26.05.2022, 9:15
Оқылды: 133

Мектеп шырайы

Әр ауылдың өзіне тән бір қасиеті, болмысы болатыны сияқты – қай мектептің де өзіндік әрі, сын-сипаты, мінез-құлқы, қолтаңбасы болады. Соны танымақ һәм қалың оқырманға таныстырмақ ниетпен «Мектеп шырайы» атты осынау жобаны қолға алдық. Мақсат – өмір бәйгесінде адамдық, қарапайымдылық пен тұрақты табандылық үлгісін көрсетіп отырған сәулелі білім ошақтарының келбетін ашу, тәжірибе сырларына үңілу. Халықаралық жарыстарға қатысып, жарып шықпаса да, халықтың шынайы алғысына бөлене білген мектептердің тынысын байқау, үніне құлақ түру, болмысын тану.

IMG-20220526-WA0001

Әлқисса, «Үзіліс» бүгін Шыңғырлау ауданындағы Алмаз ауылдық округіне қарасты Сегізсай ауылындағы Сегізсай негізгі мектебінен сыр шертпек.

Сегізсай саздары

Сегізсай деген атынан бастап алыстан әлдебір тылсым құпиясымен өзіне мұнарта тартқан бұл ауыл Оралдан Жымпитыға дейін әжептәуір жаңбырлатып барған бізді өткірлеу ескен желімен, асау бұлттары жұлына қарап алабұртқан аспан, ақшыл шаңдағымен қарсы алды. Ақтөбеге кететін керуенжолмен түбіне шейін тіп-тіке жетіп барып, оңға қарай сүйір бұрышпен кілт бұрылтатын,  сосын ойлы-қырлы жерлермен бес шақырымға ырғыта жүргізіп, екі-үш сайды кесе өткен соң ғана шөбінің қалыңдығынан қаракөктене ұйысқан әдемі белеңнің астынан дөңгеленіп шыға келетін Сегізсайдың отырысында, шынымен де, бағзыдан жеткендей көзге ыстық көрініс бар.

Аудан орталығынан 105 шақырым шалғайда шаруасын үйлестіріп, мығым отырған 40 үйлі  ауыл. Құмдақ жерге тән  екі шеті түйетайлы, ортасы ойыстана терең көсілген шолақтау  екі-үш көшені  бойлай орналасқан үйлер, маңқия қалған боямасыз ауыл. Тып-тыныш тұрмыс «менмұндалайды» тұс-тұстан. Кіреберіс шетте қатарласа салынған  қызылды-жасылды бір-екі «қаңылтырқора» (профлистті айтам) мен қасында шекшиген бір-екі үй-жайдан басқа «қожалық-можалық»   дегендерден де белгі байқалмайды. Қаймағы бұзылмағанның нағыз өзі! Ал мектебі енді осыкүнгілер «заманауи» деп атайтын соңғы үлгідегі ғимарат. Алдында Аққұмның аппақ қайыңдары қатар тізіліп, сәлем салып тұрған еңселі, күреңше мектеп ғимараты жатаған  ауылдың биігінен  баз бір заманда осы  жерде салыныпты делінетін Ақша Ханның сарайындай  маңғаз көрінеді.

Сарматтар мен сақтардың сарыны, Тарақты Табынның Жиембет бөлімінен шыққан Бисембіұлы (әкесі ел арасында Қарабатыр атанған) Бөкенбай батырдың кіндік қаны тамып, арыны сіңген, сол Бөкенбай батырдың немересі,  ХІХ ғасырдың бірінші жартысында орыс отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық көтерілістің көсемі болған даңқты қолбасшы Жоламан Тіленшіұлының жалын атқан сөздері мен атамекенін қызғыштай қорғаған сансыз ерлігі, осы жерді қоныс қылған бабалардың қабат-қабат сырлары сайларында мәңгі қатталған құйқалы  жердің топырағына алғаш табан тигенде, алдымен сезінгенім осы болды.

Манағы «сүйірбұрышты кілт бұрмадан» күтіп алған Шыңғырлау аудандық білім бөлімінің басшысы Қуаныш Есеновтың сөзімен айтқанда «көркемсөз оқу сайыстарына беттері жарық-жарық қарадомалақ балалар (осы сөзді бастықтың қандай жылулықпен  айтқанын естісеңіз!) қатысып,  жүлде алатын» мектеп ұжымымен шұрқырай амандастық. Бұрыннан таныс,  аралас-құралас адамдар сияқтымыз кәдімгі. Енді ше?  Сегізсайлықтардың өз мектептерін қалай сақтап қалғандары туралы мен естімедім бе, «Үміттің» «Үміт» болып тұрған  жылдарындағы дабысын бұлар естімеді дейсіз бе?!  Әңгімеміз қабысып жүре берді бірден. Бір-біріміз туралы көбірек білгіміз келеді. Олар менен тәжірибе сұрайды, мен олардан - сыр.

Өз әңгімелерімді айтпаймын,  олардан естіп-білгенімді,  түйген-сезгенімді, неден тебіреніп, неге  таңғалғанымды салып көрейін ортаға.

Басында айтып кеткенімдей Сегізсай – 40 үйлі шағын ауыл. Мектебінде 41 шәкірт дәріс алып жатыр. 20 мұғалім сабақ береді. Шағын ауылдарда көп кездесетін маманға тапшылық жоқ. Себебі ауылда интернет сайрап тұр, бұл – бір.

Бұл ауылдан адам көшпейді, керісінше, ел жиылып, асарлатып төрт тұрғын үй салып беріпті жаңадан келген мұғалімдерге арнап! Көрегендік пе – көрегендік!

Қандай қиындыққа да төтеп беріп, атақонысты көздің қарашығындай сақтау – бұл ауылға сол Бөкенбай, Жоламан батырлардан қалған дәстүр  сияқты. Қармап қалмаққа келген қалмақтарды қуып тастап,  орыстардың  әлімжеттік саясатына қарсы «шыбын жанды шүберекке түйіп», ғұмырларын шайқаспен өткізген ерлердің туған топырағы  тегін  деймісіз?

Тегін емес! 

Тегін емесін айтайын, 1972 жылы ашылып, содан бері мүлтіксіз істеп тұрған Сегізсай негізгі (яғни тоғызжылдық) мектебі  «стандарттан» 4 оқушыға кем болғаны себепті,  2008 жылы жабылып, бастауыш мектеп болып қалады. Содан екі жыл отырады осылай.

Бір ғажабы, жұмыссыз қалған мұғалімдердің біреуі де көшпепті сонда ауылдан. Бас­тауыштан жасы асқан балалар сай-сел болып, мекте­бі бар көрші ауылдарға  оқуға кетеді, Сегізсай қалады құлазып. «Әсіресе қыркүйектен бастап жетімсірейміз, өрістен мал келгенде алдынан толып қарсы алып, асыр салып шығатын балалар жоқ, үлкендер жүреді таяқ ұстап. Сол көрініс жанымызға бататын. Ауылды ауыл қылып тұратын – бала, баланы ауылда ұстайтын – мектеп екен ғой. Енді жаппай көшудің қатері төнді», – деп әңгімелейді өздері.

Сол кезде ауылдың бір топ белсенді азаматы, соның ішінде мектеп  мұғалімдері мен қызметкерлері атақонысты бірлесіп сақтап қалуға ұйғарым жасайды. Жол – біреу ғана! Ауылға балалар әкелу! Сол жылдары Қазақстанда жетім балалар мәселесіне  назар аударылып, отбасылық тәрбиеге беру бастамасы жаңа қолға алынып жатқан кез еді ғой.

Сонымен, тұстағы аудан басшысы Айболат Сейтақтың кеңесімен 2010 жылы бастауыш мектептің меңгерушісі Исмагулова Акмарал Тұмағалиқызы бастаған мұғалімдер,  ауыл тұрғындары болып панасыз балаларға пана, ал ауыл мектебіне  болашақ сыйлау мақсатында облыс орталығындағы  балалар үйіне жол тартады. Біреу емес, екеу  емес, тіпті бес-алтау да емес, бірден он төрт отбасы жолға шығады.

Ауызбіршілік, үн тастағанда соны қолдай білген ынтымақшылдық пен түсіністік болғаны қандай жақсы... Сол 14 отбасы ұлы бар, қызы бар, қаракөзі бар, қаракөз емесі бар – 17 баланы жетелеп алып келеді үйлеріне. Осыны әңгімелеген кезде ұжымның жүзінен бір бөлекше шырайды байқадым да отырдым. Азаматтық, азаматтық қана емес-ау, даналық сипаты сияқты. Сырт көз аңғарымпаз болады ғой... Жай ғана қоңыр дауыспен, әлде бір жүректен жеткен жып-жылы үнмен күмбірлейді бұл ауыл балалары  туралы сөз қозғалғанда. Тыңдап отырып тебіренесің,  жан толқиды.

– Барғанда  баланы біз таңдаймыз ғой деп ойлағанбыз. Керісінше, бала бізді таңдайды екен, – дейді олар сол бір өздері баланың таңдауынан өтіп, жылап қауышқан сәттің қуанышын бастан кешіріп отырғандай елжіреп.

Бірінің сөзін бірі ықыласпен ден қоя тыңдап, бас изесе қостап отыратындары қандай керемет дейсіз.

Айттым ғой, интернеті қылаусыз жұмыс істеп тұрса да, кездесуде телефон шұқылаған яки басты бос салып, немқұрайлы отырған бірі жоқ. Сөз тыңдай білуден басталады ғой, негізі, тәрбие атаулы...

– «Балалар ауылының»  кең залына төселген жұмсақ кілемде ата-аналар мен балалар қарама-қарсы тізіліп отырмыз. Көбісі қаракөз, құба өңді балалар. Көңілдері қалағаннан ба екен,  әлде жүректері сездіре ме, біртіндеп тұрып келіп ата-аналар жаққа шығып жатты. Мен отырмын. Әзірге ешкім жақындаған жоқ. Негізі,  қыз бала асырап алсам деп ойлап  барғам,  олай таңдауға болмайды екен. Байқаймын, арғы шетке таман отырған бір ұл мойнын созып, мен жаққа ұрлана қарап қояды. Екі қарады, үшіншісінде шыдамай мен де мойнымды созып, ымдап қасыма шақырдым. Балам жүгіріп келіп, алдыма жата кеткендегі сезімді енді айтып жеткізу мүмкін емес!  «Мама, мені алып кетуге келдіңіз ғой, ия? Бірге кетеміз бе? Қайсы, телефоныңды көрейінші!» деп бірден баурап әкеткенде енді бұл баладан айырыла алмайтынымды түсіндім. «Алып кетемін, балам» десем, «Ағам бар ғой менің,  оны қайтем?» деп мұңайып қалды бір кезде. Жолдасыма қоңырау шалып, жағдайды айтып ем, ол ағайындыларды айырмай, бірге алып келуге ақыл қосты. Ендігі мәселе,  ағасы ересектеу – 14  жаста  екен. Заң бойынша өзінен келісім сұрау керек. Сол жерде «Інім үшін қайда баруға да әзірмін» деген жауабын естіп, көз жасыма ерік бергенім әлі есімнен кетпейді. Қалай жыламайсың мұндайды көріп тұрып? – деген әңгімені естіп,  мен де қобалжып кеттім. Жаугершілік жоқ заманда жетім қозыдай түртінектеп өсіп жатқан жас буынның иығындағы салмақ жүрегіме түскендей ауыр тартты...

Төрт бала ғана  жетпей қалғанның зардабын екі жыл тартып, мектептің, мектепке қоса ауылдың орнын сипап қала жаздаған  Сегізсай осылайша 17 баланы көшіріп әкеліп, «Айды аспанға бір-ақ  шығарады». Негізгі мектеп қайта ашылып, өз балалары да улап-шулап қара орынға оралып,  оған бауырға басқан балапандары қосылып,  өмір өзгеріп жүре береді осылайша.

Өзгергенде де қызық өзгереді. Жаңа тыныс, жаңа құбылыс. Орал қаласындағы, үкімет қарауындағы балалар үйіндегідей жарқыраған жағдай қайдан болсын ауылдық жерде... Балалар көңілді, ән салып келе жатыр дейді Сегізсайға жеткенше. Үлкендердің жүзінде уайым, «Қаланың балалары біздің ауылдың тұрмысын көргенде шошып, кері қашпаса жарар еді» деп қорқып отырған көрінеді іштей.

Жоқ, бекер қорқыпты. Бала деген де әулие ғой, жылулықты көш жерден сезетін. Барын-барынша, жоғын-жоғынша  қабылдапты жаңа ұяларының. Ошақта маздап жанған от, мұржадан будақтап ұшқан  түтін,   тамызық үшін баклажкаға құйып әкеліп отынның қасына қоятын жер­майға шейін қызық көріп, жатсыну былай тұрсын, бірден үйреніп кеткен.

Патронат шарты бойынша он күннен соң   балалар үйіне бақылауға алып барғанда бір де бірі қалада қалып қоймай, түп-түгел ауылға қайтыпты! Одан бері бақандай он екі жыл өткен. Қазір бәрі ертегі сияқты. Алғашқы баспалдақтар, өздеріне тағдырларын сеніп тапсырып, «Бала боламын» деп келген жаутаңкөз  17 өмір,  сол 17 тағдырды жауапкершіліктеріне алып, аяқтарына тұрғызып жіберуге тәуекел еткен сегізсайлық 14 шаңырақ... Балалардың дастарқанға қойылған тамақты біреу алып кететіндей бас салып алдына жинап  алатын әдеттері де, әрқайсысының енді өз үйлері бар екенін түсінбей,  жатақханадағыдай бір үйге жиналып, асты бірге ішіп,  бірге қонып жүретіндері де, ер адамның барлығын шетінен «Папа» дейтіндері де біртіндеп  ұмытылған. Бұл ауылдың тектілігі сол, балаларға  соның бәрін өздері түсінгенше, бойларын үйреткенше уақыт беріп,  ыңғайымен жетелей білген.

Жалпы,  негізгі мектеп болған соң  түлектерінің шыққан биіктері, еңбектерінің нәтижесі сәл тасада қалып жатады, әрине. Десе де, «Үздік аттестаттың» іргетасы осы мектепте қаланған, таңдаған мамандықтарына ие болып, қияға ұшқан  түлектері баршылық.

Мектеп директоры Жетмекова Айгүл Мұхамбетқалиқызы (журналистік әдетпен тосындау естілген тегінің шығу тарихын сұрап қалып ем, дана ауылдың перзенті ғой, бүкпесіз әңгімелеп берді. Ол да сабағы бар әңгіме, кейінірек оралармын) да осы ауылдың төл перзенті, педагоги­калық ұжымның негізгі құрамында жергілікті мамандар еңбек етуде.

Он төрт баламен тоқтап қалмай,  бұл ауыл  арада біраз уақыт өтіп, алдыңғы балалары ержетіп, Қаратөбе гимназиясына,  одан кейін  жоғары оқу орындарына аттанған кезде тағы да 8 баланы бауырға басады. Бүгінде мектеп қабырғасында 5 «көйлекпен туған» бала оқып жүр, ішінде басқа ұлттың балалары да бар. Алалау, бөлелеу болмағасын, жатырқау,   шеттеу де жоқ бұл жерде. Келген бала тез бауыр басып кетеді де, Сегізсайдың тұрғынына айналады. Олай дейтінім, алдыңғы балалардың ауылдан кететін ойлары жоқ,  оқуларын аяқтап,  әскери борыштарын ақтап, (үкімет қаладан берген бір бөлмелі пәтерлері бола тұра) Сегізсайларына  оралып жатыр. Екі қызы (ұлттары орыс, есімдерін өздері қазақшалап алған)   қазақ жігіттеріне тұрмысқа шығып, ата-аналарына жиендерімен төркіндеп  келіп тұрады.

«Сол бір жылы балаларды тобымен қолымызға алған ортақ ісіміз бізді, ауыл тұрғындарын, мүлде біріктіріп жіберді, ұйымшылдығымыз артты, бір үйдің адамдарындай болып кеттік, – дейді сегізсайлықтар. – Біз бір-бірімізден ештеңе де жасырмай, бәрін ортаға салып, ақылдасып отырып,  ұжымдаса тәрбиеледік балаларымызды. Ақылды, мықты балалар. Өз балаларымыз олар... Бөлектігі жоқ, бірдей жақсы көреміз».

Ақжолтай балалардың сауабы ма, әйтеуір,  Сегізсайдың түтіні түзу – 2014 жылы жаңа ғимарат салынып,  бұрынғы құлағалы тұрған   ескі, апатты мектептен құтылған. Тіпті әлі күнге біраз мектеп интернетсіз отырғанда, мұнда сонау 2012 жылы-ақ бір компьютерлеріне  терминал қосып беріпті,  2014 жылы жаңа мектеп интернетімен қоса қолдарына тиген.

Көп ауылға әлі күнге арман болып отырған газды 2015 жылдан бері пайдалануда. Ал ана бір  «Ақбұлақ» деген құбырмен кіретін ауызсудан өздері бас тартыпты, зәм-зәм сулы шыңырау құдықтарымен аты шыққан Шыңғырлаудың Сегізсайы бола ма, өйтпесе! Онсыз да шарбақтарынан жеке құдықтарын қазып, суды баяғыда үйлеріне енгізіп қойған, енді қаладағыдай ванна жасап алуды ойластырып отырған ауыл «Ақбұлақтың» орнына сол қаржыға анау бұрмадағы 5 шақырым шоқалақ жолды асфальттап беруді сұрапты. Ол мәселе де шешілу қарсаңында сияқты, айтуларына қарағанда.

Мұнан басқа да бірде байқалып, бірде байқала бермейтін оң өзгерістер  көп көрінеді (тағдырларда, шаңырақтарда),  тек оны санап айтып,  айқайлату қазақ ғұрпына тән емес. Күбірлеп қана бағалап, іштей жадына түйеді. ...Осының бәрі игі тілекті, ізгі ниетті, кеңқолтық,  жомарт жүрек батырлар ауылына жауған сауаптың белгісі емес пе?

Орыс-қазағы аралас шағын мектептің балалары сөзді керім түсінеді ал. Тырп етпей, кірпік қақпай тыңдаған, намыс туралы айтсаң, көздері оттай жанып шыға келетін түрлерін көрудің өзі бір рахат. Ал Сегізсайда сол сындарлы жылдарда  мектеп басқарған, жас отау болса да, елмен бірге өздері де бала асырап алып, көшбасшылық мінез танытқан, бүгінде Алмаз ауылдық округінің әкімі Қалниязов Сағындық Орынғалиұлының әңгімесінен салмақты да өрелі ой  жүйе-жүйесімен  еседі.

«Жетімхана толған қазақтың балалары, олардың бәрінің тілі орысша... – дейді ол қайрат  тұнған отты жанарын алысқа қадап. – Тағдырдың алғашқы соққысынан жү­ректеріне мұз, жандарына тоң қатып қалған балалардың бізге келгеннен кейін де  үш жылды артқа салып  барып, әрең деп жібитініне,  сенім деген үлкен күштің орасан қиындықпен оралатынына талай  куә болдым...»

«...Сазы бөлек Сегізсайдың алда да  аймаққа  талай  даңқы тарайтын болар» деген ой келді Жұмбақ көлін аңыз қып  қойнауына жасырған Аққұмға алыстан көз салып, осы бір сойы бөлек, асыл тек ауылдан  аттанғалы тұрғанда. 25 қамкөңіл баланың көз жасын құрғатып, «жетімін жылатпағанның» шын  үлгісін көрсеткен бұл мектепте еркін ойлы, жайсаң мінезді, азамат балалар өсіп жатыр.

P.S. Енді манағы уағдам бойынша мектеп директоры Айгүл Мұхамбетқалиқызының тегіне байланысты тарихты өзінің рұқсатымен баяндап  берейін.

«Менің атамның аты – Дәулеткерей,  одан 1935, 1939 жылғы екі ұл.  Атамыз соғыстан оралмапты.  Қиын-қыстау заманда екі баламен жастай жесір қалған әжем Сусан деген кісіге тұрмысқа  шығады. Сусан жетім өсіп, Жетімек атанып кет­кен адамның  баласы екен. Арада бір қыздан басқа бала көрінбеген соң, жолдасының өтінішімен екі ұлды да соның атына жаздыруға келісім беріпті әжем. Сусан атаның руы – Айбас, Дәулеткерей атамыз – Табынның Қара Мөңкесі. Содан біз Айбасты да, Қара Мөңкені де туыс қыламыз.  Әкем Жетмеков Мұхамбетқали Сусанұлы деп жазылып жүрді құжаттарда, бірақ 2021 жылы 86 жасында қайтыс боларының алдында құлпытасына «Дәулеткерейұлы» деп жазуды өсиет қылды...» деген Айгүлдің әңгімесін естігенде тағы қайран қалдым. Шынымен де,  бір тылсым қасиет, ерекше тағдырлар тоғысқан жер екен ғой бұл өзі әуелден. Осы тарихты біле тұрып, тегін өзгертпей қалдыруы, осындай тегі бар қыз­дың мына бір тағдырлы да тәлімді мектепке басшы болуы – бәрінде  көзге көрінбейтін бір құпия байланыс бар сияқты...

Ауылдың іргесінен өтетін Қуағаш өзенінің атына тағы бір елең етіп,  Шыңғырлаудың Сегізсай атты сегізінші кереметінен ұзап бара жаттым.

 

Дариға Мұштанова,  

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы, Ы.Алтынсарин белгісінің иегері, ҚР Білім  беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Мәдениет саласының үздігі

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале