5.12.2023, 19:43
Оқылды: 0

Мемлекет және қоғам қайраткері өмірден озды

Өмірінің 83 жасына қараған шағында мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Нәжімеден Ықсанұлы Есқалиев дүниеден озды.

IMG-20231205-WA0074

Ол қарапайым агрономнан Қазақстанның мемлекеттік басқару, партия ұйымдарының бірінші басшысына дейінгі үлкен еңбек жолдарынан, өмір мектебінен өткен еді. Қай салада еңбек етседе еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің нығаюына зор еңбек сіңірді.

Н.Ы.Есқалиев 1941 жылы 5 қыркүйекте Астрахан облысы, Краснояр ауданы, Бәйбек ауылында дүниеге келген еді. 1954 жылы Бәйбек жетіжылдық мектебін бітіргеннен кейін Астрахан педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, сол оқу орнын 1958 жылы аяқтады. 1958-1961 жылдары Астрахан облысы, Краснояр ауданының Бәйбек сегізжылдық мектебінде мұғалім болып, еңбек етті. Жоғары білім алуды көксеген жас жігіт 1961 жылы Алматы қаласына келіп, Қазақ ауыл шаруашылық институтына оқуға түседі. Институтта озат оқып, оны 1966 жылы агроном мамандығын алып аяқтайды. Оқу орнын тамамдаған соң жолдамамен Орал облысы, Жәнібек ауданы, «Талов» кеңшарына келіп, агроном-тұқым өсіруші қызметіне кіріседі. Еңбек ете жүріп СОКП қатарына мүше болып қабылданады. Арада бір жыл өткен соң, 1967 жылы «Талов» кеңшарының бас агрономы болып тағайындалған. Н.Есқалиев осы қызметін 1972 жылға дейін абыроймен атқарды. Одан әрі жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын жас маманның қызмет баспалдақтарымен өсу-өрлеу жылдары басталады. 1972 жылы Қазақстан Компартиясы Орал облыстық комитеті Нәжімеден Есқалиевті Жәнібек ауданы ауыл шаруашылық басқармасының бастығы етіп тағайындайды. Арада екі жыл өткенде ол Орал облыстық ауыл шаруашылық басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметіне жолданады.

1978-1980 жылдары Мәскеудегі Халық шаруашылығы академиясының тыңдаушысы болған. Академияны бітіргеннен кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Нәжімеден Ықсанұлы Есқалиевті Талдықорған облысына қызметке жолдайды. Ол мұнда үш жыл облыстық ауыл шаруашылық басқармасын басқарса, кейін екі жыл бойы Талдықорған аудандық аудандық партия комитетінің 1 хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Ал, 1985 жылы Орал облысына қызметке жіберілді. Н.Есқалиев мұнда Орал облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, әрі облыстық аграрлық – өнеркәсіптік бірлестік кеңесінің төрағасы қызметтерін қатар атқарған. 1986-1991 жылдары Орал облыстық партия комитетінің 1 хатшысы болды.

Нәжімеден Есқалиев 1989-1992 жылдарда Қазақстан Жоғарғы кеңесі, 11 шақырылымының депутаты және КСРО Халық депутаты болып сайланған.

1991-1992 жылдарда Орал облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы, 1992-1993 жылдары Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметтерін атқарды.

Ал,1993 жылы Нәжімеден Ықсанұлы Көкшетау облысының әкімі болып тағайындалады. Одан әрі қарай, Н.Есқалиевтің қызметі дипломатиялық арнаға бұрылады. 1994-1997 жылдарда ол Өзбекстан, Тәжікстан республикаларында Қазақстан Республикасының Төтенше және елшісі. 1997-1999 жылдары Қазақстан Республикасының Украина мен Молдовадағы Төтенше және Өкілетті елшісі болды.

Нәжімеден Ықсанұлы зейнет демалысына шықса да өзінің басшылық қызметтердегі өмірлік бай тәжірибесін өлкеміздің дамуына, кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақты тәрбиелеуге алқаусыз жұмсады.

Ақжайық өңірінің асыл азаматтарының бірі болған Нәжімеден Есқалиевтің дүние салуына орай, Есқалиевтер үшін ауыр қайғы болған осынау сәттерде марқұмның отбасына, тума-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Нәжімеден Ықсанұлын білген, қатар қызмет атқарған Жайық жұртшылығының есінде оның жарқын бейнесі ұзақ сақталады.

 

Батыс Қазақстан облысының әкімдігі 

Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты

Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесі

Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесі 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале