11.08.2022, 9:01
Оқылды: 152

«Күміс жас» кімге тиімді?

Бүгінде Орал қалалық жұмыспен қамту орталығында «Күміс жас» бағдарламасы бойынша жұмыс берушілерден өтініштер қабылдануда. Бұл бағдарлама зейнеткерлікке шығуына екі жыл қалған жұмыссыз азаматтарға жұмыс орындарын ұсынады. 

1Фото: qaz.ulysmedia.kz

Орал қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Айнұр Қазмұханова халықты жұмыспен қамту бағытында биылдан бастап «Күміс ғасыр» бағдарламасы іске қосылғанын айтады. Бұл бағдарлама аясында жұмыспен қамту орталығына өтініш берген жұмыс берушілер зейнет жасына екі жыл қалған жұмыссызды 12 айға дейін жұмысқа қабылдайды. Бірақ қызметкерге төленетін жалақының бір бөлігін мемлекет субсидиялайды, екінші бөлігін жұмыс беруші төлейді. «Жұмыс беруші субсидиялау мерзімі аяқталғаннан кейін жұмысқа қабылданған адамды тұрақты жұмысқа   қалдыруы тиіс. Жұмыс берушілерге жобаның тиімді екені сөзсіз. Өйткені ол жыл бойы зейнет жасына жақындаған қызметкердің еңбекақысының 50%-ын мемлекеттен төленетін субсидия есебінен жабады, ал жұмыссыздар зей­неткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс табады. Бұл бағдарлама бойынша Ұлттық қордан қаражат бөлінген.  Қаржы-қаражат маусым айында түсті. Қазіргі кезде жұмыс берушілерден өтініштер жинақталуда», – деді директордың орынбасары.

Елімізде 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы ұлғайды. Мысалға, былтыр әйелдер 60 жаста зейнеткерлікке шықса, биылғы жылғы 1қаңтардан бастап тек 60 жас 6 ай болғанда ғана зейнетке шығады. Жалпы әйелдердің зейнетке шығу жасын 10 жыл ішінде – 2018 жылдан 2027 жылға дейін 63 жасқа жеткізу жоспарланды. Ал ер-азаматтар бұрынғыдай 63 жастан зейнеткерлікке шығады. Соңғы кезде қоғамда әйелдердің зейнет жасын төмендету туралы қызу әңгіме жүруде. Бұған қатысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнет жасын төмендету міндетті түрде төлемдердің төмендеуіне әкелетінін мәлімдеді. Таяуда министр зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендету жөніндегі Қазақстан әйелдер қозғалысының өкілдерімен бесінші мәрте кездесті. Келіссөздер барысында Т.Дүйсенова белсенділердің ұсыныстары арнайы құрылған жұмыс тобында жан-жақты зерделенгенін айтты. Министр еңбек өтілі жоқ, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспаған ақжаулықтылар 50 жастан асқанда ерте зейнеткерлікке шығумен байланысты лайықты төлемдермен қамтамасыз етілмейтінін атап өтті. Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтарға мерзімінен бұрын зейнетке шығу құқығы берілген. БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары жеткілікті болса, ерлер 55 жасқа, әйелдер 52,5 жасқа жеткенде зейнетақы аннуитетіне (зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін жинақталған зейнетақы қаражатынан төлем алу құқығы) өтініш бере алады. Зиянды   еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар 40 жастан бастап зейнетақы аннуитетін пайдалана алады, ал мұндай келісімшарттар бойынша төлемдер 50 жастан бастап төленеді.

– Біз базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындау кезінде параметрлерді өзгерту туралы бастама көтердік. Біздің ұсыныстарымыз басқа да мүдделі мемлекеттік құрылымдарда қарастырылуда. Егер ұсыныстар қолдау тауып жатса, бұл келесі жылдан бастап бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді. Оң әсерді қазіргі зейнеткерлер де, болашақта зейнетке шығатындар да сезеді. Екіншіден, зейнеткерлік жастағы әйелдерді жұмыспен барынша көбірек қамту мақсатында «Күміс жас» жобасының қолданыстағы тетіктерін қарастырудамыз. Атап айтқанда, жобаға қатысу мерзімін үш жылға дейін ұлғайтып, әйелдерді жұмыспен қамту үшін олардың жалақысын бюджеттен ішінара субсидиялау арқылы арнайы бағыттарды қарастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл олардың зейнеткерлікке шыққанға дейін жинақтаушы зейнетақы жүйесіне барынша белсенді қатысуына мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, еңбек өтілі аз, тиісінше БЖЗҚ-да елеусіз ақша жинайтын әйелдер үшін өте маңызды, – деген болатын министр.

Алайда «Күміс жас» жобасы зейнет жасына жетпей жұмыссыз қалған азаматтардың барлық мәселесін шешіп береді деу қиын. Білікті орныңнан айырылғанда, лайықты жұмыс табу оңайға соқпайды. Неге жұмыс беруші жасы ұлғайған қызметкерді жұмысқа алғысы келмейді? Өйткені 50 жастан асқан адамның көпшілігі заманауи цифрлық технологияларды нашар меңгерген. Содан соң олар көбінесе өзінен жасы кіші әріптестерімен ортақ тіл табыса алмайды. Сондықтан жұмыс берушілер жас қызметкерлерді, заманауи технологияларды шебер пайдаланатын әрі барынша шаршамай тиімді қызмет атқаратын жастарды жұмысқа қабылдайды.

«Күміс жас» жобасына қатысуға ниетті азамат еңбек биржасында жұмыссыз ретінде ресми тіркеліп, содан кейін ғана жолдама ала алады. Жоба бойынша жалақыны субсидиялау бір жылға дейін (жолданған азаматтың жасына қарай) жүреді.  Субсидия шамасы салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақылар­ды және экологиялық жәрдем­ақылар үшін төлемдерді қоспағанда, банктік қызметтерді қоса алғанда, жалақының 50%-ын құрайды, бірақ 30 АЕК-дан аспайды. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мың  теңгесін мемлекет өтейді. Ал айлық жалақысы 200 мың теңге болған жағдайда субсидия көлемі 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді. Ең бастысы, қаржыландыру аяқталғаннан кейін мұндай қызметкерді ешкім жұмыстан шығара алмайды. Жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілерді аталмыш жобаға белсенді қатысуға шақырады. Мемлекеттің көмек-қолдауын жұмыс беруші де, жұмыссыздар да тиімді пайдаланса, нұр үстіне нұр болмақ.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале