11.03.2020, 17:50
Оқылды: 87

Мөлдіретіп жыр жазып жүр, Ақ Жайықта бір ару

   Қолына қалам алып, қағазға көңіл шерімен қоса қоғам дертін түсіріп және оны әлеуметтік желіге жүйелі жүктеп жүрген Гаухар Шайхиниязованы өңіріміздің біраз тұрғыны жақсы біледі. Бүгінде бір әулеттің ұйытқысы, сыйлы келін, адал жар, қос перзенттің аяулы анасы бола білген ол «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы  қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі қызметін де абыроймен атқарып келеді.

Gauxar

Теректі ауданындағы Подстепный ауылында дүниеге келген Гаухар Жәрдемқызы сол ауылдағы қазақ орта мектебін тәмамдаған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ филологиясы факультетіне оқуға түсуді армандаған бойжеткен  аталмыш оқу орнында грант негізінде білім алу үшін оған бір балл ғана жетпей қалған екен.

– Сол кезде жан дүнием алай-дүлей болды. Мүлдем оқуға бармаймын деп қырсығып отырып алдым. Содан әкем марқұм «Қызым, бұлай болмайды. Қыз бала міндетті түрде білім алуы тиіс. Армандаған оқуға түспегенің – өмірдің жәй ғана сәтсіздігі. Әлі талай мақсатыңа жетесің» деді. Сол сөзден кейін өзіме деген ренішім тарқап, құжаттарымды жинағанда тамыз айының аяғы болды. М. Өтемісов атындағы БҚМУ-ға оқуға тапсыруға барсам, құжат қабылдау мерзімі бітіп қалыпты. Сосын Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық академиясының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне ақылы негізде оқуға қабылдандым. Сабақ үлгерімімнің көрсеткіші жоғары және қоғамдық жұмыстарға белсене араласқанымды ескерген ұстаздарым мен оқу  орнының  басшылығы екінші курста грант негізінде білім алуға ауыстырды. Алдымен сол жерде магистратураны да тәмамдадым, – дейді ол.

Белсенді студенттердің бірі болған Гаухар жоғары оқу орнын тәмамдаған соң «Nur Otan» партиясы облыстық филиалына кеңесші болып қызметке орналасады. Кейін партияның қоғамдық-саяси бөлімінде, бүгінде қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі атанды. Ол қоғамдық қабылдауға арыз-шағым айтып, мұң-мұқтажын жеткізе келген тұрғындардың мәселесіне бейжай қараған емес. Өтініштерін тиісті мекеме басшылары мен халық қалаулыларына  айтып, кездесулер ұйымдастырады. Барар жері, басар тауы қалмай, соңғы үмітін «Nur Otan» партиясы облыстық филиалына арқалап келген жандардың мәселесінің оң шешімін табуына ықпал еткен сәттер де аз емес. Тіпті жүрегі нәзік бойжеткен қоғамдық қабылдауға келіп, мұңын айтып, көз жасына ерік берген аналармен қосыла жылап, олармен бірге уайымдап, мәселенің шешімін асыға күтетін жағдайлар да жиі кездеседі. Жуырда тұрмыстың тауқыметін тартқан ананың мұң-зарын тыңдаған ол «Жылама, апа» өлеңін арнап, оған рухани дем беріп еді.

Гаухардың бойындағы ерекше қасиет ол – өн-бойына дарыған өлең жазу өнері.

Алтыншы сыныптан бастап тырнақалды туындыларын жаза бастаған ол студент атанғанда ақын, ұстаз, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпаз-жүлдегері Талап Таймасұлынан дәріс алады.  Әрі «Ақ берен» жас ақындар мектебіне қабылданып, қара сөздің қадірін түсіне бастайды. Ұйқас құраудың әдіс-тәсілдерін меңгереді. Облыстық  «Жұбан оқуларына», Хамза Есенжанов атындағы жыр мүшәйраларына қатысып, жүлдегер-жеңімпаз да атанған. Қызметке орналасқан соң тұрмысқа шығады. Жұбайы Руслан – Ақжайық ауданы Мерген ауылының тумасы. Олар Теректі ауданының Подстепный ауылында шаңырақтың үлкендерімен бірге тұрады. Кейіпкеріміздің айтуынша, оның қандай да бір жетістікке жеткені, уайымсыз қызмет етіп жүргені  екінші анасының, яғни енесінің арқасы. Өйткені Санжар мен Ислам есімді қос ұлы қырқынан шыққаннан бері әжесінің бауырында тәрбиеленіп келеді. Қолы қалт етсе, дәмді тағамдар пісіріп, ағайын-туғандардың басын қосып, мереке ұйымдастыруға бейім тұратын Гаухар бүгінде әулеттің сыйлы келіні. Ол бала күтімімен үйде отырған кезде жан тебіренісін өлең шумақтарымен  блокнот бетіне түсіруді  әдетке айналдырған.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын сол кездегі басшым, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен шақырып алып, «Гаухар, сенің өлең жазатыныңды білемін. Жазған жыр шумақтарыңды әлеуметтік желіге жүктеп, газеттерге неге жарияламайсың? Алматыда студент болып жүрген кезімде жатақханада Сырдарияның жігітімен бірге тұрдым. Ол ауылдан келгенде өлең жазылған бір чемодан дәптер алып келді. Өлеңдерін оқып қарасам, тым тәуір кітап шығаруға болады. «Жүр, Жазушылар үйіне барып, баспаға берейік» десем, әлгі жігіт азар да безер болып, басын алып қашады. Өте ұяң еді. Содан төртінші курсты тәмамдағанда сол чемоданымен ауылына кетті. Мүмкін ақын не болмаса газетте редактор болып отырған шығар деп кейде ғаламтордан аты-жөнін жазып іздеймін. Бірақ ол туралы ешқандай дерек жоқ. Сондықтан өнеріңді жарыққа шығармай, «тұншықтыратын» болсаң, талантыңа балта шапқаның» деді. Сол сөз менің жігерімді жаныды. Қазір өлеңдерімді әлеуметтік желіге жүктеп тұрамын. Сөз өнерінің бағасын білетін әлеуметтік желідегі достарым пікірлерін білдіреді.  Өлең өлкесіндегі алғашқы ұстазым деп Талап Таймасұлын санаймын, – дейді ол.

Еңбекқор жан бүгінде облыс тұрғындарының арыз-шағымына бейжай қарамай, сала мамандарымен кездесулер ұйымдастыратын «Nur Otan» партиясы облыстық филиалындағы қызметімен қоса, Орал қалалық мектептен тыс жұмыс орталығы жанындағы «Ақ берен» жас ақындар мектебінде қосымша білім беру ұстазы болып еңбек етіп жүр. Сондай-ақ ол М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дағы құқықтану факультетінің 4-курс студенті. Бар ой-қиялын, арман-аңсарын өлеңге айқара ашатын Гаухар Жәрдемқызына әрдайым сәттілік серік болғай дейміз.

                                                                 Гүлсезім Бияшева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале