22.07.2026, 18:00
Оқылды: 5

Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық басталды

Өткен аптада облыстық мәслихаттың кіші мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлауға дайындық барысы мен сайлау науқанын ұйымдастырудың өзекті мәселелеріне арналған кеңейтілген кездесу өтті. Басқосуға облыстық және Орал қалалық сайлау комиссияларының мүшелері, саяси партиялардың облыстық филиалдарының жетекшілері, құқық қорғау және жергілікті атқарушы құрылымдардың өкілдері қатысты.

DSC08104

Жиынды облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов ашып, алдағы сайлау науқанының негізгі кезеңдеріне тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының 2026 жылғы 1 шілдедегі Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы 2026 жылғы 23 тамызға белгіленді. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің күнтізбелік жоспарын бекітіп, саяси партиялардың қатысуына қатысты шешімдер  қабылдаған.

Кездесу барысында өңірдегі сайлау науқанына дайындық жұмыстары жан-жақты сараланды. Биыл облыста Құрылтай сайлауын өткізуге 14 аумақтық және 488 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылып, олардың құрамында 3224 комиссия мүшесі қызмет атқарады. Комиссия мүшелерінің 95 пайызға жуығы бұрынғы сайлау науқандарында тәжірибе жинақтаған мамандар болса, жаңадан қосылған мүшелер үшін арнайы оқыту жұмыстары ұйымдастырылады.

Облыс аумағында барлығы 488 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 136-сы Орал қаласында орналасқан. Сонымен қатар әскери бөлімде, уақытша ұстау изоляторында және емдеу мекемелерінде орналасқан 14 жабық үлгідегі сайлау  учаскесі  әзірленген.

Бүгінде сайлаушылар тізімін нақтылау жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша облыста 452 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Сонымен қатар сайлау күніне дейін 18 жасқа толатын екі мыңға жуық жас алғаш рет дауыс беру құқығына ие болмақ. Тамыз айының басынан бастап азаматтар өздерінің сайлаушылар тізіміндегі деректерін тексеріп, қажет болған жағдайда  түзету  енгізе  алады.

Жиында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беру құқығын қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Өңірде ерекше жағдай жасауды қажет ететін 2324 сайлаушы тіркелген. Барлық сайлау учаскелері бірінші қабатта орналасқан, дауыс беру күні инватакси қызметі мен сурдоаудармашылардың жұмысы ұйымдастырылады.

Сайлау алдындағы үгіт жұмыстары 23 шілде күні басталып, 22 тамыз күні аяқталады. Осы кезеңде барлық саяси партияларға бұқаралық ақпарат құралдары мен өзге де ақпараттық алаңдарды пайдалану бойынша тең мүмкіндік беріледі.

Кездесуде облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мағрипа Нигишева сайлау туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен жаңашылдықтарды түсіндірсе, комиссия мүшесі Асыланбек Ғұбашев саяси партиялардың сенім білдірген адамдары мен байқаушылардың қызметін ұйымдастыру, сондай-ақ сайлауалды үгіт жүргізудің заң талаптары жөнінде жан-жақты баяндама жасады. Орал қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мұхтар Дәулетжанов өңірдегі ұйымдастыру жұмыстары туралы қосымша ақпарат беріп, қатысушылардың сауалдарына  жауап  берді.

Кездесу барысында сайлауды байқау институтының маңызы да назардан тыс қалмады.  Байқаушылар тек саяси партиялардан немесе заңда белгіленген тәртіппен аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардан жіберілетіні, олардың құқықтары мен міндеттері заңмен нақты реттелетіні айтылды. Саяси партиялардың сенім білдірген адамдарының құқықтық мәртебесі мен оларды тіркеу тәртібі де кеңінен түсіндірілді. Әрбір партия өз өкілдерін заңда белгіленген талаптарға сәйкес ұсынып, тиісті сайлау комиссиясында тіркейтін болады.

Жиында сайлауалды үгітті жүргізу тәртібі де сөз болды. Үгіт жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдары, сайлаушылармен кездесулер, баспа өнімдері және онлайн-платформалар арқылы жүргізілетіні, олардың барлығы Конституциялық заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы керектігі ескертілді. Әсіресе үгіт материалдарын орналастыру кезінде барлық партияға тең жағдай жасау, заңсыз үгітке жол бермеу, тарихи және мәдени нысандарға үгіт материалдарын ілмеу талаптары қатаң сақталатыны айтылды. Сондай-ақ барлық үгіт материалдары партиялардың ресми сайлау қорлары есебінен қаржыландырылуы тиіс екені, материалдарда оларды шығарған ұйым, таралымы, тапсырыс берушісі және қаржыландыру көзі міндетті түрде көрсетілуі қажет екені түсіндірілді. Бұдан бөлек, сайлау тағайындалған күннен бастап қайырымдылық акцияларын өткізуге және дауыс беру күні толтырылған бюллетеньдерді фотоға немесе бейнежазбаға түсіріп таратуға заңмен тыйым салынатыны ескертілді.

Жиынды қорытындылаған ұйымдастырушылар Құрылтай депутаттарын сайлау барысында басты міндет – заң талаптарының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету, барлық саяси партиялар үшін тең жағдай қалыптастыру және сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне қол жеткізу екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар сайлау күніне дейін белгіленген күнтізбелік жоспарға сәйкес жалғаса бермек.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале