31.07.2026, 17:30
Оқылды: 14

Мемлекеттік байланыстың сенімді қызметі 

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фельдъегерлік қызметіне – 35 жыл 

Биыл Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің құрылғанына 35 жыл толады.  Осы жылдар ішінде фельдъерлік қызмет тәуелсіз Қазақстанмен бірге қалыптасу және даму жолдарынан өтіп, мемлекеттік құрылымдар арасындағы қызметтік, аса маңызды және құпия хат-хабарларды қауіпсіз әрі  уақтылы  жеткізуді  қамтамасыз  ететін  мемлекеттік басқару жүйесінің сенімді институтына айналды. 

2fa1821b-e964-48da-9b89-e755a06f0a32

Фельдъегерлік қызметтің мамандары мемлекет алға қойған тапсырмаларды мүлтіксіз орындап келеді. Бұл қызмет туралы көпшілік біле бермейді. Алайда сала қызметкерлері жүктелген міндеттің мемлекеттік маңызы барын жақсы  түсінеді.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялағаннан кейін егемен мемлекеттің талаптарына толық жауап беретін ұлттық мемлекеттік фельдъегерлік байланыс жүйесін қалыптастыру қажеттілігі туды. Бұл қызметтің негізін  бұрыннан, кеңес заманында қызмет еткен фельдъегерлік байланыс бөлімшелері, білікті мамандар және кеңестік кезеңде жинақталған мол тәжірибе құрады. Осылайша 1991 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін араға үш күн салып, 20 желтоқсан күні Министрлер кабинетінің қаулысымен сол кездегі Байланыс министрлігінің жанынан мемлекеттік фельдъегерлік қызмет құрылды. Бұл қызметтің алғашқы жылдары тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуының күрделі кезеңімен тұспа-тұс келді. Елде жаңа мемлекеттік институттар құрылып, мемлекеттік басқару жүйесі жетілдірілді, ұлттық заңнамалық және нормативтік-құқықтық негіз қалыптасты. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің басты міндеттерінің бірі – мемлекеттік құрылымдар арасындағы ресми құжат айналымының үздіксіздігін, қауіпсіздігін және сенімділігін қамтамасыз ету. Осы кезеңде Алматы қаласы ерекше рөл атқарды. Қызметтің орталық аппараты дәл осы қалада орналасып, тәуелсіз еліміздің алғашқы мемлекеттік құжаттарының басым бөлігі осы жер арқылы  жеткізілді.

Ел астанасының Ақмола қаласына (қазіргі Астана) көшірілуі Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет тарихындағы жаңа кезеңнің басталуына жол ашты. Жоғары мемлекеттік билік құрылымдарымен бірге қызметтің орталық аппараты да жаңа астанаға қоныс аударды. Бұл мемлекеттік фельдъегерлік байланыс жүйесінің жаңа әкімшілік-саяси жағдайда үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Кейінгі жылдары қызметтің ұйымдық құрылымы мен құқықтық негізі кезең-кезеңімен жетілдірілді. 1999 жылы Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет Қазақстан Республикасының Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі агенттігінің қарауына берілді. Ал 2002 жылдан бастап ҚР Үкіметі аппаратының құрылымында өз қызметін жүзеге асыруда. Бұл институционалдық өзгерістер қызметтің мемлекеттік басқару жүйесіндегі орны мен рөлін одан әрі нығайтып, оның қызметінің тиімділігін арттыруға ықпал етті.

Осы күндері еліміздің мемлекеттік фельдъегерлік қызметі орталық аппарат пен еліміздің барлық өңіріндегі аумақтық бөлімшелерден тұратын біртұтас орталықтандырылған жүйе болып табылады. Қызмет бірыңғай басқару қағидаттарына негізделіп, құпиялылық режімнің қатаң сақталуын, жоғары атқарушылық тәртіпті және әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Қызметтің материалдық-техникалық әлеуеті де уақыт талабына сай тұрақты түрде жетілдірілуде. Жеткізу бағыттары оңтайландырылып, арнайы көлік құралдары жаңартылып, мемлекеттік хат-хабарларды тасымалдау кезінде бақылау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдері енгізілуде. Мұндай жағдай көрсетілетін қызметтердің сенімділігі мен жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің негізгі қағидаттары өзгеріссіз қалып отыр. Олар – жеделдік, сенімділік, құпиялылық және жауапкершілік. Дәл осы қағидаттар қызметтің бүкіл тарихында мемлекет тарапынан көрсетілетін жоғары сенімнің негізіне  айналды.

Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің басты байлығы –  қызметкерлері. Бірнеше буын мамандардың жоғары кәсібилігі, қызметтік борышқа адалдығы, жауапкершілігі мен мінсіз тәртібінің арқасында фельдъегерлік байланыстың үздік дәстүрлері сақталып, ұрпақтар сабақтастығы үзілмеді. Бүгінде бұл дәстүрлер жас мамандарды тәрбиелеудің және кәсіби шеберлікті жетілдірудің ұйытқысына айналып отыр. Мерейтой қарсаңында қызметтің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіледі. Олардың қажырлы еңбегі, мол тәжірибесі мен кәсіби білімі Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің бүгінгі жетістіктерінің берік іргетасын қалады. Ардагерлердің өнегелі жолы жас қызметкерлер үшін адал қызмет пен кәсіби жауапкершіліктің жарқын үлгісі болып қала береді. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет өзіне жүктелген мемлекеттік міндеттерді жоғары жауапкершілікпен орындап келеді. Осылайша сала қызметкерлері мемлекеттік хат-хабарлардың қауіпсіз, сенімді және уақтылы жеткізілуін қамтамасыз етіп, мемлекеттік құрылымдар қызметінің тұрақты жұмыс істеуіне,  еліміздің ұлттық және ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуға  елеулі  үлес  қосуда.

d48865f7-6a35-4504-8f1f-a9db7c06126b

Алдағы кезеңде де мемлекеттік фельдъегерлік қызмет мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған реформаларды іске асыруға белсенді қатысады. Сондай-ақ өз қызметінің тиімділігін арттыруға, материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға және кәсіби кадрлық әлеуетін дамытуға басымдық береді. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет өзінің басты миссиясы – мемлекеттік хат-хабарлардың қауіпсіз әрі кепілді жеткізілуін қамтамасыз етуге адал қызмет етеді. Бұл – мемлекеттік құрылымдардың үздіксіз қызметінің, мемлекеттік құпиялардың қорғалуының және еліміздің ұлттық қауіпсіздігінің маңызды кепілі. Осы орайда барша әріптесіме биылғы 35 жылдық мерейтой құтты болсын деймін. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фельдъегерлік қызметіне тұрақты даму, жаңа жетістіктер, ал жеке құрамына зор денсаулық, амандық, бақ-береке және ел игілігі жолындағы жауапты қызметтеріне толағай табыс  тілеймін.

Талғат Есеналин,

Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет басқармасының бастығы,

фельдъегерлік қызмет полковнигі,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале