10.10.2022, 10:31
Оқылды: 74

Мемлекеттік қызметтің сапасы маңызды

Облыстық қоғамдық кеңестің отырысында мемлекеттік қызмет сапасы бойынша 2022 жылдың 8 айындағы жұмыс нәтижесі қаралды. Аталмыш жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрлан Нұрсұлтан, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ БҚО филиалының басшысы Нәдір Құрымбаев және облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов қатысты.

483478ea-a421-45c1-9cea-357935c8ca94

Аталған департаменттің басшысы Мұрат Байсаловтың баяндауынша,  мониторинг қорытындысына сәйкес өңірде жергілікті атқарушы құрылымдар 170 қызмет түрінің 97%-ын электронды үлгіде ұсынған. Яки қағаз түрінде көрсетілетін қызмет саны азайып келеді. Бақылау іс-шаралары бойынша 1 208 заңбұзушылық анықталған. Оның 67%-ы (815) заңнамада көзделмеген құжаттарды талап етуге қатысты. Ең көп заңбұзушылық жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, сәулет және қала құрылысы салаларында орын алған. Мемлекеттік құрылымдарға заңбұзушылықтарды жою, оның себеп-салдарын анықтау мақсатында 25 ұйғарым жолданды. Өзіне тиесілі міндетті орындамаған 14 лауазымды тұлға 1 000 000 теңге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

– Жыл басынан облыстық және аудандық қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесіп, 55 мекеме бойынша мемлекеттік қызмет сапасына қоғамдық бақылау жүргізіліп, тиімділікті арттыру бойынша 50 ұсыныс жолданды. Осы жұмыстың нәтижесінде бірқатар мәселе анықталды. Мәселен, мемлекеттік қызметкерлердің біліктілік курстарынан өтпегені байқалды. Осыған байланысты бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Ең алдымен – адамдар» атты оқыту бағдарламасы іске асты. Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында осы бағдарлама бойынша қызмет көрсетушілердің 127-сі оқудан өтті. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсететін орындардың техникалық жабдықталуына жүргізілген талдау қорытындысында жергілікті атқарушы құрылымдардың компьютерлік паркінің 33%-ы (1 546-ның 518-і) жүйелік талаптарға сәйкес келмеуі және компьютерлердің 24%-ы (1 546-ның 367-сі) ескіргені анықталды, – деді Мұрат Сейілбекұлы.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрлан Нұрсұлтан азаматтардың электронды қызметтерге қол жеткізуі үшін облыс бойынша 369 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылғанын айтты. Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы арқылы 2022 жыл­дың бірінші жартыжылдығында 40 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген.

– 2022 жылдың 6 айында облыста жергілікті атқарушы құрылымдар 2 205 381 мемлекеттік қызмет көрсетсе, соның ішінде электронды түрдегі қызмет саны 2 147 313 немес 97,4% болды. 2021 жылмен салыстырғанда электронды қызмет үлесі 2%-ға артты. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жұмыстар жалғасын табады, – деді басқарма басшысы.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ БҚО филиалының басшысы Нәдір Құрымбаев Қазақстан жеріне, соның ішінде Орал қаласына ағылып келген ресейлік азаматтарға да мемлекеттік қызмет көрсетілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қызмет көрсету бөлімдерінде 2022 жылдың 22 қыркүйек пен 3 қазан аралығында ресейліктерге жеке сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру бойынша 8383 қызмет көрсетілген.

Осы тұста қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрлан Сәдір: «Кейбір мемлекеттік қызмет көрсететін орындарда интернет желісінің сапасы неліктен төмен?» деген сауал қойды. «Белгілі бір аумақта интернет жиілігі қолданушылар санына байланысты болады. Ал қолданушылардың саны артқан кезде байланыс нашарлайды. Көбіне ақпараттық жүйедегі ақау салдарынан байланыс сапасы төмендейді» деп жауап берді Нұрлан Нұрсұлтан. Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Біржан Кухаев мамыр айындағы баяндамаларда айтылған халыққа қызмет көрсету орталықтарын терминалдармен, түскі үзілісте жұмыс істейтін кассалармен жабдық­тау жайын сұрады. Бұған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ БҚО филиалының басшысы Нәдір Шамұратұлы жауап берді.

– Халыққа қызмет көрсету орталықтарына «Кaspi» терминалдары орнатылды. Қазіргі таңда QR код арқылы төлем жасайды. Сонымен қатар «Казпошта» кассалары тұрақты жұмыс істеп тұр, – деді ол.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале