17.08.2023, 9:45
Оқылды: 157

Мәдениет саласының да, жол сапасының да маңызы зор

Облыс әкімдігінің «Астана» залында өткен кезекті аппарат отырысында өңіріміздің мәдени өміріне қатысты жайлар және республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі аутожолдардың қазіргі жай-күйі туралы мәселелер талқыланды. Айта кетелік, өңір басшысы Нариман Төреғалиев төрағалық еткен кеңес облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жаңа басшысы Нұржан Өтепбаевтың ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына сәйкес ант қабылдауымен басталды.

9f124907-fbea-4afd-90a9-8be5442396e3

Одан кейін күн тәртібіне сай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсеновтің баяндамасы тыңдалды. Әрине, істелген жұмысты да, түйткілді мәселелерді де барынша қамтыған жөн, бірақ өзгенің де алтын уақытын аялап, басы артық жайлардың «басын шауып жіберген» дұрыс болар ма еді?! Келешекте мұны өзгелер ескере жүрсе деген ой ғой біздікі.

eab4b157-58c7-4626-958a-c2ef95ecdcd4

Сонымен, баяндаманың беташарында айтылған деректерге жүгінсек, облысымызда 681 мәдени мекеме болса, оларда 5357 адам қызмет атқарады екен. Соның әкімшілік қызметкері – 461, шығармашылық өкілдері – 2094 және 2802-сі — техникалық қызметкер. 2019 жылы бұл саладағы еңбекақы 35%-ға өссе, 2022-де 23%-ға артқан. Жалпы 2025 жылға дейін оны 100%-ға жеткізу белгіленіпті. Осы жерде соңғы үш жыл көлемінде ауыл-аудандарға «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен 46 кәсіби маман аттанғаны да тілге тиек етілді. Ал күні бүгін облыс бойынша 45 нысан күрделі жөндеуді қажет етіп тұрса, оның 32-сі аудандарға тиесілі. Сол қатарда биыл Бөкей ордасындағы Бисен, Жаңақаладағы Қырықопа, Казталовтағы Қайыңды, Тасқаладағы Мерей, Сырымдағы Тоғанас мәдениет үйлері мен Бәйтеректегі Щапов ауылдық клубының құрылыстары басталған.

С. Дүйсеновтің тағы бір айтқаны, өңірдегі 24 музей қорында 213 367 жәдігер сақтаулы тұр. Биыл соның 2800-ін цифрлық сипатқа енгізу жоспарланса, қазіргі мәлімет – 1315. Қазір Хан ордасындағы визит-орталық пен әкімшілік ғимараттың, Тасқаладағы аудандық тарихи-өлкетану музейінің құрылысы басталып кетсе, М. Шолохов музейін күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалу үстінде.

Өз сөзінде Сайран Темірғалиұлы 2019-2022 жылдары өңірімізде 15-ке жуық ескерткіш тиісті құрылымдардың келісімінсіз бой көтергенін, сондай жағдай Бөкей ордасы, Теректі аудандарында кездескенін мәлімдеп, кітап қорын толықтыру мен мерзімді басылымдарға жазылу жұмыстарын жөнді ұйымдастырмай отырған жерлерді атады. Осы ретте Бөкей ордасы, Теректі, Ақжайық, және Бәйтерек аудандарындағы жұмыстың жеткіліксіздігі сынға алынды. Тілдерді дамыту мен ономастика һәм мұрағат төңірегінде де біраз нәрсені алға тартып, есепте есе жібермеді.

Басқарма басшысының ауқымды баяндамасын үзбей тыңдаған Нариман Төреғалиұлы өз ой-пікірін де ортаға тастады. Алдымен, халыққа мәнді де мағыналы мәдени қызмет көрсету үшін мәдениет қызметкерлерін қолдау, сонымен бірге саланың материалдық-техникалық әлеуетін нығайту ұдайы назарда екенін баян етті. Әрі осы жылы республика бойынша алғашқы болып Орал қаласының тарихи-сәулет тірек жоспары (тарих және мәдениет ескерткішінің аумағы мен орналасқан жерін тіркейтін құжат) жасақталып, салалық министрліктің қолдау білдіргенін естідік.

8a063b8e-8145-4f67-bc74-7f1ef402e4de

— Тарихи-мәдени ескерткіштер – ұлттық ұлағатымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері. Біздің өңірімізде археологиялық ескерткіштерді ғылыми зерттеу, тарихи оқиғалардың реконструкциясын жүргізу ісі әлі де жеткіліксіз. Сосын, қала ішіндегі құрылыс жұмыстары барысында кейбір ескерткіштердің заңсыз жойылу деректері бар. Жайық қалашығына қатысты да жайлар аз емес. Ал енді ешкімнің келісімінсіз ескерткіш қойып, тақта орнату деген не масқара! Әлгінде аттары аталған аудан басшылары, тиісті шараларды қолға алыңыздар, заң — баршаға ортақ. Мемориалдық тақталардың да үлгісі, белгілі бір өлшемі болуы керек қой. Әрі оны қалаған жерге қағуға кім рұқсат беріп отыр? Түрлі жарнамаларды да ғимарат қабырғасына іле беруді тоқтату қажет. Кейде соған өзіңіз менен рұқсат сұрайсыз, ол қалай? Бұған күні кеше ғана ел игілігіне берілген «Атамекен» өнер ордасын мысалға келтіруге болады. Жаңа нысанның жан-жағын шұрқ тесік жасау дұрыс па? Көптің көзі – көреген, — деген Нариман Төреғалиұлы өзге өңірлердің тәжірибесіне сүйеніп, өнер ошақтарын тиімді басқару мен қаражат түсіру жағын ойластыруды ұсынды.

Келесі кезекте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеев өз қызметі шеңберінде қысқа да нұсқа мәлімет берсе, «КазАвтоЖол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы Батыс Қазақстан облысы филиалы басшысының орынбасары Асылбек Мардан қосымша хабарлама жасады.

Айдар Қазбекұлының баяндауынша, өңірде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзақтығы 4762 шақырымды құрайды. Соның ішінде облыстық деңгейдегі 1620 шақырымды күтіп-ұстау үшін 13 учаске жасақталып, 9 мердігер ұйым жұмысқа кіріскен. Бөлінген қаржы мөлшері – 726,0 млн теңге. Олардың иелігінде 86 бірлік арнайы және маусымдық 30 техника болса, белгіленген жұмыстар келісімшартқа сай 31 желтоқсанда аяқталуы тиіс.

— Аудандарда жағдай басқаша. Мәселен, барлық аудан бойынша жөнделуге тиіс жолдың ұзақтығы 3142 шақырымды құраса, оған бөлінген қаржы — 567 млн теңге. Былайша айтқанда, шақырымына 180 мың теңге, бұл жерде сапа жайлы әңгіме қозғаудың өзі қисынсыз. Нормативке сүйенетін болсақ, 4762 шақырым аутожолды күтіп-ұстауға 7,1 млрд теңге көлемінде қаражат талап етіледі. Қазіргі таңда соның 21%-ы ғана бөлініп отыр. Бір маңызды жайт, күре жолдарда арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарының болмауы да жол сапасына кері әсерін тигізуде. Артық салмаққа нақты дәлелдеме жоқ, — деді Айдар Менеев.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев қысқа жіп күрмеуге келмей жатқан жайлардың бар екеніне, алайда жоқты сылтау қылып, жауапкершіліктен жалтаруға болмайтынына тоқталды. Сондай-ақ алдағы қыстың қалай қыспаққа алатынын ешкім болжап білмейтіндіктен, әзірлікті осы бастан ширатуды тапсырды. Басталған жол құрылыстарын толық аяқтамайынша, жаңа жобалар қарастырылмайтынын, қаржы да бөлінбейтінін қадап айтты. Жол құрылыстары жүріп жатқан аудан басшыларына істі қатаң бақылауға алып, межелі мерзімде оны бітіруді міндеттеді. Жол күтіміне байланысты өзге де ойларымен бөлісті.

Бауыржан Бисенов,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале