24.10.2023, 9:45
Оқылды: 42

Мүмкіндігі шексіздердің фестивалі өтті

Жуырда «Атамекен» өнер ордасында «Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ХХV облыстық шығармашылық фестивалі өтті.

IMG_4498

Осыдан екі ай бұрын әр ауданда ұйымдастырылған байқаудың мақсаты – өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық әлеуетін арттыру, қоғам­мен байланысын нығайту. Аталған фестивальға аудандық және қалалық кезеңде жеңімпаз атанған 16 жастан асқан 50 азамат қатысты. Олар «Эстрадалық вокал», «Үздік жасампаз» және «Музыкалық аспапта ойнау» аталымдары бойынша бақтарын сынап, өз өнерлерін көрсетті.

IMG_4512

Іс-шараға келгендер алдымен көрмені тамашалады. Мұнда «Үздік жасампаз» аталымына қатысушылардың өздері жасаған қолөнер бұйымдары қойылған. Осынау жандардың туындыларының арасынан ағаш заттарға көзіміз түсті. Круглоозерный арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы қызмет алушылардың жасаған бұйымдары екен.

IMG_4537

Орталықтағы еңбек терапия нұсқаушысы Айдана Жаманбаеваның айтуынша, бұл заттар түрлі көлемде станок құрылғылардың көмегімен ағаштан дайындалады. Мұндағы бұйымдардың кейбірін қызмет алушы 26 жастағы Ержан Асқаров құрастырған. Ол орталыққа 2015 жылы келген. Сол уақыттан бері қолөнер туындыларын жасауға әуес. Сонымен қатар Жаңақала ауданының Саркөл ауылынан келген Жанғали Сапиевтің электр қуаты арқылы тербелетін бесігі мен өнер ордасының сыртындағы шағын тракторы көпшілікті таңқалдырды. Өзі оқушы кезінен аутокөліктің құралдарынан жаңа дүние құрастырып шығарғанды ұнатады екен.

IMG_4500

Ал жұртты қызықтырған шағын тракторын бүгінде ауылында шаруашылыққа пайдаланып жүр. Соны 2 айдың ішінде құрастырыпты. 37 жастағы Жанғали Асылбекұлы бос уақытында ауыл тұрғындарының аутокөліктерін де жөндеп беретін көрінеді. Көрме барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мүгедектермен жұмыстану бөлімінің басшысы Миргүл Құрманбаева қатысушыларға шығармашылық жетістік тіледі.

IMG_4474

– Облыстық фестиваль дәстүрлі түрде биыл да өз деңгейінде өтуде. Жыл сайын қазан айында «Мейірбандық күндері» атты облыстық қайырымдылық айлығы болады. «Жүректен жүрекке» акциясы аясында ұйымдастырылған шығармашылық байқаудың маңызы зор деп есептеймін. Биыл шілде айында әлеуметтік кодекс қолданысқа енгізілді. Онда әлеуметтік мәселелер көтеріліп, қосымша шаралар қарастырылған. Енді менталды ауытқуы бар балалар санаторий-курорттарға тегін емделуге жіберілмек және бірге барған ата-анасына 70 пайыз кепілдендірілген қаражат бөлінбек. Осындай қолдау-көмектің жасалуы көңіл қуантады. Алдағы күндеріңізге сәттілік тілеймін, – деді Миргүл Абуханқызы.

Әрі қарай іс-шара концерт залында жалғасты. Кеш қонақтарының қатарында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов болды.

– Қадірлі жерлестер, сіздерді мейірбандық айлығымен құттықтаймын! Қайырымдылық айлығы аясында қаламыздағы қарияларға, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған іс-шаралар ретімен жүзеге асуда. Алда келе жатқан Республика күні құтты болсын! Отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Кез келген қиындықты бірге жеңейік, – деген Бақытжан Хаберұлы «Үздік жасампаздарды» марапаттады.

IMG_4595

Одан соң «Эстрадалық вокал» мен «Музыкалық аспапта ойнау» аталымына қатысушылар сахнада өнерлерін көрсет­ті.

Олар түрлі әндерді шырқап, ас­паптарын шеберлікпен ойнап, жиналғандарға ерекше әсер сыйлады. Кеш соңында өнер көрсеткендерге «Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмажан Қожжанов алғысхат табыстады.

Айта кетейік, биыл облыстық шығармашылық фестивальдың 25 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шарада қатысушылар бірдей марапат пен ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Аманжол Исламғали,

Фото: Мәди Салық

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале