10.12.2021, 9:10
Оқылды: 134

Мұғалім жазған хаттың ізімен

Мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндерге қалам ұстатып, әріп танытып жүрген Рысгүл апайдың мұғалім болып еңбек етіп жүргеніне 30 жыл болыпты. Еліміз тәуелсіздік алып жатқан елең-алаң кезде кейіпкеріміз де өзінің сүйікті мамандығы бойынша алғашқы еңбек жолын бастайды. 

1

1991 жыл. Алғаш қабылдаған 1-сыныбы. Сырым ауданының Жаңаөңір мектебі. Сол кездегі ауыл балаларының ұяңдығы, ұстазға деген ерекше құрметі жас маманның жанына жылулық сыйлайды. Кішкентай шәкірттерінің  мұғалімнің қас-қабағына қарап, берілген тапсырманы лезде орындауға тырысатыны кейіпкерімнің есінде ұмытылмастай сақталып қалыпты. Одан бері де жылдардың ағысымен жүздеген шәкіртке білім сыйлап, өмір жолына шығарып салды. Бірақ шәкірттері есейіп кетсе де, олардың бүлдіршін кезі ұстаздың әлі күнге көз алдында қалып  қойыпты.

– Алғаш қабылдаған оқушыларымның сауатын ашу үшін  уақытпен санаспай жұмыс істедім. Ол кезде түнімен отырып, көрнекіліктің бәрін қолдан жасайтын едік. Ақ түсті, түрлі-түсті қағаздар мен бояуды сатып алып, әріптерді әдемі түске бояп,  тыным таппайтынбыз. 42 әріпті қолмен ойып, жасаймыз. Ол әріптерді қайтсек бала тез жаттайды деп ойланып, А әрпінің үстіне алма, Г әрпінің үстіне гүл салатынбыз. Ертеңіне түнімен жасаған «шедеврларымызды» тақтаға ілгенде, сыныптың іші жарқырап кеткендей болатын өзімізге. Шәкірттеріміз де соған қуанып, әріптерді жарыса айтып,  мәз болушы еді. Тоқсаныншы жылдардың басында мұғалімнің беделі жоғары еді. Шәкірттеріміз алдымызды кесіп өтпек түгілі, бізді көрсе, тығылып, үйінен шықпай қоятын.  Ол кездегі ата-аналар да өзгеше болды. Мұғалімді ерекше қадір тұтатын, – деп әңгімесін бастады Рысгүл апай.

2012 жылы қалаға жақын жерге қоныс аударған ол қазіргі күнде Подстепный орта мектебінде еңбек етіп жүр. Әр сыныптағы 25 баланың деңгейі әртүрлі. Сондықтан мұғалім сабақ үлгерімі төмендеу балалармен қосымша жұмыс істегенді жөн көреді. Алайда мектеп үш ауысымда оқитындықтан, сынып бөлмелерінің бос болмауы мұғалімнің жұмысына кедергі келтіреді екен.

– Мектеп жарық, жылы. Заман талабына сай жабдықталған. Сынып бөлмелері де кең. Бірақ балаларға тар болып тұр. Спорт залының өзінде бір мезгілде үш сынып сабақ өткізуге мәжбүрміз. Факультатив, үйірме сабақтарын дәлізде өткіземіз. Негізгі сабақтарымызды сыныпта оқимыз да, музыка, дене шынықтыру сабақтарын мектеп залында өткіземіз. Ауыл балаларының сабаққа ынтасы да жаман емес. Тек мектептің тарлығы жұмысымызға әсер етуде, – дейді тәжірибелі мұғалім.

«Қағазбастылық көбеймесе, азайған жоқ»

Отыз жылын шәкірттерге арнаған мұғалім қағазбастылықтың әлі дендеп тұрғанын жасырмады. Бұрын тек көрнекілік жасап, шығармашылықпен айналысса, қазір түрлі мәліметтер мен кестелер толтырудан қолы босамайтынын айтып қалды.

– Біз қағазбастылықтан арылған жоқпыз. А4 форматындағы қағазды толтырып сатып алып, жеткізе алмаймыз. Оқушыларға қосымша тапсырмалар шығарумен бірге сынып жетекшінің міндетіндегі тізімді толтырамыз. Кейде кейбір шәкірттерімізге мән бермей қалып жатамыз. Өйткені күндіз-түні  қағазбен алысып кеттік, – дейді өз ойын ірікпей айтатын мұғалім.

Кейіпкерім заман талабына сай мұғалім болу мақсатында үнемі өзін дамытып, жетілдіріп отырғанды жөн кө­реді. Әрдайым ізденісте жүретін ұстаз сүйікті мамандығына сөз келгенін қаламайды. Кейде қазіргі кезді отыз жыл бұрынғымен салыстырып, мұғалімдер мен шәкірттердің ерекше қарқынмен алға жылжып келе жатқанын еріксіз мойындайды.

– Қазіргі заман керемет. Қалаған нәрсеңнің бәрі бар. Әр сабағыңды  ертегі әлемі жасасаң да, космоста тұрғандай қылып өткізсем десең де мүмкіндік бар. Бұрынғыдай түнімен қағаз ойып, көрнекілік жасамаймыз. Дайын нәрсенің бәрі интернетте тұр.

Оқушылар кез келген ақпаратты смартфон арқылы тауып алады. Сондықтан да әр сабағымды жаңаша өткізіп, заман легінен қалмауға тырысып, бағамыз,– дейді Рысгүл Ерғазықызы.

Тәжірибелі ұстаз қазіргі оқу­шылардың кітап оқу белсенділігі төмен екенін жасырмайды. Мектеп партасына әріп пен санды танып, қосу мен азайтуды біліп келгенімен, кітап оқуға оқушылар аса құштар емес екен. Дегенмен ақпараттық  технология заманында қолдарына титтейінен телефон ұстап өскен оқушылардың жан-жақты екенін мойындамасқа болмайды, – дейді кейіпкеріміз.

– Алғашқы шәкірттерім мектепалды даярлық сыныбында оқыған  жоқ. Сондық­тан да олардың оқуға, жазуға деген дағдылары төмен болды. Қазір­гі балалардың басым бөлігі мектепке дайын болып келеді. Бірақ алғашқы шәкірттерімде кітап оқуға құштарлық басым болды, – дейді ұстаз.

Тәжірибелі ұстаздың алдынан өткен шәкірттердің арасында «Алтын белгіге» ие болғандар да аз емес. Шәкірттерінің біразы өзі секілді мұғалім мамандығын таңдапты. Кейіпкеріміздің алдынан әр жылдары білім алған Асылзада Уахитова Сырым ауданындағы Қадыр мырза Әли атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Сәндігүл Ихсанова Бөрлі ауданының Ақсай қаласында орталық аудандық кітапхана меңгерушісі, Бибігүл Оңалиева М. Қаналиев атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек  етуде.

Жауапкершілігі мол, әрдайым ізденісте жүретін білімді, тәжірибелі мұғалімнің бағасы қай кезде жоғары. Сондықтан ата-аналардың басым бөлігі өз баласының бастауыш сыныпта Рысгүл Ерғазықызынан білім алғанын қалайды. Сонау жылдары Сырым ауданында жүрген кездері кей ата-аналар жасы жетпеген балаларын да Рысгүл мұғалімге беруге асығыпты.

2

Жаңаша білім беруге ұмтылып, қажыр-қайратын аямай жүргенмен де әр нәрсенің сұрауы бар. Күндіз-түні компьютерден бас көтере алмай отыратын кездер болады кейде. Сондайда денсаулықтың сыр бере бастағаны байқалады. Бұл тек біздің кейіпкерімізге емес, барлық мұғалімге таныс жағдай.

– Мұндайда бейнетіміздің зейнетін көрмей қаламыз ба деген ой мазалайды. Мұғалімдердің басым бөлігі – әйелдер. Сондықтан халық қалаулылары әйел адамдардың  зейнетке ерте шығуына жағдай жасаса деп армандаймыз, – дейді Рысгүл апай.

Р.S. Редакцияға мұғалім жазған бір хаттың ізімен бір мақала жазылды. Бұл мақала бір мұғалім туралы болғанымен, біраз  мұғалімге ортақ мәселелер де айтылды. Ендеше, сіз де «Үзіліс» арнайы бетіне хат жазып, «Орал  өңірі» газетінің тұрақты оқырманы болуға асығыңыз, мұғалім!

Гүлжамал  Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале