4.02.2022, 10:40
Оқылды: 62

Қырғызстаннан елімізге мәлімделмеген тауарлар әкелу фактісі артып отыр

Биыл Қырғызстаннан елімізге мәлімделмеген тауарлар әкелу фактісі ұлғайып кеткен. Бұл жайында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

220204102222672e

«Осы жылдың басынан бері Қырғызстаннан Қазақстан мен Ресейге халық тұтынатын тауарлардың жүк ағыны 3 есеге ұлғаюы байқалады. Жүк ағынының ұлғаюымен қатар мәлімделмеген, яғни жасырын, негізінен Қытай өндірісінің тауарлары саны едәуір ұлғайды. Көрсетілген фактілердің алдын алу мақсатында мемлекеттік кірістер органдары тәуекелдерді басқару жүйесін қолданады. Оның негізінде тақырыптық салықтық тексерулер жүргізіледі», - деп атап өтеді комитеттен.

Мысалы, ведомство дерегінше, 2022 жылғы 3 ақпанда тақырыптық салықтық тексеру жүргізу барысында Қырғыз Республикасының жүк автокөлік құралында 3,6 мыңнан астам мәлімделмеген қымбат және салық салынатын тауарлар анықталды. Оның ішінде қытай өндірісінің құжаттары мен таңбалары жоқ 98 бірлік тері бұйымдары (тондар) табылды.

«Тауарға ілеспе құжаттарда тондардың мәлімделмеуі ЕАЭО елдерінде міндетті түрде тері бұйымдарын таңбалаудың енгізілуіне байланысты деп болжануда. Сондай-ақ тексеру жүргізу барысында тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілмеген танымал бренд тауарлары анықталды. Осы фактілер бойынша материалдар тиісті іс-шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберіледі. Аталған тауарларды ЕАЭО аумағында өткізудің заңдылығын белгілеу мақсатында Қырғыз Республикасының құзыретті органдарына сұрау салынады. Бизнес субъектілері тарапынан мұндай әрекеттер ЕАЭО бойынша әріптес елдердің бюджеттеріне залал келтіретінін атап өткен жөн. Осыған байланысты бақылау күшейтілетін болады», - делінген таратылған ақпаратта.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале