4.12.2020, 9:47
Оқылды: 88

Қырыққа жуық мұз айдыны жасақталмақ

Осы аптадан бастап Орал шаһарының бірнеше аймағынан жаппай сырғанауға арналған мұз айдындары ашыла бастады. «Орал» спорт клубы, «Жастар» және «Стеновик» стадиондарында, қалалық демалыс саябағында, Шаған өзенінің оң жақ жағалауында, «Мұз айдыны» ғимаратының жанында және Некрасов көшесі бойындағы жасанды айдында сырғанау алаңдары ашылды.

9F48413B-E015-4211-81D9-0DD18BAA350B

Мамандардың айтуынша, былғы қыста шаһарда осындай 40-қа жуық мұз айдынан жасақтау жоспарланған. Олардың қатарына көпқабатты үйлердің аулаларына салынған арнайы қораптар, мектептердің спорт алаңдары кіреді. Сонымен қатар Зашаған мен Деркөл кенттерінен де арнайы мұз айдындары жасақталмақ. Аталған жұмыстарға қалалық бюджет есебінен 2,7 миллион теңге қаражат бөлінген.

– Өткен жексенбіде қаламыздағы Салық комитеті мекемесінің бұрынғы ғимаратының артындағы жасанды айдыннан сырғанау алаңы ашылды. Мұз айдыны келушілерге аптаның әр күні таңертеңгі сағат 10-нан кешкі 10-ға дейін қызмет көрсетеді. Сонымен қатар ұйымдастырушылар конькилерді жалға беру қызметін ұсынады, – дейді қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Шерғалиев.

Қалалық бөлімнің қолға алған ісіне оралдық спортшылар да қол ұшын беріп, алаңдарды қардан тазалауға көмектесуде. Мұз айдынына түсіп, шығатын баспалдақтарды жасақтауға да арнайы техникалар  жұмылдырылған.

– Жаппай сырғанау алаңдары Матросов көшесіндегі №52 үйдің, №5 және №7 шағынаудандардың, Қонаев көшесіндегі №66 үйдің, Құрылысшы шағынауданындағы №43 үйдің аулаларында жасақталады. Сонымен қатар Назарбаев даңғылы бойынан, Ларин, Құрманғазы, Ықсанов көшелері бойынан да мұз алаңдары құйылмақ,– дейді «Орал» спорт клубының спорт алаңқайлары бөлімінің меңгерушісі Александр Каракушиев.

Бұл игі бастамалар елдегі індетке байланысты қашықтан оқуға көшкен мектеп оқушылары үшін жағымды жаңалық болмақ. Күн ұзағына үйден шықпай, телефонға телмірген жас жеткіншектер ендігі жерде таза ауда серуендеп, сырғанақ тебулеріне болады.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале