16.02.2023, 9:00
Оқылды: 93

Қыстың көзі қырауда қиын болды...

Теректі ауданындағы Теректі ауылдық округінің тұрғындарына қаңтардың 30-ынан бері ауыз су жеткізу күрмеулі түйткілге айналып отыр. Бұл ешқандай да тіршілік нәрін үнемдеу емес, мәжбүрліктен жасалып жатқан амал. Себебі ауданда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған.

Қабылтөбе ауылындағы құдықтардан Теректі ауылына ауыз су жеткізетін 5 су сорғыштың біреуі істен шыққан. Қалған төртеуінде су қысымы әлсіреген. Соның кесірінен 1 859 тұрғын үй, 51 әлеуметтік нысан орталықтандырған ауыз суды белгіленген уақытта ғана алуға мәжбүр.
Оған қоса, мемлекеттік бағдарламамен салынған 26 жер үйдің және 36 пәтерлі үш қабатты үйдің жылу жүйесі жұмыс істемей тұр.
Жуырда Теректі ауданына барып, мәселенің мән-жайына қанықтық. Алдымен, пәтерлерін жылыта алмай жүрген тұрғындармен кездестік. Олардың айтуынша, жазда да суды тоқтатып тастайды.

InShot_20230216_082302967

Үшінші қабатта тұратын Қайрат Наурызғалиев (суретте) су берілген күннің өзінде қысымның аздығынан жоғарғы қабаттағылардың сусыз отыратынын айтты. Қайта көрші-көлем көмек етіп, кей кезде округ әкімдігі қолғабыс қылып су әкеліп береді екен.

Жоғарғы қабаттағылардың жағдайы нашар

– Қыстыгүні жылусыз қалғанымыз қиынға соғуда. Су қысымы жетпеген соң үй жылытатын насос қосылмай, пәтеріміз қақап тұр. Өйткені пәтерімізде, жалпы үй бойынша жылытқыш қазандығының ажыратқышы жоқ. Ал насос аз қысыммен келген суды сора алмайды, – дейді Қанат Наурызғалиев.

махмут
Аудан орталығындағы үш қабатты үйдің тағы бір тұрғыны Махмуд Иманғалиевтің (суретте) орын алған жағдайға байланысты ойын білдік. Бірінші қабатта тұратын оның жағдайы жоғарыдағы көршілерінікіндей емес.
– Үй жылытып, су жинап алатындай қысым бар. Бірақ екінші, үшінші қабаттағы тұрғындарға қиын, - дейді ол.
Судың жеткіліксіздігінен жер үйде тұратын теректіліктер зардап шеге қойған жоқ. Жергілікті әкімдік қолдан келгенше су жинап беріп отыр. Теректі ауылдық округінің әкімі Әсет Әубәкіров тұрғын үйлерден бөлек екі мектеп, екі балабақша, халыққа қызмет көрсету орталығы, аудандық аурухана сияқты әлеуметтік нысандардың сусыз отырғанын айтты.

4a18526f-138d-4b08-a7c7-bad518ae5fb0
– Қолдан келгенше су жинап, уақтылы беруге тырысып жатырмыз. Трактормен Жайық ауылынан су әкелу жағын да ретке қойдық. Насос жөнделіп, қажетті құрылғы келгенше осылай амалдауға тура келеді, – дейді округ әкімі Әсет Әубәкіров.

Жағдай қалай реттелмек?

Жарты айдан бері 5200 теректілік тұрғын су жинап, оның уақтылы келгенін күтіп отыр. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Досанов елді тіршілік нәрінсіз қалдырмаудың барлық амалы жасалып жатқанын айтты. Қысымы азайып, қажетті су аз мөлшерде келіп жатқаны ескеріліп, арнайы су жинау қондырғысының толғанын күтіп, таңғы сағат 5-тен 9-ға дейін, түскі сағат 12-ден 14-ке дейін және кешкі сағат 19-дан 21-ге дейін су берілген. Қалған уақыт су жинауға кетеді екен.

0e503f0a-7915-4872-9b52-cb681d6e1145
– Қазір су соратын 5 насостың 4-еуі жұмыс істеп тұр. Бірақ олар толық қуатта жұмыс істеп тұрған жоқ. Өйткені олар ескірген. Осы күні барлық құжат реттелді. Жаңа насостар алуға қаражат бөлінеді, – деді Қайрат Досанов.
Қайрат Сатыбалдыұлының айтуынша, насос алуға 4 миллионға жуық қаражат қарастырылыпты. Алдағы уақытта қажетті құрылғыны жеткізуші компаниямен келісімшарт жасалады екен.
– Насос көп ұзамай жеткізіледі. Содан соң істен шыққан сорғыны ауыстыру жұмысын бастаймыз. Барлық бес насосты ауыстыруға жоқ дегенде бір күн уақыт кетеді. Сосын тұрғындарға уақтылы су таратуға әзір боламыз, – деді ол.

Түйін

Қыстың көзі қырауда сусыз қалып, үйін жылыта алмай отырған теректілік ағайын насостардың келгенін ғана күтуі керек. Басқа амал жоқ. Қаражат бөлінді. Келісімшарт жасаса, бірер аптада бір реті шығар.
Мақала жазылып жатқан кезде Теректі ауданы әкімінің орынбасары Аманкелді Тоғызбаев хабарласып, осы аптада мәселені толықтай шешуге күш салатынын айтты.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале