8.12.2020, 15:14
Оқылды: 166

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қызметті қолдаудың бірыңғай стандартын жасауды тапсырды

«Еріктілер ұйымдарына жүйелі қолдау көрсетіп, оларға арнайы гранттар бөлу жұмысын жалғастыру қажет. Биыл атқарылған игілікті істер осы жылмен ғана шектеліп қалмауға тиіс. Жақсы іс әрдайым жалғасын табуы керек. Осы орайда еріктілікті дамытудың жол картасын әзірлеу маңызды. Сондай-ақ, еріктілерді даярлауға арналған бағдарлама қажет. Еріктілер қызметін ұйымдастырудың басты талаптары мен ұстанымдарын айқындап алған жөн. Осы мақсатпен Волонтерлік қызметті қолдаудың бірыңғай стандартын жасауды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы Волонтер жылының жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде.

Тоқ1

ҚР Президенті волонтерлік – жай ғана әлеуметтік құбылыс емес екендігін баса айтты.

«Тіпті, бір күнде қалыптасатын әдет немесе дағды деуге де болмайды. Бұл – көптеген адамдардың саналы түрде таңдаған өмір салты. Қайырымдылық – адамның бала кезінен бойға сіңетін қасиет. Сондықтан, өскелең ұрпақты жастайынан жақсылық жасауға тәрбиелеу – өте маңызды міндет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте Мемлекет басшысы барлық білім мекемелерінде тақырыптық сабақтар мен факультативтік сағаттар енгізуді ұсынды.

«Қоғамға қызмет етуді зердесіне түйген ұл-қыздарымыз нағыз азамат болары анық. Дана Абай айтқан «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дәл қазіргі кезеңде ауадай қажет. Бұл асыл қасиеттер волонтер қатарына қосыламын деген әрбір жастың бойынан табылады деп сенемін», - деді ҚР Президенті.

inform.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале