Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Әлібек Қадырбековтың бастамасымен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының 2022 жылғы қаңтардан 2024 жылғы қазан аралығындағы қызметінің тиімділігін тексеру бойынша аудиторлық іс-шара жүргізілді. Аудиторлық тексеріс басқармамен қатар Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің қызметін де қосымша қамтыды. Жақында тексеру комиссиясының кезекті отырысында тексеріс қорытындысы талқыланды.
Комиссия отырысында аталған аудиторлық іс-шараға жауапты тексеру комиссиясының мүшесі Қайрат Жапақов баяндама жасап, аудит нәтижелерімен таныстырды. Баяндамашының айтуына сүйенсек, аудит нәтижесінде заңнама талаптарын сақтамау салдарынан 318 млн 131 бюджетке өтелуі тиіс, 224 млн 853 мың 800 теңге қалпына келтірілуі керек. Сонымен қатар бірқатар рәсімдік сипаттағы бұзушылықтарға жол
берілген.
– Негізгі бұзушылықтарға тоқталсақ, құрылыс құнын негізсіз арттыру бойынша келесі фактілер анықталды. «Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданы, Шалғай – Таловая ӘЖ-10кВ күрделі жөндеу» нысаны бойынша жиынтық-сметалық есепте күтпеген жұмыстар мен шығындар мөлшері дұрыс көрсетілмей, құрылыс құны 5 млн 457 мың 900 теңгеге, «БҚО, Орал қаласында КСС-2 ғимаратын реконструкциялау «түзету»» нысаны бойынша сметаға өзгеріс енгізу барысында жабдықтардың құны дұрыс көрсетілмеген. Осының нәтижесінде құрылыс құны 17 млн 816 мың 200 теңгеге артық көрсетіліп, өсіп кеткен. «БҚО, Орал қаласындағы 19А кәріз сорғы стансасын және 19А КСС-нан ұзындығы 15 690 м КТҚ-ның қабылдау камерасына дейін су бұру желілерін қайта жаңарту» нысаны бойынша жобалық-сметалық құжаттамасын түзету кезінде импорттық жабдықтың құнын бағалау ҚР Ұлттық Банкінің сол күнгі ресми бағамына сай жүргізілмеген. Нәтижесінде құрылыс құны 15 млн 201 мың 300 теңгеге асыра бағаланған, – деді Қайрат Ғилымұлы.
Тексеру комиссиясының отырысында бұдан басқа заңсыз деректер айтылды. Облыстық энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы басқармасы және Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімі орындалмаған жұмыс көлемі үшін мердігерлерге негізсіз 37 млн 179 мың 700 теңге төлеген. Сондай-ақ субсидияларды артық төлеу және бухгалтерлік есеп жүргізу ережелерін сақтамаған. Тапсырыс берушілердің әкімшілік жауапкершіліктерін қарау үшін анықталған деректер бойынша материалдар облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жолданған. «Аудит барысында және тексеру комиссиясының отырысына дейін қаржылық бұзушылықтың 48 млн 482 мың теңгесі бюджетке өтелді және 109 млн 723 мың теңгесі қалпына келтірілді», – деді Қайрат Ғилымұлы.
Тексеру комиссиясының отырысында қаралған мәселелер бойынша аудиторлық қорытынды бекітіліп, тиісті қаулы қабылданды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына, Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөліміне анықталған бұзушылықтарды және оларға ықпал ететін себептерді жою тапсырылды. Мұндай олқылықтарға жол берген жауапты қызметкерлерге еліміздің заңдарында көзделген жауаптылық шараларын қарастыру туралы нұсқамалар жолданды. Сондай-ақ өнеркәсіп және жыл ішінде заң бойынша мердігер (бас мердігер) анықталмаған жағдайда, жобалау құжаттамасының сметалық бөлімін ескiрген деп тану туралы ұсыным жіберілді.
Бұдан бөлек энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқарма қызметінің тиімділігіне аудиторлық іс-шара жүргізілгенде 4-5 жыл бұрын басталған «сақалды» жобалар басқарма тарапынан қолға алынып, құрылыс жұмыстары мен құжаттарды рәсімдеу жандандырылғаны мәлім болды. Атап айтқанда, «Жайықжылуқуат» АҚ-ның жылу энергия орталығындағы №1 турбинасын реконструкциялау» жобасы бойынша нысанды қолданысқа беру және 2015-2022 жылдары аралығында бизнестің жол картасын қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған инфрақұрылымдардың құжаттары рәсімделмей, пайдаланушы ұйымдарға уақтылы берілмеген. Осы нысандарды заңдастыру бойынша да жұмыстар атқарылған.
Өңірдің елді мекендерін газдандыру бойынша 2000 жылдан бері жүзеге асырылған жобалар ұзақ уақыт бойы пайдаланушы ұйымдардың теңгеріміне берілмеген. Енді сол облыстық немесе аудандық коммуналдық меншікте болып келген мүліктерді пайдаланушы ұйымдардың теңгеріміне беру бойынша жұмыстар қолға алынған. Басқарманың пайдаланушы ұйымдар және орталық құрылымдармен бірге атқарған ауқымды жұмыстары өз нәтижесін беруде. 2023 жылдан бастап газбен жабдықтау жобалары бойынша республикалық коммуналдық меншікке және одан әрі пайдаланушы ұйымның теңгеріміне берілуде. Құны 16 млрд теңгені құрайтын, жалпы ұзындығы 2,5 мыңға жуық шақырым газ құбырының 70 нысанына құжаттар рәсімделіп, Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің республикалық меншігіне және одан әрі пайдаланушы «Qazaqgaz Aimаq» АҚ-ның теңгеріміне қабылданған. Жоғарыда аталған жұмыстардың нәтижесінде берілген мүліктерді күтіп-ұстау шығындары азайып, жергілікті бюджетке түсетін жүктеме азаюда. Және облыстық бюджетке мүлік салығы түсуде.
Қазіргі кезде аталған басқарма осы бағытта өзінің теңгерімінде тұрған мүлік, нысандарға түгендеу жүргізіп, нысандармен инженерлік желілерді пайдаланушы ұйымдарға өткізу бағытында жұмыстарды жалғастыруда.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,
«Орал өңірі»