз қалуға апарып соқтырады. Осындай күйзелістік (стрестік) жағдайлар ми қызметінің бұзылуына душар ететіндіктен, жан ауруына немқұрайлы қарамаған жөн, – дейді  Назым Мұхамбетқалиқызы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрданат Беркінғалидың айтуынша, облыстық психикалық денсаулық орталығында бес мыңнан астам науқас тіркелген. Ал бірінші рет түскен науқастар саны  2016 жылы 214 болса, 2017 жылы ол көрсеткіш 220-ға жеткен. Сала мамандары күйзеліс кезінде ми қозып, оған эндокриндік жүйе қосылып, бүйрек үсті бездері гормондар бөле бастайды дейді. Соның салдарынан вегетативті нерв жүйесінің жұмысы бұзылып, артериалды қан қысымы көтеріледі, жүрек соғысы жиілейді. Созылмалы күйзеліс салдарынан артериалды гипертония, бронхиалды астма, жүрек аурулары, қант диабеті секілді психосоматикалық аурулар пайда болады екен. Маманның айтуынша, адамдардағы психикалық ауытқудың туындауына бірнеше фактор әсер етеді.

Яғни тұқымқуалаушылық, тұрмыстық-әлеуметтік жағдайдан туындайтын күйзеліс, қатаң талапқа шыдай алмау, жақындарынан ұзақ уақыт теперіш көру секілді жағдайлар жан азабына, жүйке дертіне шалдықтырады. Ал адамдардың санасындағы күйзеліс дерті жасөспірім кезінде және егде тартқан шағында ерекше қозады екен. Сондай-ақ аяғы ауыр кезінде күйзеліске ұшыраған кейбір келіншек босанғаннан кейін  психоз дертіне де душар болуда.

– Көп жағдайда адам ағзасындағы гармондық өзгеріс жанның жабырқауын туындатады. Әсіресе, екіқабат немесе босанған әйелдің психологиялық жай-күйі жиі өзгеріп тұрады. Күйзеліс жағдайына ер-азаматтар нәзік жандыларға қарағанда жиі түседі. Одан айығу үшін адамның ерік-жігері мықты болуы керек. Миында «Жеңемін, жазыламын» деген ой тұруы қажет. Екіншіден, отбасындағылардың түсіністікпен қарауы, демеуі үлкен әсер етеді, – дейді Нұрданат Беркінғали.

Жасөспірімдердің арасындағы күйзеліс – қоғамды алаңдататын мәселе. Оңы мен солын бағамдамай, бір сәттік қиындыққа бола суицидке барған жасөспірімдер, өкінішке орай, біздің өңірімізде де ұшырасты. Жасөспірімдердің күйзеліске түсуінің бірінші факторы отбасындағы тұрмыстық-әлеуметтік жағдай екенін ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің психологы Әсел Мәмбетәлиева былайша түсіндіреді.

– Күйзеліске түскен жасөспірімді жүріс-тұрысынан аңғаруға болады. Олар томаға тұйықталып, құрбы-құрдастарымен араласпай қалады. Сондай жағдайды байқасақ, біз бірден сол топқа психологиялық тест, анкеталық сұрақтар жүргіземіз. Сол кезде күйзелісте жүрген бала жазған жауабын сілкіп береді немесе жарытып ештеңе жазбайды. Жасөспірімдердің ортасында 10 жылдан бері қызмет атқарып келгендіктен, осы салада біраз тәжірибе де жинадым. Осы аралықта басынан өтіп жатқан қиындықтарын айтып, бірнеше жасөспірім  келді. Күйзеліске түскен балаларды сабақтың соңында шақырып алып, қолы бос кезінде маған көмектесуін өтінемін.

Келген соң анкета жинау, қағаз толтыру секілді тапсырмалар беріп, арасында сөзге тартамын. Қарапайым «Пәтерде кімдермен тұрып жатырсың?», «Сабағың қалай?», «Үйде неше жансыңдар?» деп сұрақтар қойып бастап, ойынан кетпей жүрген мәселені анықтаймын. Кейбір қыздар жігітімен жақын қарым-қатынасқа барғандығын және жуырда ренжісіп қалғандарын айтып, ақыл-кеңес алады. Сондай-ақ ата-аналары ажырасып кеткендіктен, анасына барса, өгей әкесінің теперішін, әкесіне барса, өгей шешенің қысастығын көріп, өмірден түңіліп жүрген балалар да кездесті.  Аллаға шүкір, менің сабырға шақыруым мен әжесінің мейірімінің  арқасында ол бала да рухани дағдарыстан  шықты.

Бір күні  маған  Е. есімді жасөспірім келді. Түрі әбіржіп кеткен. Көзінде мұң бар. Ол әкесінің ішімдікке тойып алып, үйдің берекесін жиі алатынын айтты. Он жылдан бері осы жағдайдың қайталанып келе жатырғанын айтып, екі көзіне ерік бергенде, сол баланың тағдырын қатты уайымдадым. Тіпті күйзелістің соңғы нүктесі өз-өзіне қол жұмсағысы да келетінін айтты. Қағаз толтыру, анкета жинау секілді қызметімдегі жұмысты сылтауратып, күйзелістегі баланы жиі жаныма шақырып алатын болдым. Тіпті кабинетіме бірекі тостаған, шәймен ішетін тәтті күлше алып келетін болдым. Мақсатым – ол баланың тұйықталып қалмауын, жаман ойға берілмеуін қадағалау. Оған өмірден көрген-түйгенімді айтып, кеңесімді бере бастадым. Әкесі мас келген жағдайда анасының жанында болып, әлі жеткенше қорғауы керек екенін түсіндірдім. Өйткені жазатайым жағдайда анасы мүгедек болып қалса, бала өскенде өзін кінәлап, әкесін жазғырып өтетіні белгілі. Содан ол бала оқитын топтың студенттерін балалар үйіне алып бардым. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған шиеттей балалар студенттердің мойындарына асылып, жібергісі келмеді. Колледжге келген соң студенттерден ішкі ойларын сұрадым, ата-анасы мен бауырларының жер басып жүргеніне шүкірлік ету қажеттігін және кез келген қиындық та уақыт өте келе ештеңеге тұрғысыз болып қалатынын түсіндірдім. Әсіресе, дөрекі қарым-қатынастан мезі болған жасөспірім қыздар ер-азаматтың жылы сөздеріне алданып қалып жатады.

Кейін бармағын шайнап, ата-анасынан қорыққанынан суицид  жасамақ болады. Жасөспірімді жаман ойдан арылту үшін бір-екі күн айтқан ақыл-кеңестің еш пайдасы болмайды. Ой саларлық фильмдер көрсетіп, пікір алмасып, балалар мен қарттар үйіне апарып, күн сайын ашылып сөйлесуі үшін жағдай жасау қажет. Ер бала әкенің, ал бойжеткен ананың мейірімін, жан жылуын сезініп өсуі керек.  Қарап отырсаңыз, қазір  үш-төрт жасар бүлдіршіндердің жүйке жүйесі әлсіз. Қарапайым ойыншығын тығып қойғанда ашуланған түрін көрсеңіз, өскенде қандай болар екен деп ойлайтыныңыз анық. Баласы тыныш отырсын деп аналардың дені интернетке қосылған телефонын беріп қояды. Мультфильмдердің ішінде қатыгездікке үйрететін мәнсіздері де бар. Бұрын әжелеріміз кітап оқытып, іс тігуге баулитын. Қазіргі әжелер немерелерімен жарысып, әлеуметтік желіде отырады.

Бірде колледжде оқитын бір қыздың анасы келді. Киім киісінен ауқатты отбасының мүшесі екенін байқауға болады. Ол отбасында материалдық жағдайының жақсы екенін, болашақта екі қызының ештеңеден таршылық көрмейтінін айтты. Бірақ басты мәселе қыздарымен ортақ тіл табыса алмайды екен. Қарым-қатынастары жыл өткен сайын ушығып бара жатқан көрінеді. Маған келіп «Қызымыз екеуміздің қарым-қатынасымызды жақсартып беріңізші. Менің сөзіме, ақылыма  құлақ аспайды. Олардың басында екі баспанадан бар. Болашақта оларға алып берген үйді алдап-сулап күйеу балалар иемденіп ала ма деп қорқамын» дейді. Сосын мен «Қыздарыңыз кішкентай кезінде қолыңызда болмады ма?» деп сұрап едім. Ол екі көзіне жас алып, «Бір үйде тұрсақ та, оларға қарайтын уақытым болмады» деді. Кішкентай кезінде  өз бетімен жүріп қалған балаға  өскен соң  тәрбие беретін адамның керегі жоқ екені түсінікті. Екіншіден, бұл ана қызының тағдырын ойлап тұрған жоқ. Тіпті оны болашақта тұрмысқа шыға ма, ана бола ала ма деген сауалдар толғандырып тұрған жоқ. Ол бар болғаны «Дүние мүлкімнен айырылып қаламын ба?» деген уайыммен ғана келіп отыр.

Елімізде қарттар үйі неге көп? Қариялардың сондай жағдайға жеткеніне тек қана балалары кінәлі ме?! Жоқ. Барлығы демей-ақ қояйын,  бірақ  көпшілігі жас кезінде ішімдікке үйір болып, жанұяның шырқын  бұзғандар. Еңбек етпегендер. Балаларының көзінше аналарына қол көтергендер.  Егер ынтымағы ұйыған, жұрт қызығарлықтай  отбасында,  ата-ананың мейіріміне қанып өскен бала болса, ешқашан әке-шешесін тентіретіп жібермейді. Жасөспірім кезінде мейірім көрмеген баланың көңілі бір адамнан әбден қалса, болашақта кешірімді болуы екіталай. Бала ең бірінші жылу мен мейірімді отбасынан іздейді, – дейді психолог Әсел Мәмбетәлиева.

 

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

“Орал  өңірі”

Психологтың кеңесі

Күйзеліске   берілмеудің   бес   сыры:

Күйзеліс кезінде тұйықталмаңыз. Ішкі ойыңызды, жан сырыңызды емен-жарқын сөйлесетін дос-жараныңызбен, сырлас құрбыңызбен бөлісіңіз. Керек болса, іштегі күйік-шеріңізді шығарып, ағыл-тегіл жылап алыңыз.

Торығу мен жабығудан қорғанудың ең басты тәсілі – қалауыңыз бойынша өмір сүру, жаныңызды тыныштандыратын іспен айналысу. Іс тігіп, кітап оқып, сурет салыңыз.

Күйзеліс кезінде дене шынықтырумен айналысқан жөн. Таза ауада серуендеп, табиғат аясында демалыңыз, шаңғы, коньки тебіңіз, би билеңіз.

Күйгелек болмаңыз. Көңіл күйіңізді түсіретін ойларға берілмеңіз. Қиындықтың бәрі өтіп, жақсы күндердің таңы ататынына, үмітіңіздің ақталатынына сеніңіз.

Күйзеліс кезінде той-томалаққа баруға тырысыңыз. Шамаңыз жеткенше жаныңыздағы жандарға көмектесіңіз. Сонда көңіл күйіңіздің  көтерілетінін байқайсыз.

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале