30.07.2024, 16:45
Оқылды: 202

Мұрат Сердалин: «Тайпақтың қарбызына сұраныс керім!»

Ақжайық ауданында ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтардың қатары жылма-жыл артуда. 2014 жылы ауданда 645 шаруа қожалығы тіркелсе, қазір 1 221 ШҚ жұмыс істейді. Соның 1 129-ы мал өсіріп, қалғаны өсімдік шаруашылығын қолға алған.

27E685D5-3402-4CDF-BF41-52E2ACC0D02E

– Ауданда мал басында және мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде тұрақты өсім байқалады. Биылғы 1 маусымға дейін 5145,0 тонна ет, 9570,1 тонна сүт, 1000,3 мың дана жұмыртқа өндірілді. Осы саланы дамытуға бағытталған бағдарламалардың арқасында шаруашылықтардың белсенділігі артуда. Қазір ірі қараның 70,4%-ы, ұсақ малдың 52,8%-ы, жылқының 76,3%-ы агроқұрылымдардың қолында. Қазіргідей бәсекелестік заманында малдың саны емес, сапасына сұраныс өсіп келеді. Осыдан он жыл бұрын ауданда асыл тұқымды ірі қара малды тек 5 шаруашылық өсірген еді. Қазір олардың саны 154-ке жетіп, 31 есе өсті. Асыл тұқымды жылқылар өсіретін шаруашылықтар қанат жаюда. Сонымен қатар асыл тұқымды қой өсіретін агроқұрылымдардың саны 20-ға жетті. Биыл шаруашылықтар асыл тұқымды 1251 бас ірі қара (138 бас бұқа, 1113 бас қашар) сатып алды, – деп баяндады аудан әкімі Мұрат Сердалин өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Баяндамашының мәліметінше, ауданда жұмыс істейтін 35 ауыл шаруашылығы өндірістік коо­перативінің 5-еуі сүтті бағыттағы мал шаруашылығымен, 2-еуі өсімдік шаруашылығымен, 28-і ірі қара және қой малын тұқымдық түрлендірумен айналысады. Бұл кооперативтерде 811 мүше болса, иеліктерінде 6 575 бас ірі қара, 3 679 бас қой-ешкі тіркелген. Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы  109 кәсіпкер 781,1 млн теңге несие алған.

– Ақжайық ауданы табиғи-климаттық жағдайына орай тәуекелді-егіншілік белдеуде орналасқан. Жиі қайталанатын қуаңшылық салдарынан егін егу экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Алайда ауданның агроқұрылымдары табиғатқа тәуелділікті азайту мақсатында жаңбырлатып суару құрылғыларын орнатуда. Осылайша малазықтық дақылдар мен жемдік мақсаттағы жаздық бидай егуді қолға алды. Ауданда картоп, көкөніс өндіруге басымдық берілуде. Былтыр 930 гектарға  бақша дақылдары егіліп,  22 мың тонна өнім жиналды. Бұл ретте ауданымызда өсірілетін, аудан брендіне айналған «Тайпақ қарбызын» атап өту керек. Орал, Атырау қалаларының базарларында, облыс аудандарында Тайпақтың қарбызына сұраныс керім! Қарбыз-қауын өсірумен Алмалы, Тайпақ, Чапаев  ауылдық округтерінде 40-қа жуық шаруашылық айналысады. Бау-бақшамен айналысатын шаруашылықтардың 84%-ы тамшылатып суару әдісін қолданып, мол өнім алуда, – деп атап өтті Мұрат Аманкелдіұлы.

Соңғы жылдары суармалы жерлерде малазықтық дақылдар өсіретін ақжайықтық шаруалар жаңбырлатқыш қондырғыларды  пайдалануға көшкен. Мәселен, былтыр Сарытоғай ауылдық округіне қарасты «Жәрдем» шаруа қожалығы барабан үлгісіндегі бір қондырғысын және «Мұқадес» ШҚ екі «Атлантик» жаңбырлатқыш қондырғы сатып алған. Бударин ауылдық округіндегі «Ақжайық-Агро» ЖШС бес дана «Bauer» айналмалы жаңбырлатқыш қондырғысымен 500 га жаздық бидай алқабын суаруда. Бүгінгі күнге аудандағы суарылатын алқаптың көлемі –  1560 гектар. Былтыр  шаруашылықтар осы салаға 2,2 млрд  теңге инвестиция тартса, биылғы алты айдағы бұл қаражаттың көлемі 666 млн теңгеге жеткен.

Мұрат Аманкелдіұлының мәліметінше, биылғы ауа  райының қолайсыздығынан шөп шығымы төмен. Алдағы мал қыстағына 172 мың шартты мал басы кіруі мүмкін. Осы түлікке 314,1 мың тонна шөп, 34,3 мың тонна жем және  500 мың тонна сүрлем қажет.

Аудан көлемінде бір рулонның орташа бағасы 5000-8000 теңге аралығында.

Ауданда су шаруашылығы нысандарын түгелдеу, құжаттарын рәсімдеу толығымен аяқталған. 16 көлтабан мен бір суландыру каналы аудандық коммуналдық меншіктен республикалық меншікке өтіпті. Ақжайық атырабында жалпы көлемі 55 022 гектар суармалы көлтабандар болса, соның аумағы 39 629 гектар 24 көлтабан Жайық-Көшім суландыру жүйесіне кіреді. Қазір Аяқ су қоймасын және Азнабай-Тайпақ суландыру  жүйесін қалпына келтіру жалғасуда. Жобаға сәйкес 43,3 шақырым канал мен 12 тоған қалпына келтіріліп, тазаланады.

Аудан әкімі Алғабас, Бударин, Жаңабұлақ, Чапаев, Мерген, Ақжол, Ақсуат, Алмалы, Тайпақ ауылдық округтерінің аумағында  киік жайылатынын айтты. Әр округтегі олардың нобайы әрдайым өзгеріп отыратындықтан, шамамен 50-3000 бас аралығында. Аудан басшысы дала ерекесінің шаруашылықтардың шабындық жерлерін таптап, зиянын тигізуі өзекті болып отыр деді.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале