14.12.2023, 18:00
Оқылды: 39

Махамбет университетінде Тәуелсіздік тағылымы талқыланды

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Тәуелсіздік тағылымы: келешек көкжиегі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Халқымыздың бостандығы мен дербес даму жолындағы сан ғасырлық күресінің нәтижесі тәуелсіздік құндылығын бағалауға, жастар мен болашақ ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтарды сіңіруге арналған конференция мақсатына жетті.

9374b2c2-2db1-4b50-9769-bc5eb261dfea

Конференцияға Қазақстанның бірнеше жоғары оқу орындарының оқытушылары (Орал, Семей, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе қалаларынан), қоғам қайраткерлері, жас ғалымдар, магистранттар мен студенттер қатысты.

Алдымен ҚР Тәуелсіздігі мерекесіне орай Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны орындалып, М.Өтемісов атындағы БҚУ ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Қажымұрат Ахмеденов құттықтау сөз сөйледі.

7f2ce48b-0b56-45f4-8777-deffb9fe4d21

Конференция модераторы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Бақтылы Боранбаева Кеңестер Одағының ыдырауынан кейін өзінің Тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасындағы ұлттық тарихты зерделеу, мемлекеттік идеялогияға, еліміздің жаһандық өркениеттегі қарышты қадамдарына тоқталып баяндамашыларға сөз берді.

883df7f9-e89a-4541-b1b3-afa4024debf2

Жұмыс барысында бүгінгі күнге дейін Тәуелсіз 32 жылдың ішінде алғашқы кезеңдегі дағдарыстардан кейінгі еліміз жеткен жетістіктер, ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы жер үшін күрестер, 1941-1945 жылдардағы тарих сахнасындағы ақтаңдақтар, 1986 жылғы желтоқсан азаттық қозғалысы және 1991 жылғы қыркүйек оқиғалары, қазіргі мемлекеттік жастар саясаты және тағы басқа да Тәуелсіздік жолындағы тарихи белестің маңызды мәселелері талқыланды.

Конференцияда онлайн және офлайн форматта баяндамашылар М.Өтемісов атындағы БҚУ аға оқытушысы, PhD философия докторы -  Назгүл Сабыргалиева, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы - Лесқали Бердіғожин, Шәкәрім университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты - Мұқтарбек Кәрімов, БҚО тарихи-өлкетану музейінің бөлімі М.Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі, ҚР Журналистер одағының мүшесі - Ахмедияр Батырханов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы - Гүлмира Уалиева, Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, №2 Мәртөк мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі - Айдана Дузбасова, Орал қалалық №41 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі - Орынгүл Жұмағалиева , М.Өтемісов атындағы БҚУ Тарих білім бағдарламасының 2-курс магистранты - Гүлшат Жолахова  қатысып баяндама жасады.

Пікір алмасу барысында конференция қонақтары ардагер, қоғам қайраткерлері Тихон Әліпқалиұлы, «Нарын қасіреті» қорының төрағасы Хайролла Сабиров, облыстық ардагерлер Кеңесі төрағасының орынбасары Әділгерей Ғаббас, БҚУ ардагерлер кеңесінің төрағасы Құсаинов Мерғали Серғазыұлы, филология ғылымдарының докторы Хасанов Ғабит Қайыржанұлы сөз сөйлеп, еліміздің тәуелсіздік жолындағы қилы тағдыры туралы ой бөлісті.

Батыс Желтоқсан қоғамының мүшесі, қоғам қайраткері Мұқтар Нұрланбаев қазақ жастарының азаттық күресі және тәуелсіздіктің ащы шындығын өзінің басынан өткерген тарихи оқиғалар мен оның куәгерлері арқылы өте әсерлі баяндап берді. Ол 1986 жылғы желтоқсан қозғалысы және 1991 жылғы қыркүйек оқиғаларын мектеп және оқу орындарының оқулықтарына енгізу керек деген пікір білдірді.

А. Байбулсинова

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале