29.06.2021, 9:56
Оқылды: 332

Мұсылман елдері неге артта қалды?

Ислам – ғылымға, білімге ұмтылуды көздейтін дін. Құранға көз жүгіртсеңіз, ғылымда ізденуге не болмаса оны зерттеуге тыйым салатын аят не сүре жоқ. Керісінше, Жаратушы әлемді адамзаттың игілігі үшін зерттеуге, пайдалануға үндейді.

 мүс

Ислам әлемінде ғылым IX ғасырларда Аристотельдің философиясы, Платонның жаратылыстану бағытындағы еңбектерін мұсылмандық көзқараста араб тіліне аударудан бастау алды. Антикалық философиядан мұсылман фәлсафасы жарыққа шықты. Орта ғасырларда Орта Азияда  мұсылман ғалымдарынан Ибн Сина 500-ге жуық еңбек жазғандығы тарихи деректерде кездеседі. Алайда қазіргі таңда 240 кітабы ғана сақталған. Небәрі елу жеті жыл өмір сүрсе де, ғылымның бүкіл саласына үлес қосқан оның есімі адамзат санасынан жоғалмады.

Әбу Насыр әл-Фараби әлемге әйгілі Аристотельден кейінгі екінші ұстаз (Му‛аллим сәни) ретінде танылды. Табиғатқа, адамзатқа қатысты ауқымды зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 200-ге жуық трактат жазып үлгерді. Оның ішінде музыка саласына да зор үлес қосып, оның теориясы мен тарихы жөніндегі зерттеулерінде әл-Фараби көптеген ойшылдардан асып түсті.

Әл-Хорезми – 780 жылы туып, 850 жылы дүниеден өткен атақты ғалым. Оның математика саласындағы ғылыми жұмыстары еуропалықтарды әлі де таңқалдыруда. Адамзат тарихында бірінші рет «нөл» (0) деген санды ойлап тапқан болатын. Сондай-ақ оның ғылыми еңбектерінің ішінде «Әл-Джабр Уәл-Муғабиле» кейінгі уақытта батыс ғалымдары тарапынан «Алгебра» деп өзгертілген. Социологияда Ибн Халдун, астрономия ғылымында Бируни десек, химия саласында Ибн Хайян алдыңғы орында  болған.

Жалпы тарих сахнасында ислам мәдениетінің батыс қоғамымен алғаш рет бетпе-бет келуі орта ғасырларда басталды. Мұсылман әлемі Еуропаға Испания арқылы сауда-саттық, экономика, мәдениет ықпалын арттырып отырды. Кейіннен еуропалықтар ислам ғалымдарының оқулықтарымен танысып, өз тілдеріне аударумен  айналысты.

Соның ішінде Ибн Синаның медицина саласына жазған оқулықтарын, әл-Фарабидің философия, ислам мәдениеті, мемлекет басқару жүйесіне қатысты еңбектерін зерттей бастады. Батыс елдері осының арқасында бүгінде технологиясы дамыған  елдердің  қатарынан орын алды.

Бір өкініштісі, исламдағы ғылыми ізденістер XIV ғасырға дейін жалғасты. Араб халқы жаратылыстану бағытында сол заманның пәтуәшылары сөзіне еріп, дамымай қалды. Жаратылыстану бағытындағы пәндерді оқып дамытудан алшақтап, сол заманғы саяси топ басшыларының теріс әрекеттерінің кесірінен субьективті ойлауға, иждихадқа тыйым салды. Бұның нәтижесі мұсылмандардың ой белсенділігін, интелектуалдық ізденістер мен сыни тұрғыдан талдау жасауын шектеуге алып келді.

Бір сөзбен айтқанда, ислам дінінде ғылым-білім ізденушілерге ешқашан шектеу салынбаған, қайта аса құрмет көрсетілген. Ал бүгінде көп жағдай кері көрініс тапты. Деструктивті діни ағымды ұстанушылардың кесірінен ислам діні ойлау механизмін шектейтін, білім мен ғылымның дұшпаны ретінде бағалануда. Ислам атын жамылған жат ағымдардың өкілдері мұсылман әлемін осылайша артта қалдырды.

 

Ерлан Тілекұлы,

дін мәселелерін зерттеу орталығының

қауымдастықпен қарым-қатынас бойынша маманы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале