11.08.2022, 9:45
Оқылды: 365

Күрмеуі көп күрежол

Казталовка–Жәнібек–РФ шекарасы және Өнеге–Бисен–Сайқын автожолдарын күрделі жөндеу бойынша биылғы межеге жету үшін 7,5 мың вагон қиыршықтас керек екен. Қазіргі уақытта соның жартысына жуығы мердігерлерге жеткізілген. Бұл жөнінде «Қазавтожол» ұлттық команиясы» АҚ-ның БҚО-дағы филиалының директоры Қазбек Мәмбетов хабарлады. Ол сейсенбіде БАҚ өкілдерімен бірге рейдке шығып, Казталовка– Жәнібек бағыты бойынша 4-53 шақырым аутожол бөлігін жөндеп жатқан «Uniserv» ЖШС-ның учаскесіне табан тіреді. Казталов ауданы орталығының кіреберісіндегі темірбетон төсемдер Сарыөзен үстіндегі көпірге жалғасады. Қазіргі уақытта көпір маңайында бірнеше техника жүр. Алып тіреулердің жалпақ ернеуіне жаңа бетонтөсемдер қойылып жатыр. Ұңғыл-шұңғылы көп көпір жөнделіп бітсе, облыстың оңтүстігінен ағылатын жолаушылар да, олар мінген көліктер де бір жырғап қалары анық.

7

Бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатқан жол құрылысының «жыры» шартарапқа жайылғаны мәлім. Ұлан-ғайыр өлкедегі аутожолды жөндеу ұлудың қарқынындай әупірімдеп жүргізіліп келе жатса да, жоны теп-тегіс 30 шақырым асфальт аудан орталығына таяу жатқан Нұрсай ауылынан әрмен ұзара түскені көңіл қуантады. Тереңкөл ауылдық округінің орталығы – Нұрсай ауылы осы жақтан қалаға қатынайтындар үшін жақсы таныс. Ауыл орналасқан жер атына заты сай, Тереңкөл десе, Тереңкөл! Аты аңызға айналған грейдер беті, әсіресе, күз бен көктемнің жауындатқан кезінде саз батпаққа айналып, содан темір тұлпарлар тізіле тұралап, жолаушылардың еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін жол маңындағы ауылға екі-үш тәулік түнеп қалатыны жасырын емес. Енді Жәнібек жақтан жалпақ дала енінен сағым ойнатып, ентіге жеткен көліктер асфальтқа іліге сала құйрығын шаншылап шапқан құлынтайдай орғып, Нұрсай ауылының жанынан зулап өтетін болды.Осы қарқынмен биыл көршілес жатқан қос ауданның шекарасына дейін қара жамылғы жетіп үлгерсе, қане?!

Бүгінге дейін Казталов пен Жәнібек арасындағы жолға 65 шақырымға жуық асфальт төселсе, Өнеге – Бисен – Сайқын бағытындағы 35 шақырым төсем пайдалануға беріліпті. Оның өзінде асфальт жолдың жоны біртұтас деп ойламаңыз. Жол құрылысына әр тараптан бес мердігер жұмылған. Олардың техникалары өздерінің еншісіндегі аутожол бөліктеріне бөлек-бөлек қара асфальт құйып келеді. Сондықтан бір тұста көліктер жайдақ грейдермен келе жатса, енді бір тұста тас жамылғыға шыға алады. Алайда үзік-үзік асфальт бөліктері желден бетер жүйткіген көлік қарқынымен бітіп қалып, көңілі жайланып, тынысы ашыла бастаған жолаушыларды бір діңкелетіп алады. Қара халық «Сабыр» мен «Шүкірді» айтудан кенде емес. «Осы грейдер алдағы жылдары жөнделіп бітеді-ау» деп күдер үзбейді... Сонымен рейд барысында қаныққан ақпараттарға оралсақ, «Uniserv» ЖШС – жол құрылысын қарқынды жүргізіп келе жатқан жергілікті компанияның бірі.

Бұған дейін «Uniserv» Чапаев ауылынан бермен Казталов ауданының орталығына тірелгенше асфальт төсеуге елеулі үлес қосқанын ескерсек, алған бетінен таймай, жаңа жоба басталғалы өнікті жұмыс істеп келеді.

– Күрежолды жөндеуге 90 техника жұмылдырылған. Құрылыс бригадаларында екі ауысыммен 164 адам жұмыс істеуде. Жұмысшылардың 20 пайызы – жергілікті тұрғындар.

Біздің компанияға бес көпірді жөндеу тапсырылған. Оның бірі түгелге дерлік дайын. Екіншісінің құрылысы жақында аяқталады. Қалған көпірлерді бөлшектеп жатырмыз. Жолды күрделі жөндеу жұмыс кестесіне сай жүргізілуде. Құрылыс материалдарының кідіріп жатқаны ғана қолбайлау болып тұр. Бұл – басқа мердігерлерге де ортақ мәселе. Шикізат жеткізілген уақытта бірден жолдың негізгі қабатын төсеуге пайдаланып жатырмыз. Биыл 18 шақырым аутожолды күрделі жөндеуге тиіспіз. Соның 11 шақырымы қолданысқа берілді. Жоспар бойынша тамыз айына дейін қалған 6 шақырым жолға асфальт-бетон қоспасын құйып үлгеруіміз керек. Бүгінге дейін 2,5 шақырым жол бөлігіне құм-қиыршықтас қоспасын төседік. Бірнеше күнде асфальт төсеуді бастаймыз, – деді «Uniserv» ЖШС директорының орынбасары Николай Кондопуло. Әу бастан атап өткеніміздей, «Қазавтожол» ұлттық команиясы» АҚ БҚО-дағы филиалының директоры Қазбек Мәмбетов қиыршықтас жеткізу қазіргі уақытта баяулап тұрғанын растады. Оның айтуынша, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына айына, кем дегенде, 500 вагон қиыршықтас жеткізуге тапсырма берілген. Бірақ жол құрылысын үдете түсу үшін айына 1500 вагон инертті материал қажет. Ақтөбеден қиыршықтас төселген вагон шекара айналып 2 апта жүріп келеді екен. Қазбек Мәмбетов егер қиыршықтас уақтылы жеткізілмесе, биылғы жоспар орындалмай қалуы мүмкін екенін жасырмады. Казталовка– Жәнібек–РФ шекарасы және Өнеге–Бисен– Сайқын аутожолдарының жобадағы жалпы ұзындығы – 248 км. Ал жыл аяғына дейін 150 шақы­рым асфальт пайдалануға берілуі тиіс. Әзірше мердігерлер қолында құрылыс материалының 45 пайызы бар. Көңілге медеу тұтарлығы, биыл битум тапсырысқа сай уақтылы жеткізілді.

Одан бөлек Казталовка – Жәнібек аутожолының 53-95 шақырымындағы екінші учаскені жөндеу маңдымай қойды. Былтыр бас мердігер «Теміржол жөндеу» ЖШС-на қарасты «АДФ Строй» ЖШС-ға жалданған жеке кәсіпкерлердің арасындағы дау салдарынан күрделі жөндеу күрт үзілді. Соның салдарынан «Теміржол жөндеу» ЖШС жол құрылысынан шеттетілді. Екінші учаске бойынша әлі күнге мердігер анықталмаған. Осымен тапсырыс беруші ұлттық компания үшінші мәрте мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс рәсімін жүргізуде. Нақтылай айтсақ, Өнеге мен Нұрсай ауылдары аралығындағы 43,5 шақырым жолды жөндейтін мердігер тамыз айында белгілі болады. Былтыр 8 шақырым бөлігіне ғана асфальт-бетон қоспасы төселген. Қазбек Мәмбетовтың сөзінше, жұмыс­ты бастайтын жаңа компания құрылыс материалдарын дайындап қана үлгеруі мүмкін. Оған дейін тұрғындар иесіз учаскеге тиесілі ойқыл-шойқыл жол зардабын тартады. Жалпы грейдер жанына салынған айналма жолдар сапасы да көңіл көншітпей тұр. Оның бірінде баданадай-баданадай қиыршықтастар тапталмаған күйі жатса, енді бірін қалың топырақ бөгіп жатыр. Аңызақ күндері ауыр жүк көліктері жүрген сайын жанама жолдардағы топырақ бұрқ-бұрқ етіп, аспанға көтерілген шаң көз байлайды. Жолшылар арнайы техникамен бірнеше мәрте су шашқанымен, құм іспетті майда топырақ лезде кеуіп қалып жатқанын айтып ақталады.

Биыл Казталовка–Жәнібек–РФ шекарасы және Өнеге– Бисен–Сайқын аутожолдарын жөндеуге республикалық бюджеттен 15 млрд теңге бөлінген. Жыл басынан бері 6 млрд теңге қаржы игерілген. Маусым айында қаражаттың бөлінуінде кідірістің болуы инертті материалды уақтылы сатып алуға әсер еткен. Үш аудандағы аламан жол құрылысына 600-ге жуық техника мен 700-дей адам тартылған. Биыл «Бекет Сәт Жол» ЖШС Жәнібек ауылы мен РФ шекарасына дейінгі 7 шақырым жолды жөндеуді бастады. «Қазавто­жол» ұлттық компаниясы БҚО филиалының директоры Қазбек Мәмбетов тағы бір жаңалықты ортаға салды. Келесі жылы – Чапаев–Жалпақтал бағытындағы автожолға орташа жөндеу басталмақ. Бұл автокөлік қозғалысы үшін өте маңызды. Себебі Чапаев ауылынан Казталовкаға алып баратын трасса әбден тозған. Ені жіңішкеріп, ортасы ойдымойдым болып қалған. Осы аутожол қоса жөнделсе, оңтүстік аудандардың тұрғындары облыс орталығына тақтайдай тегіс жолмен қатынайды.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале