26.09.2024, 14:30
Оқылды: 101

Қытайлық кәсіпкерлер өңірге инвестиция құюға дайын

Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында Батыс Қазақстан облысы мен Қытай Халық Республикасының үш провинциясы кәсіпкерлерінің іскерлік кездесуі өтті.

572EF0A1-2FE6-4BCC-8583-C7904655F1B8

Онда әріптестік қатынастарды дамыту  мәселесі пысықталды. Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов қонақтарға өткен жылы Қытай еліне жұмыс сапарымен барып, жергілікті бизнес қауымдастығы өкілдерімен бірнеше рет кездескенін айтып өтті. Сол сапар аясында бірнеше бірлескен жоба қолға алынған. Бұл – аспан асты елі кәсіпкерлерінің Ақ Жайық өңірімен, оның әлеуетімен танысуға келген беті. Күллі еліміздегідей өңірімізде де инвесторларға қолайлы жағдай жасалған.

– Сіздердің ұсыныстарыңыз­ды облыс әкімі жетекшілік ете­тін өңірлік инвестициялық штабта жан-жақты зерделедік. Облыс аумағында индустриалдық және шағын өнеркәсіп, агрологистикалық аймақтар ашылып жатыр. Оларды ашқандағы басты мақсат – кәсіпкерлікті, өндірісті дамыту. Кә­сіпкер келіп, өнеркәсіп не ауыл шаруашылығы саласынан ба, әйтеуір, бір кәсібін ашамын десе, ешқандай кедергі болмайды. Сол аймақтан жерін алып, орналасып, жұмысын дөңгелетіп әкетуге барлық жағдай туғызып отырмыз, – деді Қалияр Шадиярұлы.

Кездесуде қытайлық кәсіпкерлерге өңірдің әлеуеті таныс­тырылды. Біздің облыс аграрлық өңір болғанымен, өнеркә­сіп саласы да жақсы дамыған. Машина жасау саласы, өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамуда. Сонымен қатар өрісте мыңғыртып мал өсіріп, жайқалтып егін де салады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин ауыл шаруашылығы саласының дамуы жайында кеңінен баяндады. Ал «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ инвестиция бойынша директоры Мейірбек Нұркен өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы әңгімеледі.

– Батыс Қазақстан облысы жерасты қазба байлықтарына бай. 2023 жылы облыста негізгі капиталға 1,43 млрд доллар инвестиция тартылды. Соның ішінде материалдық өнімдерге 5,8 млрд доллар, жануарлар мен  өсімдіктерден алынатын және дайын азық-түлік өнімдеріне 29,1 млрд доллар, ағаш және ағаш өнімдеріне 24,8 млрд долларды құрады. Кеме және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдеріне 2,5 млрд доллар көлемінде инвестиция салынды. Импорт бойынша не­гізгі позицияларда сыртқы сау­да айналымы 7,2 млрд теңге болды. Машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аппараттар мен трансформаторларға 254,5 млн, жануарлар мен өсім­діктерден алынатын өнімдер, дайын азық-түлік өнімдеріне 84,1 млн, химия және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдеріне 63,3 млн, металдар мен олардан жасалған бұйымдарға 45 млн және тоқыма материалдарына 3,3 млн доллар жұмсалды, – деді Мейірбек Нұркен.

Тоғыз жолдың торабында, Еуропа мен Азияның кіндігінде орналасқан облыстың өнді­рістік, ауыл шаруашылығы әлеуеті қытайлық кәсіпкерлердің қызығушылығын тудырып отыр. Өңіріміз Ресейдің бес облысымен шектесетіні де алыс-беріске қолайлы. Облыс­тың ЕАЭО халықаралық өнеркәсіптік көлік-логистикалық ха­бына айналу үшін алғышарттар бар. Теректі ауданы Пойма ауылында аумағы 281 гектарды қамтитын, өнеркәсіп саласына арналған индустриалды аймақ орналасқан. Бұл индустриалды аймаққа темір жол қатынасы арқылы тауар тасымалдау жоспарлануда. Қазіргі таңда бұл индустриалды аймаққа 5 өнеркәсіп иесі орналасып, өз жұмыстарын бастауда. Аймақтың экономикасының негізгі секторларына мұнай-газ саласы, машина жасау және агроөнеркәсіптік кешен жатады.

Өңірге инвестиция салудың 5 нақты себебі аталды. Олар – облыстың географиялық тұрғыда қолайлы жерде орналасуы, білікті кадрлардың және табиғи ресурстардың, төменгі фискалдық жүктеменің болуы, республика бойынша ең экологиялық таза аймақтардың бірі.

Өңірге бас тіреген Қытай елі­нің делегациясы құрамында азық-түлік өңдеу және орау, мал және құс жабдықтары, мал союға арналған құрылғылар, үй жануарларына арналған тағам өндірісі («Zhongzhi Maysen Company»), ағынды суларды тазарту, қалдықтарды басқару («Anfeng Environmental»), сою және ет өңдеу жабдықтары («Zhengfeng Machinery»), ағынды суларды та-зарту, қалдықтарды жағу және асхана қалдықтарын кәдеге жарату («Baiter Environment»), құрылыс мате-риалдары өндірісі және басқа да бағыттағы кәсіпкерлік өкілдері бар. Басқосуда олар өзде­рінің компанияларының тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Одан кейін жергілікті кәсіпкерлер, түрлі қауымдастық өкілдері өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Облыстың іскер әйелдері қауымдастығының төрайымы Жансұлу Төремұратова экономикалық, экологиялық бағыттағы мәселелердің күн тәртібінен түспейтініне, сондықтан бұл кездесудің жеміс­ті болатынына сенім білдірді. Өңірдегі машина жасаушылардан «Зениттехсервис» ЖШС-ның басшысы Көшербай Айғожаұлы зауыт-кәсіпорындардың әлеуеті туралы әңгімелей келе, олардың бірқатарының халықаралық сертификаттары жоқтығын айтты. Бірлесіп жұмыс істеуге пейіл білдірді. Тыңдаушыларды ерекше қызықтырған ағынды суларды өндірістік суға айналдыру технологиясы болды. Қалдықсыз өндірістің бұл түріне арналған құрал-жабдықтар қазірдің өзінде Бәйте­рек ауданында сынақтан өткі­зіліп отырғандығы айтылды. Жергілікті кәсіпкерлер қытайлық бизнес өкілдерінің жобалары тартымды екенін және бірігіп жүзеге асырса, үлкен табысқа ие болатынын айтып, пайдалы ақпарат үшін алғыстарын білдірді.

– Өңірімізде біздің салада 1 400-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Осы іссапарымыз­дың мақсаты – Шандунь провинциясында өндірілетін өнімдермен және өндіріс орында­рымен таныстыру, өзара ынтымақтастық әріптестік орнату. Маған кәсіпкер ретінде сіздің нарық ұнады. Бизнесті дамытуға мүмкіндіктің мол екені қызықтырып отыр. Сондықтан сіздердің облысыңызбен кеңінен танысып, инвестиция салуға қолайлы саланы таңдамақпыз. Бұған дейін Алматы қаласында болып, осындай іскерлік кездесу өткіздік.  Егер де қаржы құятын болсақ, ол міндетті түрде ауыл шаруашылығы саласы болады деп сенеміз, – деді қытайлық кәсіпкерлерді бастап келген «Zhongzhi Maysen Company» компаниясының төрайымы Чжао Фей журналистерге берген сұқбатында.

Кездесу соңында Батыс Қазақстан облысы мен қытайлық кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Бұдан кейін екі тараптың кә­сіпкерлері еркін форматта кездесіп, пікір алмасты. Түстен соң қытайлық өндірісшілер­дің көрмесі ұйымдастырылды.

Қорыта айтсақ, бұл кездесу Қазақстан мен ҚХР арасындағы берік негізге құрылған өзара ынтымақтастық пен стратегиялық серіктестіктің бір көрінісі болды.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале