14.12.2021, 11:00
Оқылды: 124

Мерейтой қарсаңындағы сессия

Кеше облыстық мәслихаттың сегізінші сессиясы өтті. Сессияға облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты.

Күн тәртібінде «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» мәселе қаралып, онда облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрия Ғайтпаева баяндама жасады. Спикердің мәлімдеуінше, 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджеттің жобасы қолданыстағы ҚР Бюджет кодексіне сәйкес, өңіріміздің 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттік параметрлердің болжамы негізінде әзірленген. «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы және жергілікті атқарушы құрылымдармен жасалатын бағдарламалық құжаттар да ескерілген.

d6f2140c-305a-4587-b6be-80c966593be9
-2022 жылға арналған облыстық бюджеттің өзіндік кірістері 80,3 млрд. теңге көлемінде жоспарланып отырса, оның 218,3 млрд. теңгесі трансферттік, 25,1 млрд. теңгесі басқа да түсімдерден қалыптасады. Осылайша биылғы облыстық бюджет түсімдер мен шығыстар бойынша 323,6 млрд. теңгені құраса, бұл көрсеткіш -2023 жылға 165,7 млрд. теңге, 2024 жылға - 169,8 млрд. теңге шамасында айқындалды. Жергілікті бюджеттің негізгі бағыттары - әлеуметтік қолдауды, денсаулық сақтауды және білім беруді жақсарту болып табылады. Нақтырақ айтсақ, инвестициялық жобаларды іске асыруды ескере отырып, әлеуметтік салаға 158,1 млрд. теңге немесе жалпы бюджеттің 48,9 %-ы жұмсалады. Оның ішінде, білім беруге 134,6 млрд. теңге (Казталовка ауданында - 1, Бәйтерек ауданында - 2 мектеп құрылысын аяқтауға және Казталов ауданының Жұлдыз ауылындағы білім ошағының құрылысын жалғастыруға) бөлінсе, денсаулық сақтау саласына 4 млрд., әлеуметтік қамтамасыз етуге 11,8 млрд, мәдениет, спорт, туризм, мұрағат, жастар саясаты мен ақпараттық кеңістікке 7,7 млрд. теңге қарастырылды.

07767993-6024-48c2-9012-100acb476c8a
Осы ретте, ауыл және орман шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, ветеринария мен жер қатынастарын дамытуға 21,2 млрд теңге, ал кәсіпкерлік қызметті қолдауға 2,7 млрд теңге бөлінгендігін де айта кетелік. Сонымен бірге 21 млрд. теңге көлеміндегі қаржы тұрғын үй құрылысына, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға, елді мекендерді сумен қамтуға және газдандыруға босатылды. Қазіргі таңда облысымызда жолдарды күтіп ұстау, күрделі һәм орташа жөндеу және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша да жұмыстар жалғасуда. Бұл мақсатқа 20,9 млрд. теңге бөлінді, - деді Нұрия Ханзадақызы.

dc989443-1ae9-4548-a77e-3aa492f73765
Сессияда депутаттар күн тәртібіне шығарылған өзге де маңызды мәселелерді қарап, бірауыздан мақұлдады. Олардың ішінде «Nur Otan» партиясынан сайланған депутат Тілек Шектебаевтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы облыстық сайлау комиссиясының ұсынысы да бар.
Бұдан әрі мәслихат жиыны Тәуелсіздік тойының лебі сезілгендей, қуанышты іс-шарамен жалғасты. Өңір басшысы Ғали Есқалиев алғашқы кезекте «Белес-Агро» ЖШС директоры Мұрат Жәкібаев пен Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевке «Құрмет» орденін табыстаса, облыс әкімінің жаңа орынбасары Тілепберген Каюпов Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов және «Отау-Алан» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Ляна Тұрсынова «Ерен еңбегі үшін» медалін өңіріне тақты. Ал енді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-журналист, білім беру және мәдениет саласының майталманы Дариға Мұштанова «ҚР Тәуелсіздігіне - 30 жыл» мерекелік медалін иеленді. Тағы үш жерлесіміз Вячеслав Иночкин, Анита Трегуб және Дариға Мұштанова Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың алғысхатымен марапатталды.
Сондай-ақ өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өздерінің лайықты үлестерін қосқан Б.Ахметовке, Н.Сәтбаевқа, В.Москаленкоға, А.Көлгіновке, Д.Елеусіновке және В.Жүнісовке «Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсыныс халық қалаулылары тарапынан қолдау тапты. Әрі осы күні табысты еңбегімен танылып жүрген өңіріміздегі отызға жуық азаматы Батыс Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.

3d85f8dc-7513-4dfa-bb34-a5cb916dd636
Өз кезегінде облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы күн тәртібіндегі мәселелердің қай-қайсысын болмасын, түсіністікпен қабылдап, қолдау білдіргендері үшін депутаттарға шынайы алғысын жеткізді. Әр цифрдың артында үлкен істер мен талқылаулар тұрғанын, мұның бәрі өзара ауызбіршіліктің көрінісі екенін де жасырып қалмады.
-Береке басы – бірлік. Қай кезде де ұйымшылдығымыз бен іскерлігімізден жазбай, туған өлкеміздің туын биік ұстауға біркісідей атсалысайық. Бүгінгі марапат иелерінің бәрі де осынау құрметке сондай-ақ адал еңбектерімен қол жеткізіп отыр. Әркез мерейлеріңіз тасып, мәртебелеріңіз биіктей берсін, жерлестер! Сіздің қуаныштарыңыз ұжымға, отбасына және барша батысқазақстандықтарға ортақ қуаныш, - деді Ғали Есқалиев сөз түйінінде.

0933b397-9f3e-4c6d-b4ea-bec59bf91883

Айта кетелік, ҚР Үкіметінің «Қазақстан Республикасының 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеті туралы» Заңын жүзеге асыру туралы Қаулысы әлі шықпауына байланысты сессия «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешімнің жобасын бекітуді кейінге қалдырды. Яғни ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы Заңының аясында және мәслихат регламентінде көрсетілген мерзімнен аспайтын уақытқа үзіліс жариялады.

Бауыржан Махутұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале