2.11.2020, 18:24
Оқылды: 167

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғалымдары грант жобаларын ұтып алды

«Мәңгілік ел» бағыты бойынша М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғалымдары 2020-2022 жылдарға арналған грант жобаларын ұтып алды. Бұл жөнінде аталған университеттің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Қажымұрат Ахмеденов хабарлады.

200506145955949e
«Мәңгілік ел» ғылыми негіздері ұлттық ғылыми кеңесінің шешімімен үш жоба 114,9 миллион теңгеге қаржыландырылмақ. Нақтылап айтсақ, БҚУ қазақ филологиясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиев «Қазіргі қазақ әдебиеті поэтикасы: дәстүр және жаңашылдық», философия (PhD) докторы Қамар Алдашева «Қазақыландырылған лексикалық менталды лексиконда шоғырлануының синергетикасы: пәнаралық модельдеудің әдістемелік платформасы», информатика кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Айгүл Медешева «Ашық білім беру кеңістігі жағдайында part-time оқыту» тақырыбындағы ғылыми жобаларға жетекшілік етеді.

20201102_182018
– Батыс Қазақстан аймағы ақын-жазушыларының ХХ және ХХІ ғасыр басында жарияланған шығармаларын зерттеу нысанына алып, қазіргі қазақ әдебиеті поэтикасының дәстүрлі және жаңашыл қырларын айқындауды мақсат етіп отырмыз. Зерттеу нәтижелері бойынша «Қазіргі қазақ әдебеті поэтикасы: дәстүр және жаңашылдық» деп аталатын екі томдық монография жазып, хрестоматиялар құрастырып, бір оқу бағдарламасын жасақтаймыз. Жоба шеңберінде жүргізілетін ғылыми зерттеулер нәтижелері шетелдік ғылыми журналдар мен халықаралық, республикалық конференциялар жинағында бірнеше мақала түрінде жарияланады. 2018-2020 жылдары «Әдеби өлкетану: рухани жаңғыру (Орал өңірі ақын-жазушыларының шығармашылық мұрасы. ХХ-ХХІ ғасырдың басы)» деп аталатын ғылыми жобамен жұмыстандық. Алғашқы зерттеу жұмысы бір облыстың көлемін қамтыса, енді еліміздің Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан аймағындағы қаламгерлер шығармашылығына үңілеміз, – деді грант жобасын жеңіп алғандардың бірі, БҚУ қазақ филологиясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиев.

Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале